Қызылорда облысының тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бірқатар салада өсім бар екенін көрсетіп отыр. Жыл басынан бері облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары 543 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Оның ішінде пайдалы қазбаларды өндіру – 5,3, тау-кен өндіру өнеркәсібінде қызмет көрсету – 13,6 және өңдеу өнеркәсібі 12,6%-ға артқан.
Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру – 2,6, өзге де бейметалл минералдық өнімдерді өндіру 2 есеге ұлғайыпты. Тамақ өнімдерін өндіру саласы – 12,5, ал машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату – 48,4, жиһаз өндіру 20,6%-ға көбейген. Химия өнеркәсібі өнімдері, кокс және мұнай өңдеу, резеңке және пластмасса бұйымдарды өндіру де едәуір артқандықтан өңдеу өнеркәсібінің өсімі 12,6 пайызға жетті. Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі саласында 123,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті.
Аймақтың даму қарқынын сипаттайтын ең маңызды көрсеткіштерінің бірі инвестиция тарту екендігі анық. Жыл басынан бері өңір экономикасына 186,4 млрд теңгенің инвестициясы салынған. Қаржы тарту Data Center ғимараты, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тұрғын үйлер құрылысы, жолдар, сумен жабдықтау, Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылыс-монтаждау жұмыстары есебінен артып отыр.
Қаңтар-қыркүйек айларында жалпы құны 63,1 млрд теңге болатын құрылыс жұмыстары жүзеге асырылған. Оның ішінде 502,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс қарқынының өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір артқаны байқалады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 119,9 млрд теңгеге жетіп, былтырғыдан артты. Тоғыз ай ішінде өңірде жалпы есеппен тірі салмақта 26,9 мың тонна мал және құс еті, 66,7 мың тонна сүт, 5,7 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Биыл тұрғындарды, оның ішінде жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге баса мән берілді. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жүйелі ұйымдастырылды. Есепті кезеңде 25 033 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 12 372-сі тұрақты.
Өңір экономикасының дамуына ықпал ететін тағы бір сала – шағын және орта кәсіпкерлік. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,6%-ға артып, 50 596-ға жетті. Бұған бизнеске бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары әсер еткенін айта кетуіміз керек. Жалпы биыл аймақта бизнесті дамытуға шамамен 23,8 млрд теңге бағытталды.