Қазақ ғылымының тұңғышы – Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының (ҚазҒЗВИ) құрылғанына 2021 жылдың 15 қаңтарында 116 жыл толды.
Тәуелсіздік жылдары аралығында ҚазҒЗВИ 100 жылдық мерейтойы аталып өтті, бұл ел тарихына Қазақстанның естелік пошталық маркасымен енді (тиражы 1 миллионнан аса дана). Мұндай марканың еліміздің ветеринария құрметіне шығарылуы ТМД-да алғаш рет болды. 2013 жылы институт қызметкерлерінің бастамасымен, дәстүрлі қазақ қоғамындағы медицинаның символына сәйкес ұлы ғалым Ш.Уәлихановтың еңбегіне «От тазартатын қасиетке ие, екі оттың арасынан өткізіп тазартады. Қазақтарда тазарту рәсімі «аластау» деп аталады. Қыстақтан көшетін кезде олар екі оттың арасынан көшіп өтеді» деп сілтеме жасай отырып, Қазақстанда вакциналық алдын алудың 100 жылдығына арналған пошталық марканың үлгісі жасалды. Макет Денсаулық сақтау министрлігімен бекітіліп, «Қазпошта» АҚ-ға жариялауға берілді. «Қазпошта» АҚ 2015 жылдың 15 қаңтарында 10 мың дана тиражбен пошталық көркем маркасын қолданысқа шығарды.
Қазақстанның табысты экономикалық дамуы ғылымға да оң әсерін тигізді жаңа технологияларды дамытуға, жануарлардың әртүрлі ауруын балаудың тиімді құралдары мен әдістерін жасауға мемлекет жеткілікті қаражат бөледі. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында «Бірыңғай зертханалық желіні құру» бағдарламасын бекітті, оны жүзеге асыру барысында институт күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Зертханалық жануарларды ұстауға және өсіруге арналған жаңа виварий, хлоратор салынды, институттың барлық ғимараты күрделі жөндеуден өтті, инженерлік желілер ауыстырылды және жоғары әдістемелік деңгейде, далалық және зертханалық жағдайда, күрделі және жоспарлы талдау әдістерін қолдана отырып, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін, халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. ҚазҒЗВИ құрал-жабдықтары аттестаттаудан өтті, нәтижелердің сенімділігінің жоғары деңгейін растайтын сәйкестік сертификаттары бар.
Институт МемСТ ИСО/МЭК 17025-2019 талаптарына сәйкес сынау орталығы ретінде аккредиттелді, оның аккредитация ауқымына жануарлардың 30-дан астам жұқпалы ауруларының диагностикасы (серологиялық, бактериологиялық, молекулалы-генетикалық, паразитологиялық, вирусологиялық), барлық ветеринариялық препараттардың сапасын анықтау, жануарлардан және өсімдіктерден алынатын өнімдер мен шикізатта ГМА, антибиотиктерді, ет өнімдерінің фальсификациясын анықтау кіреді; МемСТ ISO/IEC 17043-2013 сәйкес 6 аса қауіпті инфекцияларды зертханалық балау (балаудың 14 әдісі) бойынша біліктілікті тексеру провайдері ретінде аккредитациядан өтті. II, III, IV топтардағы патогенді микроорганизмдермен және гельминттермен тәжірибелік, диагностикалық және өндірістік жұмыстар жүргізуге, Денсаулық сақтау министрлігінің Режимдік комиссиясының рұқсаты, институттың кәсіби құзыреттілігін растайтын куәліктері мен мемлекеттік лицензиялары бар. Ветеринариялық препараттарды өндіру үшін GMP EC сертификаты алынды.
ҚазҒЗВИ-де республикалық маңызы бар режимдік нысан статусында жұмыс істеуге арналған барлық құжаты бар. Аккредитациядан өту, Елбасы Н.Назарбаевтың «экологиялық таза өнімдер өндірісінің көшбасшысы болу және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жалғастыру» деген үндеуі бойынша мақсатқа сай жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық рұқсат беру құжаттары ғылыми ұжымның жоғары кәсіпқойлығын мойындауға, яғни ҚазҒЗВИ-ді зертханалық сынақтардың сенімділігінің кепілі ретінде тануға айналды. Мұның артында аккредиттеудің халықаралық және ұлттық талаптарына сәйкес институттың бүкіл ғылыми қызметі мен құрылымын жаңғырту бойынша үлкен еңбек жатыр.
Қазіргі кезде институттың құрылымдық бөлімшелерінде 10 ғылым докторы, 30 ғылым кандидаты, 3 PhD, 44 магистр жұмыс жасайды.
Институт қызметкерлерінің инфекция ошақтарында жаңа оқшауланған қоздырғыштардың түрлерін анықтауда, өнімді штамдарды алу мен іріктеуде, жергілікті, иммунологиялық белсенді штамдарды қолдана отырып, бактерияға қарсы және вирусқа қарсы препараттарды жасауда мол тәжірибесі бар.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде институт 741 қорғау құжатын (өнертабысқа патенттер, пайдалы модельдерге патенттер, ғылым туындыларына куәліктер) алды. 1992 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Ел тарихында алғаш рет ҚР Патенттік Заңын қабылдады. Аталған заңды әзірлеу жөніндегі Үкіметтік жұмыс тобына ҚазҒЗВИ қызметкері кірді. Бұл заң оның басылып шыққан алғашқы күндерінен бастап қазіргі уақытқа дейін өз күшіне ие. Заң бірнеше рет басылып шықты, бірақ бастапқы шығарылымды шамалы өзгерістермен сақтап қалды.
Нәтижесінде, институт бірегей тәжірибе жинады. Қазақстанның ветеринария ғылымының тарихында тұңғыш рет ҚазҒЗВИ біздің ғалымдар әзірлеген биопрепараттарды пайдалану құқығына 6 лицензия сатты. Соңғы жылдары институт Қазақстанның ветеринариялық препараттар тізілімінде 20-дан астам препаратты тіркеді және олар сәтті енгізіліп келеді. Бюджеттен тыс қызметтен түсетін кірісті арттыру мақсатында ҚазҒЗВИ бюджеттік бағдарлама бойынша түрлі байқауға үнемі қатысады. Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Республикалық ветеринариялық зертханасының тендері аясында ҚазҒЗВИ жылқылардың эпизоотиялық лимфангитін, қошқардың инфекциялық эпидидимитін және жануарлардың трипаносомозын диагностикалауға арналған жиынтықтарды, жануарлар бруцеллезін диагностикалау кезіндегі пластинкалы агглютинация реакциясына арналған Роз-бенгал антигенін, биелердің сальмонеллезді түсігіне қарсы вакцинаны тапсырады. Институт препараттары шетелде де сұранысқа ие. Мысалы, 2010 жылы Әзербайжанға мына диагностикумдар жеткізілді: жануарлар бруцеллезін диагностикалауға арналған розбенгал-антиген және сүтқоректілерге арналған ППД-туберкулин; 2019 жылы Ресей Федерациясына «Иммунофарм» иммуномодуляторы, қошқардың инфекциялық эпидидитін диагностикалауға арналған жинақ жеткізілді. Институт ғалымдары ветеринариялық қолайлылықты қамтамасыз ету және эпизоотияға қарсы іс-шаралардың ғылыми негізделген жүйелерін енгізу мақсатында жеке фермерлік шаруашылықтармен келісімшарттар жасайды, атап айтқанда республикамыздың 14 облысының шаруашылық субъектілері етқоректілер эхинококкозын емдеуге және алдын алуға арналған препаратын (ЭхиноSTOP) сатып алды.
Институт Қазақстан Республикасы мал шаруашылығының ветеринариялық қолайлылығын қамтамасыз етуге ғылыми қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда институтта аусыл ауруымен күресудің жаңа стратегиясы дайындалып, шетелдік сарапшылардың, соның ішінде Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ), отандық ғалымдар мен мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттарының, сонымен қатар тәжірибелік ветеринариялық мамандардың жан-жақты талдауынан кейін тәжірибеге енгізілді. Аурумен күресу стратегиясы аясында вакцина қолданғаннан кейін, ҚазҒЗВИ-дің аусылдың эпизоотиялық жағдайына жүргізген мониторингі, Қазақстанда 2013 жылдың мамыр айынан бастап аусылдың клиникалық түрі анықталмағанын және аусыл вирусының таралу белгілерінің жоқ екенін көрсетті. Облыстарға сәйкес келетін ХЭБ статусын алу үшін, аусыл бойынша қолайлы эпизоотиялық жағдайға байланысты 9 облыс аумағына вакциналаусыз аусылдан таза аймақ ретінде құжаттама, сондай-ақ 5 облыс аумағына вакциналаумен аусылдан таза аймақ ретінде құжаттама дайындалды. Мұндай халықаралық дәреженің берілуі, Қазақстанға жануарларды, шикізат пен малшаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретіні өте маңызды. Біздің еліміз үшін қол жеткізілген дәреженің арқасында өзіміздің жануарлар мен өнімдерімізді көрші Ресей аумағына экспорттай алатынымыз да маңызды.
Қазақстанды аусыл ауруы бойынша қолайлы эпизоотиялық жағдайы бар аумақ ретінде халықаралық мойындауы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитеті қойған міндетке сәйкес келеді. Аусыл ауруының таралуымен күресуде ҚазҒЗВИ-дің қол жеткізген жетістігі Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды, өйткені аусыл ауруынан миллиардтаған теңге шығынға ұшырауы мүмкін. Аусыл ауруы бұл жер сілкінісі, су тасқыны немесе дауыл сияқты табиғи апаттардан экономикалық шығыны бойынша он есе артатын биологиялық апат. Мысалы, Тайваньда 1997 жылы 6 мыңнан астам аусыл ауруы ошағы пайда болып, 4 миллионнан астам шошқа жойылып, 10 млрд долларға жуық шығын келді. Ұлыбритания 2001 жылы О типті аусыл эпизоотиясынан 12 млрд доллар көлемінде шығынға ұшырады.
Сонымен қатар Қазақстанның ветеринария ғылымы мен тәжірибесінде алғаш рет ауылшаруашылық жануарларының жұқпалы ауруларын диагностикалау мен алдын алудың жаңа әдістерін қолдана отырып, Стратегиялар дайындалып, олар ветеринариялық тәжірибеге сәтті енгізілуде (құтырықпен күресу, аусылдың алдын алу, шошқалардың африкалық обасының алдын алу, эхинококкоз девастациясы, ұсақ күйіс малдарының обасы (ЧМЖ) бойынша эпизоотиялық жағдайын бақылау стратегиясы, нодулярлы дерматитпен күресу бойынша); аусыл, бруцеллез және лейкоз ауруларын бақылауға арналған Ұлттық бағдарламалар дайындалды.
Институт халықаралық талаптарға сәйкес келетін ғылыми зерттеулер жүргізеді, мұны Қазақстан аумағының аусыл ауруы, жылқылардың африкалық обасы және классикалық шошқа обасы бойынша таза статусы жөніндегі ХЭБ берген 13 сертификаттары куәландырады. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағының ІҚМ контагиозды плевропневмониясынан таза статусын алуға арналған Досье қарастырылуда. ХЭБ сайтында шошқаның африкалық обасы мен құс тұмауынан қолайлылық туралы өзін-өзі декларациялау жарияланды.
Алғаш рет «Қазақстан Республикасы аумағындағы сібір жарасы ауруының топырақтық ошақтарының кадастры» жасалынып, жарияланды. Бұл еліміз облыстарының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, 2016 және 2017 жылдардағы сібір жарасының белгісіз көмінділерін сараптау кезіндегі институт қызметкерлерінің жұмыс нәтижелері негізінде құрастырылды. Кадастрда сібір жарасы көмінділері бойынша өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі мәліметтер бар.
Институт алыс және жақын шетелдердің 17 ғылыми-зерттеу институттарымен (Қытай, Франция, Ұлыбритания, Италия, Бельгия, Франция, Польша, Швейцария, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан) бірлесіп қызмет етеді. Тек соңғы 3 жылдың ішінде институттың 36 жас ғалымы Швейцария, Англия, Франция, Грузия, Польша, Сербия, Оңтүстік Корея, Испания, Түркия, Украина, Ресей елдерінің жетекші шетелдік мекемелерінде, АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау департаментінің (CDC) қолданбалы эпидемиология курстарында тағылымдамадан өтті. Қазіргі уақытта ҒЗЖ орындауға 6 алыс шетелдің ҒЗУ ғалымдары (Франция, Париж, Халықаралық эпизоотикалық бюро; Ұлыбритания, Пирбрайт институты; Швейцария, Цюрих университетінің факультеті Ветсуис эпидемиология институты; Польша, Пулава қ., Ұлттық ветеринариялық зерттеу институты; Бельгия, Брюссель қ., Sciensano Институты; Ұлыбритания, Вейбридж қ. Жануарлар мен өсімдіктер денсаулығын қорғау Агенттігі (АРНА)) қатысуда. Ньюкасл ауруы, құс тұмауы, ірі қара малдың лейкозы бойынша ХЭБ аймақтық референттік зертханасы мәртебесін алу мақсатында ХЭБ эгидасымен 2 твиннинг жоба орындалуда.
Қазіргі таңда докторантурада 9 жас қызметкер оқиды, оның ішінде 1-еуі – Швейцарияда, Цюрих университетінің гранты есебінен; төртеуі ҚазҰАУ докторанты бола отырып, Пирбрайт институтында (Ұлыбритания); Ұлттық ветеринарлық зерттеу институтында (Польша) жұмыс істейді; төртеуі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқиды. Екі қызметкер ЖДБҒЗИ (Ресей) аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғады, біреуі ҚазҰАУ докторантурасын аяқтады және диссертациялық жұмысты алдын ала қорғаудан өтті.
Институт базасында, ҚР БжҒМ «Ғылым қоры» ҒТҚН коммерциялизациялау жобалары аясында, Қазақ ҒЗВИ ғалымдары әзірлеген препараттар өндірісін және технологияларын орындау желілері жасалды.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін насихаттау, оларды тәжірибеге енгізу мақсатында, тәжірибелік ветеринариялық қызмет өкілдерінің және ҚР Мәжіліс пен Сенат депутаттарының қатысуымен семинар-отырыстар өткізілді. Институт базасында Nur Otan партиясының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша комиссияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Құру» сырттай отырысы өткізілді.
Облыстар, аудандар, ауылдық округтер және эпизоотиялық бірліктер шеңберінде жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының эпизоотиялық жағдайын анықтау және бағалау кезіндегі зерттеу нәтижелерін цифрландыру басталды. Эпизоотиялық деректерді зерттеу және статистикалық талдау нәтижелері негізінде, сандық және сапалық көрсеткіштері бар, эпизоотиялық ошақтар туралы электрондық мәліметтер базасы жасалып, автоматтандырылған режимде визуализацияланады.
Тәуелсіздік жылдарында ҚазҒЗВИ көптеген ғылыми әзірлемені орындады және мұны жалғастыруда. Оларды енгізу елдегі эпизоотиялық жағдайды бақылауда ұстауға және қазақстандықтарды мал шаруашылығының сапалы өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Болашақта эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің стратегиялық міндеттерін орындау үшін институттың мынадай жоспарлары бар:
– институт базасында GMP стандарттары бойынша шағынбиокомбинат құру арқылы ҚазҒЗВИ ғалымдары әзірлеген биопрепараттар өндірісін ұйымдастыру;
– ветеринария мамандарының біліктілігін арттыру және магистрлер мен PhD-ді оқыту бойынша оқу-білім беру орталығын құру;
– ХЭБ ережелеріне сәйкес аса қауіпті, зооантропоноздық және эмердженттік аурулардың тәуекелдерін болжау, бағалау және басқару бойынша ақпараттық-талдау орталығын құру;
– аса қауіпті және эмердженттік инфекциялардың (құс тұмауы, Ньюкасл ауруы, лейкоз, бруцеллез) зертханалық диагностикасы және мониторингі бойынша ХЭБ өңірлік референс орталығын құру.
Институтты жаңғырту бойынша келешекке қойылған барлық міндет біздің еліміздің аумағында тұрақты эпизоотиялық саламаттылықты қамтамасыз ету үшін зерттеулерді халықаралық талаптарға жауап беретін жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде орындауға мүмкіндік береді.
Ахметжан СҰЛТАНОВ,
ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты