• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2014

Тілшіге тығыз тапсырма

240 рет
көрсетілді

САТЫП АЛУ ҚҰНЫ ТҰРАҚТЫ

Апта басында теңгенің на­рық­тағы бағасы өзгеріп кеткені белгілі. Осы ретте халық тарапынан «азық-түлік және күнделікті тұтынатын тауарлардың ба­ға­сында өзгерістер бола ма?» деген күдіктің пайда болғаны рас. Дегенмен, бүгінде базардағы ба­ғаның тұрақты екенін көріп отырмыз. Аталған мәселеге орай облыс басшысы Қырымбек Көшербаев жедел жиын өткізіп, күнделікті тұтынудағы тауарлар бағасының күрт өспеуін қадағалауды сала мамандары мен аудан және қала әкімдеріне тапсырған болатын. Тапсырмаға сәйкес қала әкімдігі тарапынан 4 мобильді топ құ­ры­лып, азық-түлік өнімдері мен жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру аясында арнайы рейд жүргізді. Сондай рейдке облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы Сұлтанбек Бисенбаев, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қожахмет Ілиясов бастаған топ халық көп баратын «Мирас», «Сырдария» секілді сауда орталықтарында болды. Азық-түлік, көкөніс өнімдерін сататын бұл сауда ошақтары бұрынғы бағаны сақтап тұр. Шиелі ауданының орталық ба­зарында картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат бұрынғысынша 60-80 теңге аралығында сатылуда. Бірінші сортты 50 келілік ұн 2700-2800 теңге көлемінде. Сиыр еті 1100 теңге тұрады. Нанның да бағасында өзгеріс болмаған. Аудан әкімі жергілікті саудагерлермен жиын өткізіп, азық-түлік бағасын негізсіз көтермеу мәселесін талқылағанның арқасында бағада ешқандай өзгеріс болған жоқ. Қазалы ауданының әкімі Бақыт Жахановтың тапсырмасымен бағаны тұрақтандыру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әліби Әбиев «Бағаны тұрақтандыру тұрғысында кент көлеміндегі «Ырыс-Болашақ», «Мұсаев», «Орын-Ай», «Ер­нар» ба­зар­лары мен сауда орталық­тарын­да тиісті шаралар ұйым­­дастырылды. Бүгінде аудан­дағы баға тұрақты», дейді. Жалпы, Қызылорда облы­сы­ның нарығындағы бағаларда бірқалыптылық байқалады. Тіп­ті, жанар-жағармай құю бекет­терінде де бұрынғы баға сақта­лып тұр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.  

ОРЫНСЫЗ ДҮРЛІГУГЕ НЕГІЗ ЖОҚ

Ақжайық өңірінде АҚШ долларына шаққанда тең­ге баға­мының өзгеруіне бай­ланыс­ты қатты алаң­даушылық пен орынсыз дүрлігуге негіз жоқ екені белгілі болып отыр. Өйт­кені, өңірдегі екінші дең­гейдегі банктер мен валюта ауыстыратын қосындарда қар­жы көзі жеткілікті. Жанар-жа­ғармай бекеттерінде оның қоры бар. Сауда нүктелерінде әзірге күнделікті тұтыну тауарлары бойынша тапшылық байқалмайды. Сондай-ақ, аймақта зейнетақы мен әлеу­мет­тік жәр­дем­ақыларды уа­қы­­тын­да беру тәртібі белгі­ленген. Орын алған жағдайға байланысты облыста және қала мен аудандарда қадағалау комиссиялары құрылды. Бұлардың басты міндеттері бағаның ретсіз өспеуін бақылау, ха­лыққа қыз­мет көрсететін орын­дардың жұ­мыс барысын қатаң қадағалап, күн­де­лікті мониторинг жасау болмақ. Әрине, өңірде теңге ба­ға­мының өсуіне байланысты осы жағдайды өз ұпайларын түген­деуге пайдаланып қалуға ұмтыл­ғандар да кездеспей қалған жоқ. Осын­дай көріністер облыс орта­лығындағы кейбір жанармай бекеттері мен «Сулпак» және «Алсер» секілді ірі компания­лар тарапынан орын алды. Өйт­кені, олар бағаны негізсіз өсіру ниетімен теңге бағамы өзгерген алғашқы күндері жұ­мыс істемей жабық тұрды. Батыс Қа­зақстан облысы бойынша моно­полияға қарсы инс­пекция бас­шысы Валихан Разов мұндай қалтасын қалың­датқысы келгендерге әкімшілік шаралар қол­да­нылатыны, тіпті қажет жағ­дай­­да олардың лицензиялары алы­­нып тасталатыны жөнінде амал­дар қол­данылатынын жет­кіз­ді. Біз кеше күнделікті тұты­на­тын азық-түлік тауарларының бағаларын білу мақсатында облыс орталығындағы бір­қатар базарларда болған едік. Соның бірі «Ел-ырысы» ауыл­шаруашылық көтерме-бөлшек сауда базары. Жай ғана тұтынушы кейпінде бола жүріп өзіміз байқаған көрі­ніс­терге қарағанда мұнда кар­топтан басқа азық-түлік түрлерінің бағасы айтарлықтай көтерілмеген. Картоптың бұған дейінгі бағасы 80-90 теңге төңірегінде болса, оның әр келісі қазір 120 теңгеге көтерілген. Мұның себебі неде деген сауалға базар басшысы тарапынан өткен жылы өңірде картоптың өнімі жоғары болған жоқ, сондықтан бұл дақыл түрі аймақтың өзге өңірінен тасымалданып жеткізілуде. Осы кезде көтерме баға өскендіктен бөлшек саудада да оның өсу үрдісі байқалды деген жауап алдық. Иә, жоғарыда айтылғандай Орал өңірінде әзірге шектен шыққан баға өсімі бай­қал­майды. Ал осындай көріністер орын алған жағдайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті іс-шаралар кешені белгіленбек. Тұрғындар содан үлкен үміт күтеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.  

ТАМЫЗҒА ДЕЙІН НАН БАҒАСЫ ӨЗГЕРМЕЙДІ

Облыс әкімі Қанат Бозым­баев­тың төрағалық етуімен теңге бағамына түзетулер енгізілуіне байланысты кеңес болып өтті. Жағдай барысын бақылауға  орай облыста құрылған жұмыс топтарына облыс әкімінің орынбасарлары Ғани Сәдібеков, Нұржан Әшімбетов, Дүйсенбай Тұрғановтар басшылық жасауда. Топтар Ұлттық банк филиалымен бірлесіп валюта нарығында алыпсатарлыққа жол бермеу үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасына мониторинг жүргізеді. Кәсіп­орын­дармен жасалған меморан­думдардың орындалуын қа­таң бақылайды. Сонымен қа­тар, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге, азық-түлік тауарлары бағасына талдау жасалады. Және де  күнделікті қажетті тауарлар бағасына мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ, Мұнай және газ министрлігімен бірлесіп, трейдерлерден қолда бар бензин мен жанар-жағармай материалдарының көлемін анықтауға және белгіленген бағаның өсуіне жол берілмеуі қада­ға­ланады. Жұмыс топтарын об­лыстың қалалары мен аудан­дарында тікелей әкімдер басқарады. Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы, кәсіпкерлік және сауда басқармалары қаланың нан пісіретін кәсіпорындарының басшыларымен 2014 жылғы 1 тамызға дейін, яғни осы жылдың астық науқанына дейін нан бағасын тұрақтандыру бойынша  меморандумдарға қол қойды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.  

ЖАҒДАЙ ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА

Теңге бағамының өзге­ріс­­ке ұшырауы солтүстік­қазақ­стан­дықтардың кей бөлігінде алаң­дау­шылық тудырғанымен, Үкімет тарапынан нақтылы қолданылған іс-шаралардың арқасында ешқандай дүрлігу, абыржушылық байқала қой­ған жоқ. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Премьер-Ми­нистр мен Ұлттық банк төрағасын қабылдау кезінде ел тұрғындарын сабырға шақырған сөздерінен кейін көңілдегі күдіктер тез сейіліп, 1 АҚШ долларының 185 теңге болып белгіленуі терең түсіністік тапты. Аймақ басшысы Самат Ескендіров аудан, қала әкімдерімен, ірі тауар өндірушілермен, валюта айырбастау бекеттерінің өкіл­дерімен өткізген шұғыл кеңес­те бағаны тұрақтандыруды ай­рық­ша бақылауда ұстауды атап көрсетіп, әсіресе, азық-түлік бағаларын, коммуналдық қыз­мет пен жанар-жағармайды не­гізсіз қымбаттатпау бағытында бірқатар тапсырмалар жүктеді. Тиісті ведомоство басшылары өз есептерінде әлеуметтік маңызды тауарлар мен тағамдардың 30-дан астам түрлеріне мониторинг жүргізілгенін, ахуалдың тұрақты екенін жеткізді. Бағаның ырықтандырылуына жол бермеу мақсатымен сауда үйлерімен, базарлармен меморандум жасалып, айырбас қосындарының жұ­мысы жіті назарға алынған. Самат Сапарбекұлы күнделікті азық-түлікпен қоса жанар-жа­ғармай бағасын да бақылауда ұс­тауды, алыпсатарлықпен, дүр­белең тудырушылықпен айна­лыс­қандарды жауапкершілікке тар­туды, бағаны тежеу бойынша жүйелі мониторинг жүргізуді, арыз-шағымдарды қабылдайтын сенім телефондарын орнатуды міндеттеді. Ұлттық валюта бағамына қатысты өзгерістердің жергілікті өнім өн­ді­ретін кәсіп­керлерге еш қатыс­тылығы жоқ­тығын ерекше ескертті. Қазір жер-жерлерде бақылау штабтары құрылып, сауда жүйе­лерінің қызметі ерекше бақы­лауда тұр. Облыс әкімі бірқатар сауда орындарын аралап, азық-түлік бағаларының қалыптылығына көз жеткізді. «Бақыт» жанар-жағармай стансасы кешенінде болғанда жау­апты тұлғалар А-92 маркалы бензин қоры жеткілікті екенін, әр литрі 115 теңгеден сатылып жатқанын мәлімдеді. «Семейный», «Северный», «Рахмет», «Тех­но­дом», «Нан плюс» секілді ірі гипер­маркет, супермаркеттерде бі­рінші кезекте тұтынатын азық-түлік тағамдары бағасының қол­жетімділігі аңғарылды. Петропавл нан комбинатының басшылығы ұнның қоры 4 айға жететінін, нан бағасы бұрынғы қалыпта сақталатынына сендірді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.