Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Түркістанда мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін 5-сынып оқушысының көз жұмғаны туралы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Аталған оқиға туралы ести сала Балалар құқығын қорғау комитетінің басшысы мен менің кеңесшім Түркістан облысына аттанды. Жағдаймен танысып, талдау жасалды. Қазір аталған факт бойынша сот-медициналық сараптама жасалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тергеу қорытындысы әзір болған соң тиісті шара қабылданады. Әрине, өте ауыр қайғы. Жалпы аталған өңірде осы секілді фактілер барын жасырмау керек.
Тергеу ісі аяқталмай жатып болжам жасауға ерте әрі дұрыс емес. Өйткені болған істі тергеу құқық қорғау органдарына тиесілі. Біз аталған мектептің тек тәрбие және білім беру процесін ғана тексердік және онда кемшіліктің барын байқадық», деді Асхат Аймағамбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдарында Түркістанда мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін 5-сынып оқушысының көз жұмғаны туралы хабар тарады.
Өз кезегінде облыстың Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі баланың жағдайы өте ауыр болғанын растап, ал облыстық Полиция департаменті тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.