Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі еседен астам ұлғайту, ішкі нарықты отандық өндірістің азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының негізгі міндеттері.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген, ол күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды қажет ететін нақты, тораптық міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталған. «Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұдан бұрынғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге БҰҰ жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының сарапшылары, салалық одақтардың, қауымдастықтардың, ғылымның өкілдері тартылды», деді ол.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалды: ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру; Қазақстан рыногын отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету; өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту; 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.
Еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсатына қол жеткізу үшін жоғары сапалы тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды, заманауи техника мен технологияны, суармалы егіншілікті және т.б. қолдану қажет. Сондай-ақ тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр.
Минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген.
Осы шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін қажеттіліктің 93%-ынан 98%-ына дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 20%-дан 29%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15%-ға артады.
Техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғасады, ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің бағдарламалары кеңейтіледі. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4%-дан 6%-ға дейін артады.
Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады, Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және қуаты жылына 1 мың қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылады. Бұл үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың жүктеме қуаттылықтарын 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыстық деңгейде біліктілікті дамыту орталықтары және аудандық деңгейде ауылдық ақпараттық-консультациялық орталықтарды жаңғырту есебінен, сондай-ақ фермерлердің біліктілігін қашықтан арттырудың қазіргі заманғы нысандарын енгізу арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне білім тарату жүйесі жетілдіріледі. «Аграрлық ғылымды қаржыландырудың жеткіліктілігін қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады, салалық гранттық қаржыландыру енгізіледі, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге жан-жақты талдау жүргізу, перспективаларын бағалау, дамуын болжау үшін министрліктің ахуалдық-талдамалық орталығын құрып, жұмыс істету жоспарлануда. Коронавирус пандемиясы ішкі нарықты қамтамасыз ету басты міндет екенін көрсетіп берді. Сондықтан басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешіледі. Министрлік ең көп импортталатын позицияларды айқындады, бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант пен балық», деді Е.Қарашөкеев.
Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар айқындалып, іске асырылуда. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шарасы, оның ішінде жеңілдікті кредит беру, субсидиялау, жер ресурстарымен, инфрақұрылыммен, ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету іске асырылады. Нәтижесінде, 2024 жылға қарай қантты қоспағанда, осы өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100%, ал қант бойынша 80%-ды құрайды.
Ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту болмақ. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін шаралар кешені әзірленді. Бүгінгі таңда инвестициялық жобалар пулындағы 194 жоба – өңдеу өндірісінің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа жобалар. Осылардың бәрі қосыла келіп, агроөнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту туралы алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. «Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда», деді Ауыл шаруашылығы министрі.