Бас шаһарда Astana Mining & Metallurgy 11-ші тау-кен металлургиялық конгресі өз жұмысын бастады. Биылғы конгресс пандемия жағдайындағы әлемдік тау-кен өнеркәсібіне арналып, мемлекеттік органдар, халықаралық сарапшылар, ірі компаниялардың басшылары, қызметтік кәсіпорындардың топ-менеджерлері саладағы өзекті мәселелер мен даму перспективаларын талқылады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Әділбек Сәрсембаев тау-кен секторын Индустрия 4.0-ге ауыстыра отыра технологиялық процестерді жаңғырту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ цифрлы трансформация, энергияны үнемдеу, көміртегі бейтараптылығын қамтамасыз ету, дамудың шикізаттық моделінен өңдеуге көшу секілді дамудың маңызды аспектілерін жеткізді.
«Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында айтқандай, еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмаған және геологиялық зерттеу деңгейі төмен деңгейде. Бұл бағытта іздеу технологиясын жақсартып, инвестицияны ұлғайту қажет. Инвесторларға кешенді қолдау көрсететін және геологиялық ақпараттың ашық цифрлы дерекқорын жасайтын Ұлттық геологиялық қызметті құру еліміздегі геологиялық барлауды дамытуда негізгі рөл атқарады», деді Ә.Сәрсембаев.
Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің сөзіне сүйенсек, пандемия жағдайында тау-кен кешені экономиканың басқа салалары секілді өз позициясын жоғалтпай, керісінше нығайта түсті.
Десе де бұл бағытта атқарылатын шаруалар әлі аз емес. Бірінші кезекте бұл экологиямен байланысты мәселелер. Қауымдастық өкілі кәсіпорындарды озық қолжетімді технологияларға көшіру үшін арзан несие беруді, импорттық жабдықты әкелуде жеңілдіктер жасауды, сол секілді жеделдетілген амортизацияны енгізіп, ынталандыруды ұсынды.
Екінші мәселе, көмір өндірісінің болашағына қатысты. Қауымдастық басшысы Мемлекет басшысының көміртегі бейтараптығына байланысты саясатты қолдайтынын айтып, саланы қайта құрылымдаудың мүмкіндіктеріне назар аудартты.
«Қазақстанда көмір қоры көп. Бұл – біздің кемшілігіміз емес, керісінше артықшылығымыз. Бізге көмір саласының экономикалық дамуының жаңа моделін құрып, трансформациялауымыз керек. Қазір кокс химиясы, химия және фармацевтика өнеркәсібі бағытындағы өнімдердің жаңа түрлерін жасауға байланысты қызықты жобалар іске асырылуда. Жалпы алғанда, көмірден 300-ден астам өнім түрін шығаруға болады», деді Н.Радостовец.
Осы мақсатта салалық қауымдастық Үкіметпен бірлесіп, көмір индустриясын дамытуға арналған стратегияны әзірлеуді ұсынды.