Елімізде алкогольсіз сусындардың түпнұсқалығын тексеруге арналған қоғамдық бақылау құралы сынақтан өтуде. Қазақстанда тұтынушыларға сатып алынатын су мен құрамында қант бар сусындардың түпнұсқалығына цифрлы таңбалауды енгізу арқылы кепілдік беру жоспарлануда. Қазір қанатқақты жоба жүріп жатыр. Оған қапталған суды өндіретін бірқатар компания қосылған.
Біздің елдегі қапталған су мен құрамында қант бар сусындарды таңбалау жөніндегі қанатқақты жобаға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің келісімі негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі бастамашылық еткен. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы – Цифрлы экономиканы дамыту орталығының өкілі Ерлан Нұрмағанбетов осы жылдың 1 шілдесінде басталған қанатқақты жобаның барысы туралы айтып берді. Қанатқақты жоба салалы кәсіпорындардың бизнес-процестерін зерделеу үшін жүргізіледі. Осылайша, қатысушылар тікелей өздерінің өндірістік желілерінде өндірілетін өнімді таңбалау процестерінің ерекшеліктерімен танысады.
– Саланың жобаға белсенді қатысуы еліміздегі су мен сусындарды таңбалау жобасына қойылатын талаптардың қаншалықты мұқият ескерілетініне байланысты. Цифрлы таңбалауды енгізе отырып, өндірушілер нарықтың барлық өзгерістеріне жедел мониторинг жүргізіп, өз брендін қорғай алады. Ал тұтынушылар сатып алынатын тауарларға қоғамдық бақылау жүргізу мүмкіндігіне ие, – деп түсіндірді бірыңғай оператор жобасының жетекшісі Е.Нұрмағанбетов.
Еске сала кетейік, Ресей қазірдің өзінде суды цифрлы таңбалауға көшті. Бұл елде сарапшылар осы нарықтағы сапасыз және жалған өнімдердің үлесін 67 пайыз деп бағалап отыр. Қазақстандағы аталған көрсеткіш бірнеше есе аз. Яғни 20 пайызға тең. Бірақ қоғам өкілдері көлеңкелі айналым деңгейінің төмендігіне қарамастан, суды және сусындарды жаппай сұранысқа ие өнім деп санайды. Сондықтан тұтынушыларға өнімді заңды түрде тексеруге мүмкіндік беру маңызды.
Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Әлия Мамытбаеваның айтуынша, еліміздегі контрафакт және заңсыз айналым статистикалық қателік деңгейінде.
– Әрбір өнімнің қаптамасына кез келген нәрсені жазуға болады. Жалған деректер жазу проблема емес. Ал қаптамада тауардың жарамдылық мерзімі, құрамы, өндірушісі туралы барлық мәлімет жинақталған цифрлы код болған жағдайда, сапа мен заңдылыққа сенімді бола аламыз. Бізді тұтынушы ретінде мұндай құқықтан айыруға болмайды. Контрафактінің елден елге таралып кетуіне де жол жоқ, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Жәмила Садықова. Қанатқақты жобаның қатысушысы Tassay сауда белгісімен өнім шығаратын «Юникс» ЖШС өз өндірісінде цифрлы таңбалауды енгізуді бастады.
– Біз өзіміз үшін жобаны енгізудің тиімді техникалық шешімін анықтадық. Таңбалау кодтарын қолданудың қолжетімді типография- лық әдісін зерттедік. Жалпы, бұл процестен сырт қала алмаймыз. Өйткені өнімді таңбалау енгізіліп жатқан Ресейге су экспорттаймыз. Демек, біз көрші елдің жаңа нарықтық ережелеріне бейімделуіміз керек. Әрине, жабдықты сатып алу бойынша мәселелер бар. Бірақ мұның бәрі реттеледі деп ойлаймын, – дейді Tassay компаниясының таңбалауды енгізу жөніндегі жоба жетекшісі Ибрагим Абдуллин.
Бірыңғай оператор жобаны іске асыру бойынша жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.