Елімізде кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің үлесі күн сайын артып келеді. Бұл туралы Egemen Qazaqstan газетінің 21 қазандағы санында журналист Абай Қазбекұлының «Әйелдер кәсіпкерлігі қолдау тауып жатыр» мақаласында айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстандық әйел кәсіпкерлерді Еуропалық қайта құру және даму банкі жиі қолдайды. Жыл сайын 1 мыңнан астам әйел осы банктен қаржылай қолдау табады.
«Гендерлік теңдік – Қазақстанның әлеуметтік қана емес, экономикалық өмірінде де өзекті үрдіс. Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің дұрыс даму жолында келе жатқанын, әр адамға тең мүмкіндік берілетінін көрсетеді. Қазіргі кезде Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі 43 пайызды құрайды» делінген банк хабарламасында.
Статистика бойынша, қазақстандық әйелдер несие төлемін кешіктірмеу бойынша да өте мұқият. Елімізде керісінше, ерлер қауымы несие төлеміне жауапсыз қарайтын көрінеді. Қазіргі уақытта Еуропалық қайта құру және даму банкі әйелдер бизнесін өрістету мақсатында микроқаржы ұйымдары мен жергілікті банктерге мақсатты несие беріп отыр. Қазірге дейін 86,5 млн доллар қаржы бөлінген. Әрине, бұл аз ресурс емес.