Ұлыбритания патшайымы Елизавета II «алдын ала тексерілу» үшін ауруханаға түнеді, деп жазады Egemen.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Букингем сарайы хабарлағандай, патшайым дәрігерлердің ұсыныстарын орындай отырып, бірнеше күн демалуға шешім қабылдады.
Елизавета II ауруханаға 20 қазан, сәрсенбіде келді және 21 қазан күні түстен кейін Виндзор қамалына қайтып оралды.
95 жастағы патшайымның Эдвард VII мемориалдық ауруханасына баруы құпия сақталған көрінеді.
Бірақ The Sun газетіндегі жаңалықтардан кейін Букингем сарайы бұл ақпаратты растауға мәжбүр болды.
Королева 8 жыл ішінде алғаш рет ауруханада түнеді. 2013 жылы асқазан мен ішектегі ыңғайсыздықтан жеке клиникада түнеген еді.
21 сәуірде II Елизавета 95 жасқа толды. Ол Ұлыбритания тарихындағы ең ұзақ билік құрған монарх болып саналады.