Бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Отбасы құндылықтарын елемей, үйден безген балалар мен ата-ана құқығынан айырылғандар көбейіп келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл мәселені Egemen Qazaqstan газетінің журналисі Бану Әділжан көтерді.
Өткен жылы елордада ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа 114 талап арыз берілген. Оның 23-і қанағаттандырылып, 43 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылып, жалпы 66 іс бойынша сот шешімі шығарылған. Статистика мəліметтеріне қарағанда, биылғы 9 айдың ішінде қаралған істер өткен жылмен салыстырғанда 50 есе көп.
Ата-ана құқығынан айырылатындар санатына жұмыссыздар, яғни алимент төлеуден жалтарып жүргендер, сондай-ақ аморальдық өмір сүруге машықтанған, спирттік ішімдіктер немесе есірткі, психотроптық заттарға əуестенгендер жатады.
«Ата-ана құқығынан айыру – мәселені шешудің соңғы жолы емес. Құзырлы органдардың мақсаты да баланы отбасынан айыру емес. Біздің міндетіміз қызды анасынан, ұлды əкесінен алшақтату емес. Басты мақсат – отбасыға дер кезінде қажетті қолдау көрсету, оларды қоғамға қайта бейімдеу», дейді учаскелік инспектор.