Дүние жүзін дүрліктерген коронавирустық инфекциямен ауырған азаматтар, оның ішінде жүкті әйелдер мен балалар санының өсуіне байланысты Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтауы керектігін ескертті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қостанай облысында соңғы тәулікте эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлаған. Өткен тәулікте COVID-19 сырқатымен 128 жағдай тіркелген, дертке шалдыққандардың өсу қарқыны тәулігіне 0,36%-ды құрап отыр. Жұқтырғандардың 111-інен ауру белгілері байқалса, 17 адамның бойынан белгілер байқалмаған.
«Қазіргі уақытта бізде 443 бала коронавирустық инфекция жұқтырса, оның 8-і стационарда, қалғандары амбулаторияларда емделуде. Сондай-ақ КВИ-мен 53 жүкті әйел тіркелген, олардың үшеуі қазір реанимацияда», дейді Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова.