Ресейде бесінші күн қатарынан коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша рекорд жаңарып отыр. Өткен тәулікте вирустан 1 075 адам көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Жаңа вируспен күрес жөніндегі федералды жедел штабы таратқан ақпаратқа қарағанда, пандемия басталғалы бері вирустан барлығы 229 528 адам көз жұмды. Шартты өлім үлесі – 2,8%.
Атап айтқанда, бір тәулікте Мәскеуде 82, Санкт-Петербургте 67, Краснодар өлкесі мен Нижегород облысында 42-ден, Башқұртстанда 35, Ростов, Свердлов облыстары мен Ставрополь өлкесінде 34 адамнан қайтыс болды.
Жаңа жағдайлар саны бір тәуліктің ішінде 37 678-ге өсіп, 8 205 923-ке жетті. Бұл пандемияның басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осылайша, елде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша рекорд қатарынан үш рет жаңарып отыр.
Ауру жұқтырғандар үлесі 0,46%-ға артты. Атап айтқанда, бір тәуліктің ішінде Мәскеу облысында 2 783, Самара облысында 997, Нижегород облысында 761, Воронеж облысында 729, Башқұртстан Республикасында 667 жағдай тіркелді. Штаб деректеріне сай, белсенді жағдайлар саны 833 318-ге өскен. Ал жазылып шыққандар саны бір тәуліктің ішінде 26 077-ге өсіп, 7 143 137-ге жетті.
Жазылып шыққан науқастар үлесі 87%-ға дейін төмендеген. Атап айтқанда, Мәскеуде ауруды жеңгендер саны 3 986, Санкт-Петербургте 2 887, Мәскеу облысында 2 333, Қырымда 823, Самара облысында 752, Башқұртстан мен Ульянов облысында 649 пен 630-ға көбейген. Мәскеудің өзіне келер болсақ, онда коронавирус жұқтырғандар саны бір тәуліктің ішінде 7 803-ке өсіп, 1 761 650-ге жеткен. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 8 166 болған. Жұқтырғандар үлесі – 0,45%. Ал қайтыс болғандар саны бір тәулікте 82-ге өсті, бір күн бұрын бұл көрсеткіш 79 болған.
Барлығы қалада 30 619 адам (жұқтырғандардың 1,74%-ы) қайтыс болған, делінген штаб деректерінде.
Штабтың хабарлауынша, қазіргі кезде ел астанасында 174 310 адам ем алып жатыр.