Еуроодақ мүшелері кезекті саяси дағдарыспен бетпе-бет келді. Осы жолы Польша ЕО заңдары ел конституциясына қайшы келетінін айтып, ұлттық заңның үстемдігін қорғап қалуды мақсат етті. Бұл кезекті саяси дағдарыс қана емес, Еуропаның 27 мемлекетін біріктірген ұйымның құндылықтары мен негізіне қатысты дауға алып келді.
Қазан айының басында Варшавадағы сот залында оқылған үкім ЕО мүшелерінің назарын бірден аударды. Онда Польша Конституциялық сотының басшысы Одақ заңнамасы өз елінің конституциясымен үйлеспейтінін мәлімдеген. Бұл үкім Варшава мен Брюссель арасында поляк сот жүйесінің даулы реформасына қатысты араздықтың басталуына алып келді. Жауап та көп күттірмеді. Люксембургтің Сыртқы істер министрі Польшаға «отпен ойнап жатқанын» ескерткен.
Өткен аптада Польша Премьер-министрі Матеуш Моравецкий өз үкіметінің әрекеттерін қорғау үшін Еуропалық парламенттегі қызу пікірталасқа қатысқан, алайда сөз алған депутаттар бірінен кейін бірі Польшаны айыптай бастады. Осымен жағдай одан сайын ушығып кеткенге ұқсайды. Польша Премьер-министрі Еурокомиссия басшысымен сөзге келіп қалған. Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен бұл әрекет Еуроодақтың негізіне күмән келтіретінін айтты.
«Бұл – мүше мемлекеттің соты ЕО келісімдерінің ұлттық конституцияға сәйкес келмейтінін бірінші рет мәлімдеуі. Үкім Еуропалық одақтың негізіне күмән келтіреді. Бұл – еуропалық құқықтық тәртіптің бірлігіне тікелей сынақ», деді пікірталас кезінде Еурокомиссия басшысы.
Польша Премьер-министрі Еуропалық одақты өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, Польшаны санкциялармен комиссияның нұсқауларын қабылдауға мәжбүр етті деп айыптады. «Егер Еуропаны ұлтсыз ірі державаға айналдырғыларыңыз келсе, алдымен Еуропа елдері мен қоғамдарының келісімін алыңыз», деді Польша Премьер-министрі. Еурокомиссия басшысы ЕО атқарушы органы бұл заң бұзушылықтардың жазасыз қалуына жол бермейтінін жеткізген. Осылайша, Еуропалық парламенттегі отырыс мәселені шешті деуге келмес, керісінше осыдан кейін жағдай ушыққанға ұқсайды.
Бір кездері Еуроодақты шығысқа қарай кеңейтудің ең үлкен мүмкіндігі деп саналған ел үшін бұл күтпеген жағдай. Польшаның 2004 жылы блокқа қосылуы Орталық Еуропа еліндегі экономикалық дамуға ықпал етті. Осыған дейін тасада болған елге Батыстағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға таптырмас мүмкіндік бергені анық.
Алайда еуропалық интеграцияның қозғаушы күші болудың орнына Польша соңғы жылдары Еуроодақ ішінде бүлікшіл мүшеге айналды. 2015 жылы билікке Ярослав Качинскийдің «Заң және әділеттілік» консервативті-ұлтшыл партиясы (PiS) келгеннен бері Варшава мен Брюссель бірнеше рет қақтығысып қалған.
Алғашқы үлкен жанжалдардың бірі көші-қонға байланысты болды. Жақында олар ЛГБТ құқықтарынан бас тартты. Бірақ ең ұзақ әрі ірі жанжал заңның үстемдігі үшін болды. Қақтығыстың өршігені соншалық, Польша бір кездері мүмкін емес болып көрінген Brexit сценариін қайталап, Еуроодақтан шыға ма деген сұрақтар туа бастады.
Билікте болған алты жыл ішінде PiS біртіндеп сот билігін атқарушы билікке бағындырып, өзгерістер енгізе бастады. Биліктегі партия көбі тиімсіз деп тапқан жүйені қайта құру үшін оны өзгерту қажет деп санады. Алайда Брюссельдің бұған қатысты көзқарасы басқа болды. Бұл әрекеттер сот билігінің тәуелсіздігіне қол сұғушылық деп бағаланып, соңғы үш жыл ішінде ол Польшаны бірнеше рет ЕО Жоғарғы сотына шақырған.
Ал 7 қазанда жарияланған үкім бұл күрестің шарықтау шегі болды. Польша Әділет министрінің орынбасары Себастьян Калета Польша мен ЕО заңдары туралы мәселе әйтеуір бір көтерілуі керек еді деп есептейді. Өйткені ЕО Жоғарғы соты Польшаның сот реформаларына қарсы шешімдерінде өз өкілеттіктерінен асып түскенін айтады. Бұл жағдайды Варшава ұлттық мәселе деп таныған.
Ал партияның қарсыластары бұл әрекетті ЕО-ны біріктіріп отырған принциптерге қарсы бұрын-соңды болмаған бүлік ретінде көреді.
Бұл оқиғаны кезекті дағдарыстан әлдеқайда ірі деп бағалайтындар көп. Мәселен, Еуропалық ашық қоғам саясаты институтының директоры Хизер Граббе бұл Brexit немесе көші-қон дағдарысына қарағанда салмағы әлдеқайда ауыр дағдарыс деп есептейді. Өйткені бұл Еуропалық одақтың негізіне қатысты сұрақ туындататынын айтады. Сондай-ақ ол бұл демократия құндылықтарын жоққа шығаратынын мәлімдеді, себебі «заңның үстемдігінсіз демократия болмайды».
Өткен аптада болған Брюссель саммитінің басты тақырыптарының бірі Польшаға арналды. Отырыста Бельгия Премьер-министрі Александр де Кро Польшаға қатысты: «Одақта болып, оның пайдасын көргің келсе, ережелерді құрметтеуің керек. Клубтың мүшесі бола тұра, ережелердің маған қатысы жоқ дей алмайсыз» деді.
Ал Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан Польшаны қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, ЕО құқығының үстемдігі шартта бекітілмеген, сондықтан Еуроодақ тек өз өкілеттігі бар жерде басымдыққа ие. Мажарстан басшысы көп жағдайда еуропалық институттар ұлттық парламент пен үкіметтің құқығын айналып өтетінін мәлімдеді.
Жалпы, Еуроодақ осыған дейін Мажарстан мен Польшаны сот жүйесінің тәуелсіздігі, БАҚ бостандығы және мигранттар мен біржыныстылардың құқықтарын қорғау туралы Еуроодақ құндылықтарын елемегені үшін айыптап, оларға қарсы құқықтық шаралар қолданған.
Брюссельдегі саммитте Польша мәселесі барлық ел көшбасшыларын алаңдатқаны белгілі. Бұл мәселені шешуге қатысты ұсыныстар да екіге жарылды. Бірі қатаң шараларды ұсынса, енді бірі диалог пен келісімді алға тартты. Еуроодақ үшін қатал шешім санкциялар болатыны түсінікті. Десе де, Польша бұл әрекетімен біразының ашуына тиген секілді. Айрандай ұйып отырған ұйымды ішінен іріте бастағандарға басқаша қалай қарасын?
Варшава мен Брюссель арасындағы бес жылдан бері созылып келе жатқан дау соңында Польшаның Одақтағы тағдырына қатысты бола бастады. Еурокомиссия басшысы қазір тәртіпсіздікке қарсы жазаның ойластырылып жатқанын айтып қалды. Оның ішінде Польшаға бөлінетін қаржыны азайту секілді құқықтық шешім және ЕО-да дауыс беру құқығынан айыратын санкцияларды көбейту бар.
Саммитке қатысқан Ангела Меркель бұл ЕО мен Польшаға ғана қатысты мәселе емес екенін алға тартты. «Польша жағдайы бұдан да үлкен мәселенің барын көрсетті. Өзге мүше мемлекеттердің Еуроодаққа көзқарасы қандай екенін және өз егемендігінің қаншалықты бөлігін бере алатынын байқатты», деді Меркель. Ол бұл мәселеге қатысты ортақ шешімге келуге шақырды. Еуропа елдерінің арасында бас медиатор болып келген Меркельден кейін өзге көшбасшылардың қалай әрекет ететіні белгісіз.
Польша ЕО мүшелерінің айта алмай жүрген мәселесін дауыстап айтып, бүлікші атанып отыр ма деген сұрақ туындады. Алайда Еурокомиссия отырысы мен саммиттен байқағанымыздай, Польшаны жақтайтындар қатары сирек. Польша бұл «батырлығы» үшін енді барынша жазалануы да ғажап емес. Десе де бұл жағдай Еуроодақтың ынтымағы мен құндылықтарына сызат түсіргендей. Онсыз да бір Brexit-ті басынан өткерген Одақ оны қайталағысы келмесе керек.