• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Коронавирус 24 Қазан, 2021

Жаңа жағдайдағы жаһандық қатерлер

1471 рет
көрсетілді

Климаттың өзгеруі мен пандемияның құбылмалылығы – өтпелі кезеңдегі әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі тәуекелдердің бірі. Бұл орайда жаппай вакциналау және цифр­лы трансформация жаңа жағдайдағы жаһандық экономиканың қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Мұндай пікірді экономикадан Нобель сыйлығының лауреаты Майкл Спенс айтты.

Пандемия цифрлы трансформацияға жол ашты

Америкалық ғалымның ай­туын­ша, қазір әлемдік эконо­ми­кадағы негізгі процестер Азия құрлығына ойысып отыр. Рас, пандемия сары құрлықтан та­рағанымен соңғы екі жылда өңірде басым салалар бойын­ша индустриялық дүмпу бай­қалады. Демек алдағы уақытта дү­ние­жүзілік экономиканың архи­тектурасын қайта құрылымдау процесі күтіп тұрғанын аңғаруға болады дейді экономист.

«Бұл өзгерістің барлығы көз алды­мызда орындалып жа­тыр. Атап айтқанда, қазір экономи­каның басым бағыттары мен қоғамда цифрлы үдерістердің қарқын алғанын байқап отырмыз. Пандемия осы өзгерістердің адам өміріне жылдам енгізілуіне әсер етті. Айталық, гибридті және қашықтан жұмыс істеу түрлері, цифрлы технологияны қамтитын алуан түрлі қызметтер, электронды коммерция, телеконференциялар, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы және басқа да көптеген саладағы қызметтер онлайн форматта ұсынылып, бұл қалыпты құбылысқа айналды. Оның артықшылығы сол, пандемия дәуірінде бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр», деді М.Спенс. Халықаралық сарап­шының пікі­ріне сүйенсек, әсі­ресе бүгінгі технологиялық үр­діс­тер дамыған заманда денсау­лық сақтау жүйесі мен биомедицина қызметтері бағытында­ғы сапаның артуы үл­кен жаңа­лық. Тұтастай алғанда, тың тех­нологиялар адамзатқа қо­л­­ғабыс етіп, өркениетті қоғам құ­ру­­­дағы бастамаларға серпін бе­реді.

Зиянды қалдық азаймай тұр

Алайда күн тәртібінде тұрған тағы бір маңызды мәселе бар. ­Бұл жаһандық климаттың өзге­руі. Егер де әлем елдері дәстүрлі қуат көздерінен біржолата бас тар­­тып, экологиялық таза энерге­ти­каға басымдық бермесе, таяу бо­лашақта орнықты даму көр­сет­кіштеріне қол жеткізу қиын­дай түседі деген ойын жеткізді Нобель сыйлығының лауреаты.

«Дамушы елдерге барған сапарларымда олардың энергия құраушы жүйелері кө­мір оты­ны секілді пайдалы қаз­баларға тәуелді екенін байқа­дым. Әлбетте, мұның барлығы атмосфераға тарайтын көмір­тегінің жоғарылауына әсер етеді. Осыдан 10 жыл бұрын күн энергети­касы негізгі қуат кө­зі ре­тінде қа­рас­тырылмағаны бел­гілі. Себебі балама энергия көз­­дерін пайдаланудың үлесі аз бо­латын. Бірақ та бұл нарықты 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралығын талдайтын бол­­­сақ, балама энергия көздерін ин­вестициялаудағы құрылымдық өзгерістерді байқаймыз. Осыған қарамастан бұл бағытта әлі де көп жұмыс істеу керек. Неге де­сеңіз, жыл санап атмосфераға та­райтын зиянды қалдықтың кө­лемі ұлғайып барады. Мәселен, 2018 жылдың өзінде ауаға 35 млрд тоннаға дейін көміртегі та­раған. Өкінішке қарай, бұл көр­сеткіш төмендемей тұр», деді америкалық экономист.

Шынайы мәліметтер берілуге тиіс

Ғалым айтқандай, әлем елдері қоршаған ортаның ластануына байланысты шынайы деректермен бөлісуі тиіс. Жаһандық климат мәселесін ауыздықтамай экономикалық өрлеу туралы айту­дың өзі артық дейді сарапшы.

«Пандемия ауадағы зиянды зат­тардың мөлшерін сәл де бол­са тежейді деп болжанған еді. Алайда одан мардымды нә­ти­же болған жоқ. Сол себепті қыс­қа уақытта дұрыс жолға тұру қиын­ға соғады деп ойлаймын. Егер де постпандемиялық кезеңде жа­һандық экономиканың үлесі 3%-ға артса, онда жағдайды реттеуге мүмкіндік бар. Әрине, экономикасы дамыған елдердің бұл көрсеткішке жетуі екіталай. Десе де Орталық Азия елдері мен Қы­тайдың бұл межеге жетуге қау­қары жеткілікті деп ойлаймын. Тіпті өсім 8%-ға ұлғаюы да ға­жап емес. Яғни мақсат 2040 жыл­ға қарай көміртектің көлемін ­14 ги­га­тоннаға немесе миллиард­қа азай­ту болса, онда дұрыс есеп жасай білу қажет. Сонда ғана CO2-нің жаһандық экономикадағы үле­сін байқаймыз. Осы арқылы зиян­ды қалдықтың көлемін жылына 7%-ға азайтуға жол ашылады. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Сон­дықтан аталған мәселеге келгенде әділетті болып, жағдайға объективті түрде қараған жөн», деді М.Спенс.

Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Шетелдік ғалымның сөзін отан­дық сарапшылар да қуаттап отыр. Мәселен, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника­лық университетінің басқарма төр­ағасы Қайрат Айтуғановтың айтуынша, адамзат климаттың өзгеруін толығымен тоқтата алмайды. Алайда халықаралық қауымдастықтың ауыр экология­лық апаттардың алдын алу үшін температураның өсуін тежеуге мүмкіндігі бар деп санайды.

«Жаһандық климаттың құ­бы­­­луының себебі – атмосфе­ра­дағы көмірқышқыл газы (СО2) концентрациясының жоғары­лауында жатыр. Жердің орташа жылдық температурасының жо­ғарылауы 0,75 градусты құраса, кейбір өңірлерде оның көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Сондықтан кейбір елдер қатты ыстықтан, тағы басқалары қатал қысқы мезгілден зардап шегіп, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтуға шынайы қауіп төндіруде. Болжамдарға сәйкес, әлемде температураның 1°С-қа көтерілуі бидай, күріш және жүгері өнімділігінің 10%-ға құлдырауына әкеледі.

Қазақстан аумағының 75%-ы экологиялық тұрақсыздық тәуе­­кел­дерімен бетпе-бет келуі мүм­­кін. Бұл Орталық Азиядағы азық-түлік қауіп­сіздігіне жауапты елі­міз үшін айтар­лықтай проб­лема­лар тудыруы да ғажап емес», деді Қ.Айтуғанов.

Орманды молайтудың маңызы зор

Қазақстан парникті газ­дың көлемін азайту мен көміртек­тің бейтараптылығына жетуге байланысты міндеттемелерді қа­­былдағандықтан осы бағытта агро­­техникалық университет бір­қатар жұмысты қолға алыпты.

«Біріншіден, еліміздің аума­ғында орманды жерлерді ұл­ғай­туға көңіл бөлгеніміз абзал. Мұны ағаш және бұта тұ­қым­дарын жерсіндіріп, жедел өсіріп және дамытатын тиімді технологиялардың көмегімен, сондай-ақ табиғи және антро­по­гендік қауіптердің туындау тәуекелін бақылау мен баға­лаудың заманауи әдістері арқылы ормандардың тозуын азайтып, өрттен қорғауға болады.

Қазақстанда орман бүкіл аумақ­тың 4,6%-ын немесе 12,9 млн гектар жерді алып жатыр. Ор­ман жамылғысының 0,4%-ға ұл­ғаюы қосымша 2,9 млн тоннаға дейін кө­міртектің төмендеуіне сеп­тігін тигізеді. Бұл жұмыс Пре­зиденттің 5 жыл ішінде елі­мізде 2 млрд-қа дейін ағаш отырғызуға байланысты тапсырмасы аясында жүзеге асуда.

Екіншіден, топырақ құнар­лы­лығын сақтап, арттыратын және жаңа органикалық тыңайтқыш­тар алуға қатысты, сол секілді ауыл­шаруашылық өнімдерін өн­діруде көміртектің ең төменгі шы­ғарындысын қамтитын іс-шаралар кешенін пысықтау (карбон фермаларын ұйымдастыру моделі) бойынша зерттеулер жүргізілуде.

Үшіншіден, селекциялық про­цесте биотехнологияның за­ма­­науи әдістерін қолданып, био­­ти­калық және абиотикалық стресс факторларға төзімді жа­ңа сұрып­тарды алу арқылы ауыл­шаруашылық дақылдарының өнім­ділігін арттыру қажет», деді университет басшысы.

Бұған қоса оқу орнының бастамасымен геоақпараттық жүйелер мен Жерді қашықтан зондтау тех­нологияларын қолдану арқы­лы ауыл шаруашылығы өсімдік­те­рінің жай-күйіне және дамуына ауқымды мониторинг жүр­­гізіліп жатыр. Одан бөлек, табиғи-климаттық жағдайлардың өзгеруін ескеріп, кешенді модель­деудің және өнімділікті бол­жау­­дың жаңа тәсілдері іске асырылуда.