Таяуда Көкшетау қаласындағы Көктем шағын ауданындағы көпқабатты үйдің пәтерлерінің бірінде газ-ауа қоспасы жарылды. Өз басын қатерге тіккен азаматтың арқасында тұрғындар дін аман қалды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Жарқын Шаяхимовтың үйіне келген сәті еді. Табалдырықтан аттағанымен сырт киімін шешіп те үлгермеген. Екпіні үй жыққандай қуатты жарылыс оқыс дүңк ете түсті. Қапелімде ештеңе ойлап та үлгермеген. Тек қызы Әсем ғана оқыс оқиғадан соң іле ес жиып, газ жарылуы мүмкін-ау деп телефон құлағына жармасқан.
Жарқын Қуандықұлы тосын оқиғаның мән-жайын бажайлап, алдымен адамдарды құтқару керек деген шешімге келді. Жарылыстың неден болғанын кейін анықтай жатар. Дәл қазір тағы да қайталануы мүмкін апаттың алдын алып, тұрғындарды қауіпсіз жерге алып шыққан жөн. Өз басына да қатер төнуі әбден мүмкін. Бірақ оны ойлайтын да уақыт болған жоқ. Жанын шүберекке түйіп, көпқабатты үй тұрғындарын біртіндеп шығара бастады. Алдымен әйелдер мен балаларды шығарды. Кейін оқиға орын алған, қызыл жалынның сумақай тілі шарпи бастаған пәтерге кірді. Көз жүгіртіп қараса, ас үйдің жиһаздары, терезелердегі перделер лапылдап жанып жатыр. От шарпыған жерге су шашты. Бір жақсысы, жалғыз емес екен. Жарқынның қорықпай тәуекелге бел буғанын көрген көршілер де көмектесуде.
Төтенше жағдайлар саласында істегендіктен қатерге бас тігіп, төніп келген қауіптің алдын алудың жолын білетін Жарқын Қуандықұлы төменгі шкафты ашып, газ баллонын ағытып, қауіпсіз жерге шығарған. Жарыла қалса, жарым дүниені қиратып кететін газ баллонынан құтылған соң кіре берістегі газ кранын сөндіру қажет. Биікте екен, адам қолы жетпейтін жерде. Баспалдақ іздеп жүретін уақыт қайда, көршісін иығына мінгізген. Көршісі екеуі қарбаласып жүріп кранды жауып, ес жиды.
– Мұнан соң оқиға орын алған пәтерге қайтадан кіріп, газ шүмегін жаптым, – дейді Жарқын Қуандықұлы, – шала жанған заттар әлі де бықсып жатыр. Қайта тұтанып кетуі әбден мүмкін. Қайта-қайта су құйып, шашылған шоқтың бәрін өшірдік. Басқа пәтерлерде де газ жиналып қалып, үйде жарылыс қаупін қайта тудыра ма деп сескенгенім де рас.
Төніп келген қауіп-қатердің бетін қайтарған кейіпкеріміз өзінің ісін әсте ерлік деп есептемейді. Оның айтуынша, кез келген ер-азамат дәл осындай қиын кезде басын бәйгеге тігуі мүмкін.
Әңгіме көгілдір отын туралы болғандықтан, облыс орталығындағы қалыптасып отырған жағдай туралы таратып айта кетелік. Күздің алғашқы айларында көгілдір отын тапшылығы қатты сезіле бастады. Облыс орталығының жартысына жуығы бір айға таяу уақыт бойы газсыз отырды. Орталықтандырылған газ жүйесі бар тұрғын үйлерде тұрса да, тұрғындар амалсыздан тұрмыстық баллондарды пайдалана бастаған. Әрине ережеге сай емес. Бірақ қауіпті ескермеуге күнкөріс себеп.
Ондайда оқыс оқиға орын алады-ау деп ойлай бермейтіні де бар емес пе? Газ-ауа жарылған пәтердің бөлмеаралық ішкі қабырғалары бүлініп, қаусап қалды. Үй иесінің денесін күйік шалып, кенет орын алған қатерден қатты шошынған екінші көршісі ауруханаға түсті. Осы көпқабатты тұрғын үйді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге тиісті «Газ қызмет» ЖШС басшылығы бұл арада өздерінің еш кінәсі жоғын айтып ақталуда.
– Бұл үйде төрт күн газ болған жоқ, – дейді компания директоры Марал Кәркенова, – тұрғындардың өздері газ редукторын ұмытып, ашып тастауы мүмкін ғой.
Осы арада көгілдір отын мәселесінің жайы қазір тым күрделі екенін айта кетуге болар. Компания басшылығының айтуына қарағанда, олар әлеуметтік шиеленістің алдын алуға тырысуда. Сондықтан өздері аздап шығын шексе де, газ беріп отыр. Бірақ мұндай жомарттық көпке созыла бермеуі мүмкін. Жергілікті билік өкілдерінің айтуына қарағанда, газ тапшылығының туындауы Энергетика министрлігінің әлеуметтік газды жеткізуді аккредиттеуден өткізгеннен кейін туындап отыр. Облыс орталығындағы бірнеше газбен қамтамасыз ететін ұйымдар осы талаптан өте алмаған.
– Министрлік пандемияға байланысты қайта өңделген газды электронды сауда алаңына шығарған. Ал бұл жердегі тәртіп бойынша кім ең жоғары баға қойса, сол сатып алады, – дейді қала әкімінің орынбасары Серік Құдабай, – бұрын облысқа жеке бөлінетін газ, ендігі арада электрондық биржа арқылы сатылуда. Биржадағы баға реттелмейді. Осы уақытқа дейін газдың әр келісін облыс 70-80 теңгеден сатып алса, биржадағы баға 100 теңгеге өсіп кеткен.
Қауіп-қатердің туындауы мынадан. Облыс орталығында барлығы 238 газ тарату қондырғысы болса, соның 112-сі ғана жұмыс істейді. Бұл желіге 285 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Орталықтандырылған газ желісі қаланың небәрі 41,4 пайызын ғана қамтыған. Қалған жұрт газ баллондарын пайдалануда. Тағы бір көптен бері шешімін таппаған дүние – газдың сапасы. Арқаның сақылдаған сары аязы үстемдік құрған шақта сапасыз газ құбырларда жиі қатып қалады. Газ құбырының істен шығуы осы кезде жиілейді. Орталықтандырылған жүйедегі көгілдір отын қайта-қайта тоқтап қала бергендіктен тұрғындар газ баллонын пайдалануда. Осындай себептерге байланысты шамамен 4 мыңнан астам тұтынушы газға қосылмай, қауіп-қатердің қатпарын қалыңдата түсуде. Мамандардың айтуына қарағанда, өздерінің міндеттерін мүлтіксіз орындамаған газ таратушы ұйымдар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Бірақ қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелерін қадағалайтын инспектор жоқ екен. Демек жүздеген тұрғынды газсыз қалдырған «Газ қызмет» ұжымына ешбір жаза қолданылмауы да мүмкін.
Айтып келген апаттан бір мәрте аман қалдық. Жоғарыда біз айтып өткен түйткілдердің тігісі жазылмаса, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, қала тұрғындары ойда жоқта пайда болған оқыс дыбыстан үрейленіп, ішкендері ас болмай күн кешері анық.
КӨКШЕТАУ