• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қазан, 2021

Қоғамның бітеу жарасы

445 рет
көрсетілді

«Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет». Бұл – Мемлекет басшысының бір жыл бұрын «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтқан тапсырмасы. Сол уақыттан бері бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беріліп келеді. Атқарылған ауқымды жұмыстар да аз емес.

Отанның бастауын отбасыға тіреген халықпыз ғой. Ал отбасында береке, үй ішінде мейірім болмаса, ол шаңырақтың көсегесі көгермейді, керісінше керегесі сөгіле бастайды. Зорлық-зомбылықтың зардабын бүгін әйел тартса, зияны баланың болашағына тиері сөзсіз. Себебі құдайдың құтты күні ұрыс-төбелесті көріп, дау-жанжалды естіп өскен баладан сау ұрпақ шықпасы анық. Сол үшін де бізге қоғамның бітеу жарасына айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі мен салдарының алдын алып, жолын бөгеуге аса мән беру қажет. Өйткені бұл түптеп келгенде ел ертеңін қалыптастыру үшін қажет.

Байқап қарасақ, өз үйінде зорлық-зомбылық көргені туралы арыз-шағымның 90 пайызы әйелдерден келіп түседі екен. Ал бұл санның артында қаншама баланың көз жасы мен сәби кезден тас-талқан болған тағдыры жатыр. Былтыр елімізде 128 мың шаңырақ көтерілсе, оның 22,5 мыңы ажырасып кеткен. Ал Бас про­ку­ратураның мәліметіне сүйенсек, соң­ғы екі жылда елімізде тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты тіркелген қылмыс саны 2 мыңға жуықтаған. Жапа шеккен әйелдің саны мыңнан асса, жүзге жуық бала зәбір көрген.

Ана мен бала құқықтарының назардан тыс қалғанын қатаң сынға алған Президент осыған орай стратегиялық құжатта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуге баса назар аударған-ды. Осы бағдарлама аясын­да «Дағдарыс орталықтарының қыз­ме­тін жетілдіру, отбасы-тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бо­йынша шараларды әзірлеу және іске асы­ру» республикалық жобасы әзір­лен­ді.

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің тапсырысымен іске қо­сылған жоба өткен жылдың 1 нау­ры­зынан бастап еліміздің 17 өңі­рін­де жүзеге асырылып келеді. «Қа­зақстанның тең құқық пен тең мүм­кін­дік институты» қоғамдық қорының мұрындық болуымен республика кө­ле­мін­де жүр­гізілген ауқымды іс-ша­раны «Аза­мат­тық бастамаларды қолдау ор­та­­лығы» коммерциялық емес АҚ қар­жы­­­ландырады.

Жақында жобаның 8 айлық қоры­тындысына арналған баспасөз-кон­фе­­рен­ция ұйымдастырылып, бас­қосу барысында тұрмыстық зор­лық-зомбылық мәселесімен айна­лысып жүрген ма­ман­дар ой-пікірлерімен бөлісті. Жоба аясында жыл басынан бері тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу және Қазақстандағы жағ­дайды жақ­сарту мақсатында қолға алынған ке­шен­ді іс-шаралар сөз болған жиында көңілге қаяу түсір­ген мәліметтер айтылды. Жоба координаторы, қордың әлеу­меттану­шы­сы Татьяна Рез­вуш­ки­наның мәлім­деуінше, елімізде тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық фактісі ең көп тір­ке­летін ай­мақтардың көшін Шығыс Қа­зақ­стан облысы бастап тұр екен. Бұл өңірде биылғы 7 айда сот 6,5 мыңға жуық қорғау нұсқамасын шы­ғарған. Одан кейін отбасындағы зорлық-зомбылық деректері Қара­ған­ды және Қостанай облыстарында жиі анық­тала­тыны белгілі болып отыр. Қара­ған­дыда соңғы жеті айда 5248, ал Қостанай өңірінде 5 мыңға жуық қор­ғау нұсқамасына қа­тыс­ты сот ше­ші­мі шыққан. «Бұл сандар қо­ғам­да­ғы тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық­тың ащы шындығын ашып береді» деген қор өкілі өз үйінде ерінен зорлық көріп, таяққа жығылған әйелдердің көбі алғашында полицияға арыз жаз­ға­нымен, кейін қайтарып алатынын, соның салдарынан көп істің орта жолда тоқтап қалатынын айтып, ана мен бала тағдырына алаңдаушылығын білдірді.

Қазақстанда өңірлердегі тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу механизмдерін жетілдіру бойынша 1-ші Республикалық жобалық кеңсе құрылған. Сонымен қатар жоба­лық кеңсе аясында Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жө­нін­дегі ұлттық комиссия, ІІМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігіне ынтымақтастық туралы ресми хаттар жолданып, жобаның өңір­лік менеджерлерімен жұмыс кеңесі өткізілген. Қазіргі таңда ел көле­мін­дегі 17 дағдарыс орталығының бар­лы­ғымен ынтымақтастық туралы ме­морандум да жасалған. Елімізде өзек­тілігін жоймай келе жатқан өткір мәсе­леге қатысты пікірін білдірген жоба координаторы: «Ауқымды жоба қол­ға алынғалы бері әйелдерді зорлық-зом­былықтан қорғау, кәмелетке тол­ма­ғандармен жұмыс жөніндегі және учаскелік инспекторлар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары, бас­паналардың заңгерлері мен психо­лог­теріне арналған онлайн тренинг­тер өткізілді. Бұл іс-шараларға 400-ден астам адам қатысса, онлайн вебинарлар 200-ге жуық білікті маман мен дағдарыс орталықтары қыз­мет­керлерінің басын қосты. Ал біз пай­да­ланған инновациялардың ішінде дағ­дарыс орталықтарына арналған кейс-менеджмент технологиясының тәжі­рибесі де таратылды», дейді.

Қоғамдық қор президенті Маргарита Өскембаева­ жоба аясында елі­міз­дің барлық өңіріндегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары мен баспаналардың алғаш рет мониторингтен өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мониторинг кезінде бұл мекемелердің жұмысын бағалау индикаторлары әзірленіп, жұмыстың сапасы мен нәтижесіне тәуелсіз талдау жасалған. «Қазіргі таңда елімізде 30-ға жуық дағдарыс орталығы мен баспана бар. Сауалнама кезінде олардың әлеуметтік қызметтерді ұсы­ну сапасына қатысты сұрақтарға жа­уап алынып, қауіпсіздік жағдайы, қаржыландырылуы, инфрақұрылымы бойынша сараптамалық жазба да­йын­далды», дейді ол. Сондай-ақ аймақ­тардағы мамандар алғаш рет жәбір­ленушілермен ғана емес, отба­сы­ның берекесін алып жүрген еркек­термен жан-жақты жұмыс жасау­ға бет бұрған. Психологтер, заң­гер­лер, дәрігерлер мен дағдарыс орта­лық­та­ры­ның қызметкерлері үй тирандарына «жұдырықтасудың» зардаптарын айтып, ашуды жеңу, шиеленісті шешу жолдарын түсіндіруге тырысқан. Осылайша, жоба аясында 300-ден астам «отбасы тираны» тәжірибелік әдістемелерден өтіп, «Агрессорлармен жұмыс бойынша нұсқау» әзірленген. «Өкінішке қарай, елімізде отбасы агрессорлармен жұмыс істейтін арнайы ұйым, не осыған ұқсас жүйе мүлдем жоқ. Біз қазіргі таңда тек мәселенің салдарын шешумен айналысып жүрміз. Ал зорлық-зомбылықты туындатып отырған бастапқы себе­бі­не мән бере бермейміз, оның «басты кейіпкерін» жазалаумен ғана шектелеміз. Тұрмыстық зорлық-зом­бы­­лық құрбанымен ғана жұмыс іс­теудің дұрыс емес екенін әлемдік тә­жірибе де көрсетіп отыр. Сондықтан да қауіптің басты көзімен – «отбасы ти­ран­дарымен» де жұмыс істеу қажет», дейді бұл жөнінде М.Өскембаева.

Қазіргі уақытта аймақтардағы дағ­дарыс орталықтарында отбасының ой­ранын шығарған ерінен зардап шеккен мыңға жуық әйел психологтің жеке кеңесін алса, 1550 адам топтық кеңестен өткен. Ал жобаға қатысушы 4 адвокат Нұр-Сұлтан, Степногорск, Қарағанды қалаларында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен бетпе-бет келген әйелдерге 44 заңгерлік кеңес өткізді.

Отбасы тиранынан қалай қорғану керек? Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел не істеуі, қайда хабарласуы қажет? Өз шаңырағынан жылу таппаған ана мен балаға дағдарыс орталықтары нақты қандай көмек көрсете алады? Осы сияқты сұрақтарға жауап беретін 4 әлеуметтік бейнеролик түсірген жобаның бренд-амбассадоры, актриса Айнұр Ілиясова тұрмыстық зорлық-зомбылық бұл емдеуді, мамандарға жүгінуді қажет ететін қоғамның терең жарасы екенін айтып: «Еліміздегі ана мен балаға қатысты өзекті мәселелерге бейжай қарай алмаймын. Себебі отба­сын­дағы дау-жанжалдың, зорлық пен қара күштің ақыры әйел мен сәби тағдырына қалай терең әсер ете­тінін білемін. Шындап келгенде бұл мәселені жылы жауып қоюға болмайды. Бұл емдеуді, мамандарға жүгінуді қажет ететін қоғамның бітеу жарасы»,  дейді А.Ілиясова.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан профилактикалық іс-шараларға белгілі бір түзетулер енгізгенін айтады. Ол сондай-ақ қорғау туралы бұйрық шығару қайта құқық бұзушылықтың алдын алуда үлкен рөл атқаратынын алға тартты. «Қорғау нұсқамасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шарасы және отбасы-тұр­мы­стық қатынастар саласында құ­қық бұзушылық жасаған адамның құ­қықтық санасына және мінез-құл­қына әсер ету шарасы ретінде заң­на­мада алғаш рет қолданылады. Бұл бұйрықты шығарудың басты мақсаты – жәбірленушіге физикалық немесе психикалық қауіп төнген кезде оның қауіпсіздігін дереу қамтамасыз ету», дейді ІІМ өкілі.

Қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі – 30 күн. Осы уақыт аралы­ғын­да өзіне қатысты шектеулер қойылған адам профилактикалық есепке алынып, оған бақылау жүргізіледі. Ал учаскелік полиция инспекторлары есепке алынған «отбасы тиранын» тұрғылықты жері бойынша аптасы­на кемінде 1 рет барып тексеріп, профилактикалық әңгіме жүргізеді. «Қорғау нұсқамасының шарттарын бұзып, қайта тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық жасаған адамға Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабымен алдымен ескерту жасалады немесе 5 тәулікке дейін қамауға алынады», деген А.Милюк биылғы тоғыз айда республика көлемінде 65 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шы­ға­рылғанын мәлімдеді. Нұсқама талаптарын бұзған 4193 адам жауапқа тартылған.

ТҮЙІН. Отбасы – адамның ең жақын, ең жылы, ең аяулы мекені. Ал осы мекенде жақынынан зорлық, арқа сүйер ерінен зәбір көрген әйел қашанғы дағдарыс орталығын пана тұтып, психологке мұңын шағуы қажет? Шаңырағындағы тәртіп пен тәрбиені қабағымен-ақ түзей алған әкелеріміз қанша ашуға булықса да әйеліне жұдырығын ала жүгіріп, ұл-қызына ауыр сөз айтқан емес. Қаталдығы тастан қатты болса да шаңырағын мейірімге толтырып тұратын. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық – 65 мыңға жуық әйелдің жүрегіндегі налаға, бүкіл қоғамның бітеу жарасына айналды. Ал бітеу жараның түптің түбінде жарылары анық.