Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен органикалық өнімдерді өндіру және олардың айналымы мәселелеріне арналған заң жобаларын таныстыру рәсімі өтті. Бұл заң жобаларына сенаторлар бастамашы болды.
Іс-шара барысында Сенат Төрағасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында елімізді экологиялық таза өнімдер нарығында жаһандық деңгейге көтеру міндеті белгіленгенін айтты. Ел Президенті өз Жолдауында осы мәселеге назар аударғаны белгілі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті және органикалық өнім өндіру мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда органикалық өнім өндіру нарығында ұзақ мерзімді өсу тренді байқалады. Сондықтан бұл саланың даму мүмкіндігі өте жоғары деуге толық негіз бар», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері өз сөзінде елімізде органикалық өнім өндіру саласы бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылғанын айта келе, бұл бағытта өзекті түйткілдер де бар екенін сөз етті. Оның ішінде заңнамалық реттеу мәселесінің маңызы жоғары. Сондықтан сенаторлар осы саладағы заңдарды жетілдіру үшін бірқатар заң жобаларына бастамашы болды.
Соған сәйкес, «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнімдерді өндіру және олардың айналымы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына жаңашылдықтар енгізу көзделіп отыр.
Жаңа нормалардың бәрі органикалық өнім өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауға және осындай өнімдерді тұтынушы азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыруға арналған.
Атап айтқанда, мемлекетке өтпелі кезеңнің шығыстарын субсидиялау ұсынылады. Өйткені ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер бірнеше жыл бойы өнім ала алмауы мүмкін. Соған сәйкес өтпелі кезеңге тап болып, бос қалған ауыл шаруашылығы жерлерінен пайда да көре алмайды.
Заң жобасын талқылау барысында сенатор Ақылбек Күрішбаев негізгі баяндама жасады. Оның айтуынша, органикалық өнімнің бағасы дәстүрлі өнімге қарағанда әлемдік нарықта ең аз дегенде 15 пайызға, көп дегенде екі есе қымбат.
«Қазіргі таңда органикалық өнімді алпыс шақты отандық кәсіпорын өндіріп, экспорттайды. Соңғы жылдары экспорттың мөлшері 15-17 млн долларға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша ТМД мемлекеттерінің ішінде екінші орында тұрмыз. Сарапшылардың болжамы бойынша, Қазақстан мен Ресейдің органикалық өнім өндіру бойынша әлемдік нарықтағы әлеуеттік үлесі 20 пайыз. Бұл – үлкен көрсеткіш әрі межелі мақсат. Экспортты болашақта 2-3 млрд долларға дейін көтеруге мүмкіндік бар. Яғни қазіргі деңгейден кем дегенде 100-200 есе көбейте аламыз», деді А.Күрішбаев.
Сенатор өз сөзінде осы маңызды саланың дамымай тұрғанының себебіне тоқталды. Оның айтуынша, бұған кедергі келтіріп тұрған екі үлкен маңызды мәселе бар. Бірінші мәселе – өндіретін органикалық өнімімізді шетелдіктер мойындау қажет. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанның стандарттары шетелдіктердің стандарттарына сәйкес болу керек.
«Екінші – біздің фермерлеріміздің органикалық өндірісті игеруі. Өйткені оның өзінің тәртібі, технологиясы бар. Тұқымнан, тыңайтқыштардан бастап, топырақтың құнарлылығына дейін маңызды. Бұл ретте, фермерлердің білімін көтеру өте өзекті мәселе», деді А.Күрішбаев.
Депутат тағы бір жаңашылдыққа тоқталып өтті. Ол – органикалық өнімді міндетті сертификаттаудан бас тарту. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, дайын өнім емес, тек органикалық өнімді өндіру үдерісі ғана сертификатталады. Мұндай шара өнім өндірудің өзіндік құнын төмендетеді және шаруаларды қосымша қаржылық жүктемеден босатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, өнімді, әсіресе, ішкі нарықта қолжетімді бағамен өткізуге жол ашылады.
«Біріншіден, заң жобасында өнімдерді емес, органикалық өнімдерді өндіру процесін сертификаттау ұсынылады. Бұл тәсіл өндірістік процестерді нақтылайды және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Екіншіден, органикалық өнімді сертификаттау нарықтың қажеттіліктері мен қалауына байланысты жүзеге асырылады. Әлемдегі жетекші өндірушілер мен экспорттаушылар осылай жұмыс істейді.
Үшіншіден, сертификаттау талаптары бір құжатта белгіленеді. Қазіргі таңда сертификаттау талаптары әр түрлі деңгейдегі 4 құжатта бір мезгілде қамтылып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жұмысына қиындық туғызып отыр. Төртіншіден, органикалық өнім шығаратын кооперациялар мен ұсақ өндірушілерді топтарға біріктіру көзделеді.
Яғни заң жобасында топтық аттестаттау үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды, шағын қожалықтарды және шаруа қожалықтарын біріктіру ұсынылады. Сондай-ақ олардың ұйымдастырушылық, басқарушылық және қаржылық шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін Ұлттық PGS жүйесін қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылмақ», деді депутат.
Бұдан бөлек, тың және тыңайған жерлер өтпелі (конверсиялық) кезеңсіз органикалық өсімдік шаруашылығына беріледі. Шетелдік органдардан сертификат алған шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылығы холдингтері мен қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібіне ішкі нарықта «органикалық», «био», «эко» мәртебесі мен таңбалауы бар органикалық өнім сатуға мүмкіндік берілмек.
Сонымен қатар Қазақстанға әкелінетін органикалық өнімдерді жеткізу, таңбалау және өткізу жөніндегі қызмет жаңа заңмен реттеледі. Органикалық өнім өндірушілерді ақпараттық, ұйымдастырушылық, әдістемелік және консультативтік қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ сертификаттау және кеңес беру шығындарын субсидиялаудың қолданыстағы нысанын сақтау қарастырылмақ. Ең бастысы, органикалық өндіріс үшін инфрақұрылымдық ресурстар құрылады.
Заң жобаларын талқылауға Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, аграрлық сектор мамандары, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының Қазақстандағы өкілі, Қазақстанда органикалық өнім өндірушілер одағының, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім орталығының, «Қазақстан-Германия агросаяси диалогы» жобасының өкілдері және тағы басқа осы саладағы сарапшылар қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда органикалық өнім өндіруге шетелдік органдардан сәйкестік сертификатын алған 38 шаруа қожалығы бар. Еуропалық комиссия 2020 жылғы 20 мамырда қауіпсіз және экологиялық азық-түлік жүйесін құру стратегиясын қабылдағаны белгілі. Министрлік осы «Фермерден дастарқанға» жобасына иек артпақ.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы аясында органикалық тыңайтқыштарды өндіру мен пайдалануды ынталандыру мақсатында органикалық егіншілікті дамыту шаралары қарастырылған.
Органикалық егіншілік ауылшаруашылық дақылдарын өсіру ауыспалы егістерді сақтауды, мұқият өңдеуді, жоғары сапалы тұқымдарды себудің оңтайлы мерзімін, тереңдігін және жылдамдығын сақтау және органикалық тыңайтқыштарды міндетті түрде енгізуді қамтиды. Оларды қолдану – жоғары өнім алып, топырақ құнарлылығын арттыру және сақтаудағы мүмкіндік беретін маңызды әдістердің бірі.
Республикада органикалық тыңайтқыштарға қажеттілік 100-110 млн тонна шамасында. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы 1,2 млн тонна органикалық тыңайтқыш енгізілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп», деді Ауыл шаруашылығы министрі.
«Қазақстанның органикалық өнімдерді өндірушілер одағы» директоры Арсен Керімбековтің айтуынша, органикалық өнімдері шетелге экспортталғанда бірнеше рет сертификаттауға міндетті. Сондықтан ол импорттаушыларды Қазақстанға әкелген органикалық өнімдерді сертификаттауды міндеттеуді ұсынды.
«Еліміздегі органикалық өндірушілерді заңды түрде қорғау қажет. Сондай-ақ ЕО, АҚШ, Канада, Қытайдан сертификат алған өнімдерімізді Қазақстан аумағында сатуға мүмкіндік беру керек. Әлемдік конъюнктура әрқашан тиімді бола бермейді, мұндай кезде өнімді өз елімізде сатқан жөн. Қолданыстағы заңда нақты тыйым жоқ, бірақ мәселе туындамас үшін ресми рұқсат беруді ұсынамыз», деді А.Керімбеков.
Іс-шара соңында Сенат Төрағасы талқылау барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін және заң жобаларын жыл соңына дейін Парламент қарауына енгізу қажет екенін айтты.