1-4 қараша күндері Сербияның астанасы – Белградта 23 жасқа дейінгі балуандар арасында грек-рим күресінен әлем біріншілігінің (U-23) жалауы желбірейді.
Балқан түбегінде Қазақстанның 10 өрені өнер көрсетеді. Сұлтан Әсетұлын биылғы жылдың сәуір айында Алматыда өткен Азия чемпионатында белдесетін балуандардың тізіміне қосты. Ересектер дуына енді ғана қосылғанына қарамастан Сұлтан ел сенімін ақтап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Соның алдында ғана қандасымыз Италияда ұйымдастырылған аса ірі халықаралық турнирде күміспен күптелген еді. Таяуда Әсетұлы Ослода жалауы желбіреген әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне бөленді. Скандинавия түбегінде жүлде бұйырмағанымен, жас балуан үшін бұл үлкен тәжірибе мектебі болғаны анық.
Сұлтан Әсетұлынан бөлек, Белградта Қазақ елінің намысын Арслан Абдурахманов (55 кило), Ғалым Қабдынасаров (60 кило), Асаухат Мұхамадиев (63 кило), Азат Садықов (72 кило), Дәулет Жалғасов (77 кило), Диас Қален (82 кило), Сайлау Мақсат (87 кило), Дәулет Досыбаев (97 кило) және Антон Савенко (130 кило) қорғайды.