Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобасын мақұлдады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасы Президент бастамашы болған саяси реформа аясында әзірленгенін айта келіп, «Бұл – еліміз үшін өте маңызды, өте қажетті құжаттардың бірі. Осы енгізілген өзгерістердің нәтижесінде омбудсменнің қызметін, өкілдігін, жалпы адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын нығайтуға нақты қадам жасалып отыр. Бұл мемлекет және азаматтық қоғам арасындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жаңа жол ашатыны сөзсіз» деді.
Құжат адам құқықтарының бұзылуын қалпына келтіру бойынша Омбудсменнің өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтеді. Қазіргі таңда Омбудсмен институтын оның құқықтық мәртебесін, қызметінің қағидаттары мен кепілдіктерін, сондай-ақ адамның және азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі құзыретті заңнамалық деңгейде нақты айқындау арқылы одан әрі дамыту қажеттігі жетілдірілді.
Депутаттардың айтуынша, заң жобасын дайындау кезінде халықаралық тәжірибе, ең алдымен Париж қағидаттары мен Венеция қағидаттары мұқият зерделенген. Сондай-ақ алыс және жақын шетелдердегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің заңнамалық негізі мен құқық қолдану тәжірибесі пайдаланылған.
«Уәкілдің мәртебесіне, оның қызметінің қағидаттарына, яғни адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мүддесінде заңдылық, ашықтық және тәуелсіздік қағидаттарына ерекше мән беріледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қол сұғылмаушылық мәртебесі қарастырылған. Осыған байланысты оны жауапкершілікке тартудың ерекше тәртібі енгізіледі. Сонымен қатар уәкіл куә ретінде айғақ беруден босатылады», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров.
Сонымен қатар уәкілдің заңды қызметіне араласқаны немесе кедергі келтіргені үшін жауапкершілік енгізілмек. Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін адам құқықтары жөніндегі уәкіл саяси қызметпен айналыса алмайды, мемлекеттік қызметте істемейді, оқытушылық, ғылыми не өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, басқа ақы төленетін қызметпен айналыса алмайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің адам мен азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтіледі. Осы орайда тиісті құқықтар белгіленген. «Өтініш берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиісті шараларға қатысты мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға ұсыныс жолдау, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) адамдардың шектелмеген тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сотқа талап-арыз бере алады. Мұндай тәсіл алғаш рет ұсынылып отыр. Адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларды айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Мазмұндық тұрғыдан уәкілге адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы ақпаратты зерделеу және талдау, шағымдарды қарау нәтижелерін жинақтап қорыту функциясы жүктеледі. Бұл оның қызметіне дәйектілік пен алдын алу сипатын береді», деді А.Шәкіров.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, уәкіл адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді жетілдіру жөнінде жалпы сипаттағы ұсыныстарға бастама жасайды. «Заң шығаруға бастама жасауға құқығы бар субъектілерге Қазақстан Республикасының заңнамасына түзетулер енгізу үшін ұсыныс жасай алады. Қоғамдық маңызы зор не адамның және азаматтың конституциялық кепіл берілген құқықтары мен бостандықтары өрескел немесе жаппай бұзылған жағдайда тікелей Президентке, Парламентке, Үкіметке жүгіне алады.
Заң жобасында уәкілдің өңірдегі өкілінің мәртебесі мен қызметі бекітіледі. Ол осы лауазымды енгізу кезінде уәкілдің ұсынуымен жергілікті өкілді органдардың келісуі бойынша бес жыл мерзімге тағайындалады. Өңірдегі өкіл әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жекелеген өкілеттеріне ие болады. Құжатта адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың миссиясы бекітіледі. Ол жұмыс органы ретінде айқындалады және уәкілдің өңірлердегі өкілдерінің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады», деді Сенат Төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекстерге түзетулер енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының негізгі мақсаты – «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру.
Аталған құжат жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасының мақсаты – жануарларға қарауды құқықтық реттеу және оларға ізгілікпен қарау. Құжат азаматтардың адамгершілік тәрбиесінің идеологиясын, атап айтқанда, жануарларды ұстаудың моральдық және адамгершілігінің негізгі принциптерін қалыптастырады. «Аталған принциптерді іске асыру үшін талаптар мен қағидаларды белгілеу арқылы осы құқықтық қатынастардың мемлекеттік реттеу механизмдері де бекітілді. Соның ішінде жануарларды асырауға және тасымалдауға, сондай-ақ өсіруге және ветеринарлық қызметтер көрсетуге қойылатын жалпы талаптар, жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу қарастырылған.
Заң жобасы жануарларды жансыздандыру ережелеріне және өлексемен жұмыс істеуге арналған. Атап айтқанда, ветеринария саласындағы заңнаманың талаптарын сақтай отырып, жануарларды жансыздандыру мүмкін болатын жағдайлар айқындалған. Бұдан бөлек, құжатта жекелеген санаттағы жануарларға қарау және асырау кезіндегі талаптар анықталған. Сондай-ақ осы саладағы қоғамдық бақылау институтын алаңдаушылық танытатын азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен қалыптастыру көзделген. «Чиптеу» дегенге қатысты, заң жобасы үй жануарларын есепке алу өнімін (құралын) иелері есебінен ақылы негізде пайдалана отырып, үй жануарларын міндетті есепке алуды енгізеді», деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзіне сүйенсек, жануарларын міндетті есепке алу бойынша кейінге қалдыру нормасы көзделген. Бұл жоғарыда айтылғандарды жоспарлы іске асыру және үй жануарларын есепке алуды жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ олардың иелеріне біржолғы жаппай жүктемені болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар құжат жануарларға қатысты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды. Иттерді төбелестіру, анестезиясыз ветеринарлық операция жасау, жануарларды жазықсыз өлтіру, жануарларды әлсірету және оларға уақтылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулау әрекеттері жатады.
Заң жобасы арқылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Ветеринария туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, түзетулер Қылмыстық кодекстің 316-бабындағы (екі және одан да көп жануарларға қатысты жас баланың қатысуымен, осы әрекетті бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жария түрде немесе жария түрде көрсету арқылы жасалған, олардың мертігуіне, қырылуына әкеп соққан қатыгездікпен қарау) санкцияларды ұлғайту арқылы жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Бірінші бөлімде жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездігі үшін 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 30 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Екінші бөлімде жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездігі үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 50 тәулікке дейін қамауға алу ескерілген», деді Серікқали Брекешев.
Осы жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.
Сонымен қатар Мәжілістің бейінді комитеттері жалпы отырыста Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы заң жобасын және Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Салық кодексін жұмысқа алды.
Мәжіліс депутаттары мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Мақсат Раманқұлов, Елдос Абақанов, Берік Дүйсембинов, Еділ Жаңбыршин, Ғалымжан Елеуов.