Сейсенбіден сәрсенбіге қараған кеште Белградтың «Штарк Аренасына» жиналған сан мың жанкүйер мен көгілдір экранға көз тіккен миллиондаған көрерменнің назары өзбекстандық Хасанбой Дусматов пен қазақстандық Сәкен Бибосыновқа ауғаны сөзсіз. Соқыр жеребе мықты екі боксшыны әлем чемпионатының алғашқы айналымында жолықтырды.
28 жастағы Хасанбой Дусматов 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында бас жүлдені олжалады. Әндіжан бокс мектебі түлегінің өнері көпшілікке ұнағаны соншалық, оған Вэл Баркер кубогы табыс етілді. Одан бөлек, Дусматовтың әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері, құрлықтың екі дүркін чемпионы деген атақтары тағы бар. Казіргі кезде ол кәсіпқой рингте күш сынасып жүр.
Әрине, біздің Сәкен Бибосынов та осал жігіт емес. Өзінің мықтылығын Екатеринбургтегі әлем чемпионаты мен Токио Олимпиадасында мойындатқан қандасымыз қола медальді мойнына ілді. Десек те, Сербия астанасындағы жарысты тамашалаған майталман мамандар мен білікті бапкерлердің дені осы жекпе-жектің фавориті ретінде атағынан ат үркетін өзбек боксшысын атады.
Бапкерлік кәсіптің жілік-майын шаққан Мырзағали Айтжанов бұл жекпе-жекке өзінің төл шәкіртін өте жақсы даярлаған екен. Бойы мен қолы қысқа болғанымен, денесі мығым және соққысы жойқын Дусматовқа қарсы дұрыс тактика құра білді. Бәсекенің басынан аяғына дейін Өзбекстанның мақтанышы шабуылдаумен болды. Үнемі алға ұмтылып, жұдырығын әрі де, бері де сілтеді. Бірақ одан Бибосыновқа еш қауіп келген жоқ. Ол үнемі қарсыласының алдын орап отырды. Қажет кезде ашық айқастан да тартынған жоқ. Хасанбойдың соққыларының дені ауа қармап қалды. Нәтижесінде, бес төреші де жеңісті біздің жігітке берді. Осылайша, Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері деген дардай атағы бар даңқты Хасанбой Дусматов қазақтың қайсар ұлының мықтылығын еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Келесі кезеңде Сәкен үндістандық Дипакпен күш сынасады.
75 кило салмақтағы Нұрқанат Райыс та өзінің командалық әріптестерінің жеңісті жолын жалғастырды. Өзінің тұсаукесер кездесуінде ол черногориялық Стефан Савковичті сан соқтырды. Нұрқанаттың келесі қарсыласы – молдовалық Влад Гаврилыч.