Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Нұр-Сұлтанның «Барысы» қатарынан төртінші кездесуінде ұтылып, өз жанкүйерлерін әбден жерге қаратты.
Новосібір қаласында өткен бәсекеде екі команда әбден тіресті. Бірінші кезеңнің өзінде төрт шайба қақпа торынан табылды. Бір айта кетерлігі, бұл голдардың барлығы да 13 пен 20-минуттар аралығында соғылды. Алғашында Денис Голубев есеп ашты – 0:1. Біраз уақыттан соң Дмитрий Гурков таразы басын теңестірді – 1:1. Соңғы минуттарда Николай Демидов пен Кертис Волк бір-бір реттен мергендік танытты – 2:2. Екінші кезеңде де жеңімпаз анықталған жоқ. 24-минутта Волк дубль авторы атанса, 35-минутта Егор Миловзоров нысананы дәл көздеді – 3:3. Үшінші кезең мен қосымша уақытта таблодағы есеп өзгерген жоқ. Ал буллит соғу барысында «Сибирьдің» асығы алшысынан түсті.
Биылғы маусымда жеңілістен бас көтермей келе жатқан «Барыстың» жағдайы күннен-күнге күрделене түсуде. Қазіргі кезде жерлестеріміздің қоржынында небәрі 19 ұпай бар.