Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы департаментінің директоры Мақсұт Бақтыбаевтың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.
Ол өткен жылдың желтоқсан айында мекеме бақылауындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысынан 720 мың теңге пара алу үстінде ұсталған болатын.Сол кезде кәсіпкерге мемлекеттік сатып алу келісім-шартына қол қойғызуға көмектесем деп уәде берген екен. Ал осы жылы оның тағы бір былығы әшкере болды.
«Оған қызмет бабын пайдаланып, бағынышты мекеме, яғни «Мал шаруашылығы және ветеринарияның ғылыми-инновациялық орталығы» ЖШС-не пайда алып беру мақсатында басқа кәсіпорынның заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі келтіру арқылы мемлекетке 19,5 млн. теңгеге залал келтірді деген айып тағылды», - деді Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай.
Солтүстік Қазақстан облысында туған М. Бақтыбаев Voxpopuli.kz сайтына берген сұхбатында былай деген болатын: «Барлығына тек тамыр-байланыс арқылы ғана қол жеткізуге болады деген қатып қалған пікір бар. Бірақ, бұлай дейтін адамдардың көбі тіпті осының рас-өтірігін тексеру үшін саусағын да қимылдатпайды, олар қол қусырып отырғанды жақсы көреді. Мен мұндай пікірлерден аулақ болдым. Бұл - менің артықшылығым. Мен барлығына тек өзім қол жеткіздім және жеткізіп жүрмін - студенттік жатақханадан бастап элиталық баспанаға дейін. Жас кезімнен бастап қоғамдық өмірге белсене араластым. Астанадағы МГУ-дің бөлімшесіне «грантқа» оқуға түстім. Үшінші курстан бастап оқуымды Мәскеуде жалғастырдым. Оқуымды бітірген соң, «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуға бел будым. Сөйтіп, Лондонға оқуға аттандым. Енді мен мал шаруашылығы саласын жете түсінемін.Біз элиталық тұқымды сиырларды өсіріп жатырмыз».
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы.
Фото: Kz.Troniks.kz.