«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығында киелі Отырар өңірінің тарихын насихаттайтын мұражайдың қалыптасу шежіресін көпшілікке таныту мақсатымен «Отырар Эрмитажы» тақырыптық экспозициясы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тақырыптық экспозицияда музей адам - Асантай Әлімұлы туралы тың деректер мен музейдің құрылу тарихы мен жетістіктері туралы музей қорынан және басқа да дерек көздерінен алынған тарихи құжаттар, фотосуреттер, заттай жәдігерлер ұсынылған.
Асантай Әлімұлы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген соң, Сарыағаш ауданындағы «Орта төбе» жетіжылдық мектебінде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Э.Тельман атындағы орыс-қазақ мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейіннен туған ауылына қайта оралып, Октябрьдің 50 жылдығы атындағы орта мектепте тарих, қоғамтану пәндерінен сабақ берді. Сол мектепте жұмыс істеп жүріп, ортағасырлық қала орны Отырартөбенің төңірегінен табылған көне бұйымдарды жинастырып, 1967 жылы өзі жұмыс жасайтын Темір орта мектебінен алғашқы мектеп музейін ашты. Бұл туралы 1968 жылы музейді алғаш келіп көрген жазушы Дүкенбай Досжанов «Қазақстан мұғалімі» газетіне «Отырарда туған азамат» атты мақаласында Отырар жеріндегі Темір орта мектебінде дүниежүзілік маңызы бар Отырар музейінің қара шаңырағының негізі қаланды деп жазады. Бұл қазіргі «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің алғашқы іргетасы еді.
Осылайша мектеп музейіне жинақталған 600-дей жәдігері шағын екі бөлме жеткіліксіз болғандықтан Асантай Әлімұлы аудан орталығынан музей үшін кішігірім алты бөлмелі үй сұрастырып алады. Оған өз күшімен, отбасымен жабыла ақысыз жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Осылайша қорында негізгі 600-ден астам жәдігері бар қоғамдық негіздегі халықтық музей өмірге келеді. Бұдан кейін де музей жұмысы қызу жүргізіліп, халықтан сұрау салып жинақталған көне бұйымдар және кездейсоқ табылған археологиялық жәдігерлермен музей қорының саны бір жарым мыңға жетеді. Бірте-бірте музей көпке танылып 1975-1976 жылдар аралығында облыстық өлкетану музейінің филиалы ретінде аудандық өлкетану музейі болып жұмыс істей бастайды. Ал, 1976 жылдың басында өз алдына қорында 2000-нан астам жәдігері бар аудандық мемлекеттік өлкетану музейі болып құрылады.
Мұражай қорындағы жәдігерлер саны да алуан түрлі археологиялық заттар, ұлттық музыкалық аспаптар, әртүрлі көне қару-жарақтар, сырғалар, жүзіктер, білезіктер, алқалардың сан алуан түрлері, алтын жалатылған күміс кемер белдіктер, сонымен қатар киіз үй жабдықтары, сүйекпен өрнектелген кебеже, сандықтар, асадал, тұс дорба, аяққап, қоржындар, мыс құмандар, көне қолжазбалар мен кітаптар т.б. тарихи құнды мұралармен молая түседі. Жинақталған 3000-нан аса жәдігер ендігі кезекте 6 бөлмелі музей ғимаратына да сыйымсыз болады. Ендігі кезекте Асантай Әлімұлы музей үшін арнайы үлкен ғимарат керектігін айтып, облыс, республикадағы тиісті орындарға хаттар жолдай бастайды. Жоғары орындардан музейді келіп көрген кісілер атқарылған жұмысқа ризашылықтарын білдіреді. Осылайша қазіргі «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ғимаратының іргетасы 1979 жылы қаланып, 1982 жылдың басында пайдалануға беріледі. Содан бері қорында 25000-нан астам жәдігері бар еліміздегі республикалық «Отырар» қорық-музейі мәдени мұраларды ғылыми зерттеу, сақтау, көпшілікке насихаттау жұмыстарын игі атқарып келеді.
Музей адам - Асантай Әлімұлы халқымыздың көне заттарын ғана жинап қойған жоқ, оның рухани мұрасына да ден қойды. Ел ішінде сапарлап жүріп «дала академиктері», «шежіреші» атанған көнекөз, дана қариялардан халық өлеңдерін, шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, ертегілер, тарихи жырлар, айтыстар, өлеңдер жинады. Майлықожа, Құлыншақ, Ергөбек, Молда Мұса, Нұралы, Айтбай, Балтабай, Садуақас секілді ақын-жыраулармен қатар, Қалымбет, Мыңбай, Санбай, Өтебай секілді бұрын белгісіз болып келген ақындардың өлеңдерін жазып алып, тұтынған бұйымдарын жинастырып ел арасына танытты.
Сегіз қырлы, бір сырлы Асантай Әлімұлы бойындағы суретшілік пен ұсталық өнерлері де ерекше. Ұсталығына келсек, Асантай Әлімұлы ескі заттарды қалпына келтірді, матадан бұйымдар тікті, яғни, әр заттың өзіндік қалпының жоғалмауына өз үлесін қосты. Ал суретшілік өнері ел тарихымен және тарихи тұлғалармен тығыз байланысты болды. Тарихи тұлғалар мен шығармаларды қылқаламмен бейнеледі. Атап айтар болсақ, «Әбу-Нәсір әл-Фараби», «Шоқан», «Ыбырай», «Қажымұқан», «Абдолла Жармұхамедов» атты туындыларының орны бір бөлек. Бастысы, «Отырар ойраны» атты полотносы - ешкім қайталай алмайтын ең құнды туындысы. Бұлардың барлығы қазіргі күні «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қорында сақтаулы.
Ел алдындағы сіңірген еңбектері бағаланып, 1994 жылы Асантай Әлімұлына Отырар ауданы мәслихатының шешімімен «Отырар ауданының құрметті азаматы» атағы берілген. Ал 1998 жылы 11 желтоқсанда «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағына ие болды.