Әлеуметтік зерттеулер нәтижесінің ақпараттық анықтамасы 2013 жылдың 13 қарашасынан 22 желтоқсанына дейін «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты «Ең көкейкесті әлеуметтік мәселелер рейтингі» әлеуметтік зерттеуін жүргізді.
«Нұр Отан» партиясындағы жаңару мақсатты-жобалық жұмыс принципін енгізуге мүмкіндік туғызды. Және Қоғамдық саясат институты әр жобаны қажетті ақпарат және сарапшылардың кеңесімен қамтамасыз ету үшін «ақылдасу орталығы» болуға ықыласты. Бұл зерттеулер институттың осы бағыттағы маңызды қадамы болды. Салыстырмалы түрде алғанда, еліміздегі ең көкейкесті мәселелерге байланысты қоғамдық пікір партияның күн тәртібін белгілеу мен оның жобаларын жүзеге асырудағы жұмысының негізін құрайтын болады.
Респонденттердің саны – Қазақстанның барлық аймақтарындағы және республикалық деңгейдегі маңызы бар қалалардағы 16 мен 68 жас аралығындағы 1600 адам. Сауалдамаға қатысқан қалалықтардың үлес салмағы – 55%, ауыл мен село тұрғындарынікі – 45%.
Сауалдамаға қатысушылардан тұрғылықты жеріндегі мәселелерге қатысты жауап алынғанда, азаматтардың 52 пайызы оның ең өзектісі ретінде коммуналдық қызмет бағаларының жоғарылығын атады. Аймақтардың ішінде тарифтің қымбаттығы, әсіресе, Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын қатты алаңдатады – 81%, 2-орында Алматы қаласы – 76%, Қостанай облысында бұл көрсеткіш – 74%. Бұл – елдегі қорытынды нәтиже бойынша үшінші орын.
Бірінші кезекте қажет тауарлар бағасының жоғарылығы мен табыстың төмендігін (айлық, зейнетақы, шәкіртақы) сұхбат берушілердің 46 және 40%-ы белгіледі. Бірінші кезекте қажет тауарлар бағасының қымбаттығы, әсіресе, Батыс Қазақстан облысында өзекті болып табылады, аймақ тұрғындарының 80%-ы оны ең өткір мәселе ретінде атаған. Бұл көрсеткіш қорытындысының нәтижесі бойынша екінші болып Солтүстік Қазақстан облысы тіркелді, айырмашылығы 9-орынды құрайды – 71%. Табыстың төмендігін айтқан сұхбат берушілердің ең жоғары пайызы Маңғыстау облысында – 62%, Қарағанды және Жамбыл облысында сұралғандардың 58%-ы оны ең өткір мәселе ретінде атады.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, азаматтарды толғандыратын ең өзекті проблемалардың бестігіне жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесі (баспананың жоқтығы, бұл саладағы мемлекеттік бағдарламаның тиімсіздігі) кіреді.
Бір айта кетерлігі, жұмыссыздық мәселесі еліміздің оңтүстік аймағының тұрғындарын көбірек толғандырады: Жамбыл облысы – 69%, ОҚО – 51%, Алматы қаласы – 42%, Алматы облысы – 37%, Қызылорда облысы – 31%.
Сауалдамаға қатысушылардың 40 және 42%-ы Астанадағы және Ақмола облысындағы тұрғын үй мәселесінің өзектілігін атап өткен.
Сондай-ақ, респонденттерге жолдардың сапасыздығы (25%), экологиялық ортаның қолайсыздығы (20%), 45 жастан кейін жұмысқа тұрудың қиындығы (19%), денсаулық сақтау саласындағы проблемалар (19%), балабақшалардың жетіспеушілігі (18%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының проблемасы (15%), аналарға, мүгедектерге, балалар үйіне әлеуметтік қолдау көрсетудің төмендігі (15%) сияқты жауаптардың нұсқасы ұсынылды.
«Егемен-ақпарат».