Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов пен Динар Нөкетаева ТМД ПАА тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz. ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бақытжан Жұмағұлов бірқатар заңнамалық актілерді, сондай-ақ комиссияда қолға алынған басқа да құжаттарды Ғылым және білім жөніндегі комиссия отырысында әріптестерімен бірге талқылады. Парламентшілер «Ғылым және технологиялар саласындағы зияткерлік қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы», «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін мемлекеттік аттестаттау (аккредиттеу) туралы» үлгі заңдардың жобаларын және «Ғылыми және ғылыми-техникалық сараптама туралы» үлгі заңға өзгерістер жобасын қарады.
Отырыста ғылым және білім беру саласындағы үлгі заңның келешек бағыттары бойынша ұсынымдар, сондай-ақ білім беру саласындағы цифрландыруды нормативтік реттеу туралы да сөз болды.
Сенатор Динар Нөкетаева өз кезегінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Депутат өз сөзінде осы кезеңде ТМД алаңының арқасында бірлестікке қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығын күшейту және өзара іс-қимылына қарқын беру үшін көптеген істер атқарылғанын атап өтті.
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы өзінің 30 жылдық тарихында посткеңестік кеңістіктің түрлі бағыттарында, оның ішінде мәдени-гуманитарлық салада өзара тиімді ынтымақтастық пен тең құқылы мемлекетаралық диалог үшін жетекші алаңға айналды. 30 жыл бойы ынтымақтастық тетіктерін үнемі жетілдіру, олардың тиімділігін арттыру әрбір қатысушы мемлекетке мәдени-гуманитарлық кеңістік құруда негіз қалаушы қағидаттарды, әдістер мен практикалық құралдарды әзірлеуге мүмкіндік берді», - деді сенатор.
Суретті түсірген Е.Үкібаев