Жалғыз Қазақстанды ғана емес, әлемді жайлаған сыбайлас жемқорлық атты қауіпті кеселге қарсы біздің елімізде орасан күрес жүргізіліп жатқаны айдай анық. Соның бір айғағы ретінде айтар болсақ, өткен жылы сыбайлас қылмыстарды жасағаны үшін әртүрлі деңгейдегі 200-ге жуық басшылық қызметтегі лауазымды адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәселен, солардың ішінде бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Өмірияев, Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары М.Сәдуақасов (2010 жылдан бастап Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі), «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компанияның президенті Г.Мырзақұлов, Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі Т.Бастенов, ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі комитетінің басқарма бастығы М.Біләлов және т.б. болып жалғаса береді. Әлі де «қылғытып қойып», құқық қорғау органдарының құрығына түсіп қалып жатқандары аз емес. Демек, жемқорлыққа қарсы күрес бүгінгі таңда бір сәтке де саябырсыған жоқ. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Онда Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары А.Лукин Елбасының Жолдауына байланысты жаңа міндеттер жедел іске асырылатындығын атап өтіп, негізгі мәселелерге, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және шағын, орта бизнесті қорғау бойынша жұмыс нәтижелеріне тоқталды. Ол әуелі Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы басты мақсаты ретінде әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуды белгілегенін тілге тиек етті. Одан кейін Президент айтып өткендей деп, бұл мақсатқа қол жеткізу оңай болмайды және болашақта болуы мүмкін қиындықтармен кездесуге тура келетіндігін де қаперге түсірді. Сөйтіп, ол еліміз егемендігін алған алғашқы күндерден бастап сыбайлас жемқорлық жалпы қылмыстылықпен қатар қоғам үшін қауіпті қатерге айналғанын да жасырмады. Өйткені, сыбайлас жемқорлық жүргізіліп отырған экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасап қана қоймай, сондай-ақ мемлекеттің халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіріп, елдің ұлттық қауіпсіздігіне жүйелі қатер төндіреді, деді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде белгіленген. Соған орай бұл күндері агенттік басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің салааралық бағдарламасын» іске асыруда. Осы бағдарламаның шеңберінде ұлттық заңнаманы жетілдіруге, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді азайту, көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге бағытталған ұйымдастыру-құқықтық шаралар көзделген екен. Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының жаңа тәсілдерін жасау туралы тапсырмаларын орындау мақсатында агенттік Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасына ұсыныстар дайындап, енгізіп те қойыпты.
Сыбайлас жемқорлық үшін қатаң жазалау шараларына қосымша, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту және мемлекеттік қызметте болуға байланысты қосымша шектеулерді көбейту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, ең маңызды бастамалардың бірі болып заңсыз баю, пара беруге уәде ету және пара ұсыну, оларды қабылдау, үшінші біреудің пайдасына пара беру және коммерциялық сатып алу, ықпал етуді саудалау (теріс пайдалану), қалай тапқанын түсіндіре алмайтын мүлікті тәркілеу және т.б. белгіленді. Осындай шаралар Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде қолданылады. Аталған жаңалықтарды енгізу үшін жаңа заңдардың бірқатарын дайындау мен қолданыстағы заңнаманы толықтыратын заңдарды қабылдауды көздейтін іс-шаралар қосылды. Біздің ойымызша, ұсынылған бастамаларды іске асыру ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға барынша жақындатуға, сөйтіп, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін іс жүзінде төмендетуге мүмкіндік береді, деді А.Лукин.
Мәселен, 2013 жылы бұрнағы жылмен салыстырғанда, қылмыстарды ашу көрсеткіштері бір деңгейде қалғанымен, жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны артқан. Қылмыстардың басым бөлігі өкілеттігін теріс пайдалану, парақорлық, қызметтік жалғандық жасау және бюджет қаражатын ұрлау деректері бойынша анықталды. Мемлекеттік міндеттерді атқаруға уәкілеті тұлғалар мен оларға теңестірілген тұлғаларға қатысты барлығы 1445 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішіндегі жартысына жуығы 46 пайыз (660) – әкімшілік пен оның құрылымдық бөлімшелері қызметшілеріне, 16 пайыз (232) – ішкі істер органдары, 5 пайыз (70) – әділет органдары, 5 пайыз (66) – Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне, 3 пайыздан салық қызметі органдары мен әкімдерге (49 пен 47 сәйкес) қатысты қозғалған. Аталған статистика осы ведомстволар басшылығы тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Жалпы, қазір лауазымды тұлғалар қаржы полициясы органдарына пара беру ұсыныстарын өздері хабарлауды бастады. Пара алу деңгейі төмендегенмен, пара беру көріністерін ашу 2 есеге көбейді. Сыбайлас жемқорлықпен күресуге жәрдемдескен тұлғаларды көтермелеу туралы ереже шыққалы бері, 170 адамға 19 млн.теңге сыйақы төленді. Азаматтардың хабарлауы бойынша 200-ден астам қылмыстық іс қозғалып, олардың барлығы сотқа жолданған.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».