Тайвань мен Қытай арасындағы шиеленіс талайдан бері жалғасып келеді. Бұл мәселеде халықаралық қоғамдастықтың өзіндік ұстанымы бар. Әсіресе, кейінгі кезде Батыс елдері Тайбэй билігіне қатысты ұстанымын өзгертіп, өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ниетті.
Қазіргі таңда Тайвань – БҰҰ тарапынан мойындалмаған мемлекет. Заң жүзінде Қытайдың меншігі саналады, бірақ іс жүзінде тәуелсіз ел. Қытай билігі әлі күнге дейін Тайваньды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бастамасын қолдауды көздейді. Бірақ тайваньдықтар мұндай жобаға мүлдем қарсы.
Жер-жаһандағы небәрі 15 ел ғана Тайваньның тәуелсіздігін мойындаған. Оның көбі – Тувалу, Палау секілді Тынық мұхитындағы аралдарда орналасқан шағын мемлекеттер. Әлемдік аренада ықпалы бар бірде-бір ел Тайваньның егемендігін таныған жоқ. Тіпті, аталған елдің тағдырына алаңдайтын АҚШ та оларды азат ел деп есептеген емес.
Тайвань мәселесін жиі көтеретін Еуропалық одақ елдері де оны тәуелсіз ел деп санамайды. Бірақ саясат сахнасындағы кейінгі оқиғалар Еуропалық одақтың көзқарасын өзгертетін сыңайлы.
Өткен аптада Тайваньның сыртқы істер министрі Джозеф Ву қарт құрлықтың бірқатар мемлекетіне барып қайтты. Бір қызығы, Д.Вудың сапары көпшілік назарына ілікпей, аяқталғанға дейін бұқаралық ақпарат құралдарына белгілі болмады.
Әуелі Ву мырза Чехия мен Словакияға барды. Прагада тайваньдық делегаттар киберқауіпсіздік, «жасыл технология» секілді бірнеше саланы қамтыған бес меморандумға қол қойды. Содан кейін Брюссельге сапар шекті. Еуропалық одақтың бас кеңселері орналасқан шаһарда Тайвань делегациясы Тынық мұхит – Азия мәселелерін талқылады. Кездесу бейресми мәртебеге ие болғанына қарамастан, Қытай мәселесі қарт құрлықтың шенеуніктерін алаңдатып отырғаны байқалады.
Бейжің билігінің пікірі көп күттірген жоқ. Қытай Тайваньды жеке мемлекет ретінде санамайтындықтан, кез келген елмен қарым-қатынасын құптамайды. Сондықтан аталған мәселеге назар аударып отырады. Тіпті, кейде аңдамай сөйлеп, сынның астында қалатыны бар.
Былтыр Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Еуропа елдеріне барған еді. Осы сапар кезінде ведомство басшысын қарт құрлықтың шенеуніктері «тәртіпке салып» жіберді. Бәріне кінәлі – Ван Идің өзі.
Неміс журналистеріне сұхбат беріп тұрған ол Чехия Сенатының президенті Милош Выстрчилдің Тайваньға барған сапарын сынға алды. Ван Идің айтуынша, Чехия осы қадамы арқылы Қытайға сатқындық жасап, 1,4 миллиард қытайлықтың жауына айналды. Сондай-ақ дипломат Чехия осы әрекеті үшін жауап беретінін де жеткізді.
Ван Идің Еуропа аумағында тұрып қарт құрлықтың өкіліне сес көрсетіп, астамсып сөйлеуі Германияның сыртқы істер министрі Хэйко Маасқа ұнаған жоқ. Өзіне сөз кезегі тигенде Х.Маас мырза еуропалықтар бірлесе әрекет ететінін ескертіп, оның үркітуін негізсіз деп айыптап, қытайлық әріптесін тыйып тастады. Сондай-ақ Еуропалық одақ АҚШ-Қытай текетіресіндегі ойыншық емес екенін жеткізді.
Көп ұзамай-ақ Еуропадағы басқа саясаткерлер де Ван Иді сынға алған. Тіпті, Чехия Сенатының басшысы Милош Выстрчил Тайвань парламенті депутаттарымен кездесуінде «Мен тайваньдықпын» деп саңқ етіп, осы елдің азаттығы мен демократиялық құндылығын қолдайтынын жеткізді.
Бейжің Вудың сапарын мұқият бақылап отырғаны белгілі. Оның Чехияға сапарына қатысты пікір білдірген Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжао Лицзян ашу-ызасын жасыра алған жоқ.
«Қытай тарапы Чехия Парламенті Сенатының және мүдделі тұлғалардың зиянды арандатушылық әрекетін құптамайды. Біз Чехия тарапына ескерту жасадық. Қажет болса заңды әрі тиісті әрекетке барамыз», деді Чжао Лицзян.
Алдағы уақытта Еуропалық парламенттің депутаттары Тайбэйге баруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Бейжің билігінің адам құқықтарын сақтамауын қатаң сынайтын «Социалистер мен демократтар» тобының мүшесі Рафаэль Глюксман бар. Чжао Лицзян қарт құрлықтың депутаттары бұл сапарынан бас тартпаса, тиісті шара қабылдайтынын жеткізді.
«Еуропалық парламент – Еуропалық одақтың ресми органы. Егер оның комитеті депутаттарын Тайваньға сапарға жіберсе, бұл «Бір Қытай» ұстанымына қарсы келеді. Сондай-ақ Қытайдың негізгі мүддесіне нұқсан келтіріп, Қытай-ЕО қарым-қатынасының бұзылуына жол ашады. Біз оқиғаның өрбуіне сәйкес әрі қарай әрекет етеміз», деп жазды Қытайдың Еуропалық одақтағы өкілдігі твиттердегі парақшасында.
Бейжің билігінің ауға түскен балықтай шоршуының себебі жетерлік. Елдегі коммунистік партияның көршілес елдерге қатысты жүргізіп отырған саясаты, Шыңжандағы мұсылмандарды қудалап, түзету лагерлерін ашуы, адам құқығын аяққа таптауын демократиялық елдер сынға алды.
Таяуда Қытай басшысы Си Цзиньпин Тайваньмен «бейбіт түрде қосылатынына» уәде берді. Оған қоса, Қытай әуе күштері 1 қазаннан бастап Тайваньның әуе кеңістігін бұзып кірген. Оған 150-ге жуық ұшақ қатысқан. Бұл да Қытайдың әлем алдындағы абыройын одан сайын түсіріп жіберді. Халықаралық қоғамдастық Қытай тарапының мұндай заңсыздық әрекетін айыптады.
Кейінгі уақытта Батыс елдері Бейжің билігіне қатысты ұстанымын қатаңдата бастады. Керісінше, Тайваньмен арадағы қарым-қатынасты жақсартуға кірісті. Мәселен, Литва Тайваньмен Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер арасынан алғаш болып дипломатиялық байланысты нығайтты. Сөйтіп, өзара елшіліктер ашуға келісті. Еуропалықтардың Тайбэй билігіне оң қабақ танытып отырғанын Еуропалық парламент мүшесі Маркета Грегорова да мойындайды.
«Қазіргі таңда Еуропалық одақтың Тайваньға қатысты ұстанымы өзгеріп келеді. Қытай да, Тайвань да өздері жүргізген саясаттың жемісін жеп отыр. Бейжің билігі дипломатиялық әрекетін агрессивті, интрузивті түрде жүргізіп, шектен шықты. Ал Тайвань өздерінің оң ниетін көрсетіп, тиімді серіктес екенін аңғартып отыр», дейді ол.
Еуропалық шенеуніктердің қатты кетіп, қытайлық әріптестерінің бетін қағып тастауына бір мәселе қатты әсер етіп отыр. Қытай – Еуропалық одақтың басты сауда серіктестерінің бірі. Сондықтан шығар, бүкіл әлем Бейжің билігінің Тайваньның тәуелсіздігін мойындамауын, Гонконг билігіне араласуын, Шыңжандағы мұсылмандарды қудалауын, Оңтүстік Қытай теңізіндегі шиеленістерді айыптап жатқанда қарт құрлықтың кей мемлекеттері пікір білдіруге асыққан жоқ.
Еуропалық парламенттің заңгерлері Тайваньмен арадағы инвестиция мәселесін жеңілдетуге барын салып жатыр. Алайда Еуропалық комиссия бұған аса ниетті емес. Өйткені мұндай қадамға барса, Қытайды ренжітіп алуы мүмкін. Ондай жағдайда өзара сауда айналымына нұқсан келуі ықтимал.
Бірақ Тайваньның да өз ұсынары бар. Қазіргі таңда аталған ел жартылай өткізгіштер жасаудан ешкімге дес бермейді. Еуропалық одақ өз кезегінде бұл салада аса табысты емес. Сондықтан қарт құрлықта шығатын бүкіл электронды құралдарға қажетті заманауи «микрочиптерді» Тайваньмен бірлесіп шығаруға зор мүмкіндік бар.
Осы орайда Қытайдың саясаты еуропалық дипломаттарды «тойдырғанын» аңғару қиын емес. Мәселен, Huawei компаниясының 5G технологиясын қолданудан үмітті Германия да пікірін өзгертті. Оған қоса, Брюссель дипломаттары Еуропаға Қытайдан инвестиция тартудың орнына, оны шектеудің амал-шарғыларын қарастырып жатыр. Франция мен Германия дипломаттары Үнді-Тынық мұхиты аймағына ерекше көңіл бөле бастады. Яғни мүмкіндігінше Қытайға тәуелді болмаудың жолдарын қарау үстінде.