Цифрлы трансформация арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, тиімділігін арттыру, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдау, сондай-ақ цифрлы инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді технологиялық өнімдердің есебінен жақсарту. Осындай өр мақсатты орындау үшін Үкімет «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасын қолға алды.
Ұлттық жоба 10 бағыттан тұрады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің пікіріне сүйенсек, Ұлттық жоба 10 бағыттан, 26 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады. Оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған.
«Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген. Біріншісі – цифрлы трансформация. Нақты айтсақ, қызметтерді 5 минуттың ішінде көрсету, IT саласын дамыту, халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет құру, қолайлы өмір сүруге арналған цифрлы құралдарды қолдану, технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту, сол секілді сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарынан тұрады. Екіншісі – ғылым. Яғни ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту. Бұл дегеніміз, ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еліміздің дамуындағы ғылымның үлесін ұлғайту, ғылым-өндіріс-бизнес тізбегінің сәтті жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және ғылымдағы әкімшілік үдерістерді жетілдіруді білдіреді», деді Б.Мусин.
Министрдің айтуынша, бұл жобаны іске асыруға шамамен 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген. Оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, 800 млрд теңге жеке инвестициялар есебінен қарастырылады.
100 мың маманды даярлау міндеті қойылды
«ІТ-индустрияны жолға қою үшін негізгі үш мәселеге басымдық берілуі тиіс. Атап айтқанда, адам капиталын дамыту, жобаларды акселерациялау және қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету. Егер де осы айтылғанның барлығы жүйеге келтірілсе, онда Президенттің 2025 жылға дейін IT қызметінің экспортын 500 млн долларға дейін жеткізу туралы тапсырмасын толығымен орындауға болады», дейді жауапты ведомствоның басшысы.
Ұлттық жоба аясында адам капиталын дамыту бағытында «виртуалды мұғалім» ұғымы енгізілмек. Біріншіден, бұл ақпараттану (информатика) және бағдарламалау бойынша тәлімгерлерге, әсіресе, осындай мұғалімдер тапшы ауылдарға қатысты. Қазір қанатқақты жоба Шығыс Қазақстанның 150 мектебінде сәтті жүзеге асырылуда. Сондықтан оны басқа өңірлерде де жалғастыру көзделіп отыр.
«Қашықтыққа қарамастан оқушылар ақпараттану және бағдарламалау бойынша сапалы білім алу үшін екі жылдың ішінде жоғары білікті мамандар даярлауға қабілетті 20 инновациялық бағдарламалау мектебі құрылады. Елімізде осындай екі мектеп жұмыс істейді. Бүгінде оның түлектері жаһандық BigData компанияларында жұмыс істеп жатыр. Инновациялық мектептердің дамуын ынталандыру үшін 20 мың ваучер бөлініп, олар дәл осы мектептерде тегін оқуға мүмкіндік беретін болады. Оған тек студенттер ғана емес, сондай-ақ мамандығын өзгертіп, IT-дағдыларын меңгеруге құштар кез келген адам түсе алады. Бүгінде жоғары оқу орындар шығаратын түлектер біздің сұранысымызға сай келе бермейді. Бұл біздің ортақ проблемамыз болғандықтан Білім министрлігімен бірлесіп, 50 IT-факультетті бейінді оқу орындарына немесе қалыптасқан IT-компанияларға беру бойынша ортақ жұмыс жүргізіледі», деді Б.Мусин.
IT экспортын ынталандыру үшін ведомство шығындарды өтеуге де ниетті. Айталық, «Бәйтерек» қорының осы салаға арналған бағдарламалары да жоқ емес. Бұған қоса шетелдегі қанатқақты жобаларды да субсидиялап, іске қосу жоспарланған. Құзырлы орган тың технологиялардың мүмкіндігін пысықтайтын арнайы сынақ алаңдарының болуы да маңызды екенін айтады.
Интернеттің сапасына мән беріледі
Сапалы интернет және ақпараттық қауіпсіздік» бағытына сәйкес қалалардағы интернеттің жылдамдығын секундына 10 мегабитке дейін жеткізу межесі қойылып отыр. Әйтсе де Б.Мусин ауылдық жерлердегі интернеттің сапасына байланысты проблемалардың әлі де толығымен шешілмегенін жоққа шығармады.
«Қазір шамамен 5 163 елді мекенде интернет бар. Алайда 768 ауылда оның сапасы өте нашар. Биыл 400-ден аса тексеру жүргізіліп, 92 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. 3-4 айдан кейін осындай жағдайлар қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге ұлғаяды. Бүгінде айыппұл мөлшерін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін көтеру мәселесі қарастырылуда. Сондықтан операторлар интернет сапасын арттыруға баса мән береді деп ойлаймыз», деді министр.
Мемлекеттік қызмет алудың жаңа үрдісі
Мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру мақсатында «5 минут ішінде көрсетілетін қызметтер» бағыты іске асырылып, халыққа қызмет көрсетудің тиімді жолдары ұсынылады.
«Жеке қатысуды талап етпейтін қызметтер цифрлы форматта көрсетіле бастайды. Мысал келтірсек, бір баспанадан екіншісіне көшу тек құқықты рәсімдеумен ғана шектеліп қоймайды. Мұнда телефонды орнату, түбіртектерді өз атыңызға ауыстыру сынды жұмыстар бар екенін білеміз. Цифрлы қызметтер осындай өмірлік жағдайға бейімделуі тиіс. Цифрлы архитектура мен үрдістер клиенттік тәжірибе негізінде, сондай-ақ мемлекеттік органның ғана емес, өмірлік жағдай тұрғысынан құрылады», деді Б.Мусин.
Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді жылдам және сапалы алу мақсатында бейнебайланыс жүйесі енгізіледі. Кез келген азамат белгілі бір жағдайға байланысты цифрлы технологияларды қолдана алмай жатса, смартфонға ХҚО қосымшасын жүктеп, бейнеқоңырау арқылы қызмет ала алады. Алдағы уақытта ХҚО сервистік модельге көшіп, операторлар тек кеңестер ғана беріп отырады деп қарастырылуда.
Министрлік 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қызмет 100% смартфон арқылы қолжетімді болатынын алға тартып отыр. Ұлттық жобада көзделген басты мақсат та осыған саяды. Демек цифрлы құралдар қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолғабыс етіп, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға септесуі тиіс.
«Мәселен, өкпе аурулары немесе әйел адамдарының денсаулығын диагностикалау кезінде науқастың суретін түсіру ғана жеткілікті болады. Оның деректері географиялық орналасуға қарамастан маманға жіберіледі. Оған тек елорданың ғана емес, еліміздің кез келген өңіріндегі дәрігер тексеру нәтижелерімен танысып, диагноз қоя алады. Жасанды интеллект талдау жасап, науқасқа өзі ұсыныстар береді. Міне, осындай технологияларды бес жыл ішінде енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оқу процесін цифрландыруға келсек, оқушыларға ауыр оқулықтарды өздерімен алып жүру қажеттілігінен босатып, цифрлы портфелмен жұмыс істеуге мүмкіндік бермекпіз. Сондай-ақ қалаларда 150 мың бейнекамера орнату жоспарланған. Бүгінде бейнекамералар заң бұзушылықтардың алдын алып, анықтауға септігін тигізіп келеді. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік мәселесін одан әрі жетілдіруге жол ашып отыр», деді ведомство басшысы.
Пандемия кезінде оқу процесінің онлайн форматқа ауысуы қажетті инфрақұрылымға қаншалықты жүк түсетінін анық байқатты. Сол себепті ықтимал тәуекелдерді ескеріп, Ұлттық жоба шеңберінде мектептерді 100 мб секундынан төмен емес интернетпен қамтамасыз ету көзделуде.
Естуші және тиімді мемлекет тұжырымдамасын іске асыру мақсатында мемлекеттік сектор ішіндегі процестерді оңтайландыруға, мемлекеттік органдармен байланыс үшін халықты құралдармен қамтамасыз етуге, мемлекеттік құрылымдардың жұмысын күрделендіретін құжат айналымын төмендетуге бағытталған бірқатар жобаны іске асыру бойынша жұмыс жалғасын табады.
«Естуші және тиімді мемлекет» үшінші бағыты бойынша азаматтармен тікелей диалог орнату үшін «Е-петиция», «Е-өтініш» және тағы басқа тетіктерді құру маңызды, кез келген азамат бұған смартфон арқылы өз бағасын бере алатын болады. Мемлекеттік аппарат ішіндегі процестерді күрделендіретін құжат айналымын 50%-ға төмендету көзделген. Тиімділікті арттыру үшін процестерді, мысалы, жобалық басқару бойынша мемлекеттік құрылымдар арасында артық хат алмасуды қажет етпейтін заманауи проджект-менеджмент құралдарында жүзеге асырамыз», деді Б.Мусин.
Тәуекел аймақтарды анықтау немесе кедендік бақылауда көмек көрсету бойынша «жасанды интеллект» ұлттық жоба аясында енгізіледі. Десе де министрліктің міндеті мемлекеттік деректер қорының интеграциясын 100% қамтамасыз етіп, цифрландырудың платформалық моделін пайдалану екен.