• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 31 Қазан, 2021

«Тобыл» – чемпион!

335 рет
көрсетілді

Спорт болған соң кейде жеңесің, кейде жеңілесің. Ал кейде сол бір жеңістің өзін ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Оны сезіну мүлде ерекше. Дәл қазір Қостанайдың «Тобылы» сол сезімді бастан өткеріп жатқаны анық. Себебі Қостанай клубы араға 11 жыл салып футболдан Қазақстан чемпионы атанды. Бір қызығы, осыдан 12 жыл бұрын ғана іргетасы қаланған елорданың «Астанасы» осы уақыт ішінде ішкі біріншілікте 6 рет топ жарды.

Чемпиондықтың тағдыры соңғы турда шешілді. Өткен аптаға дейін «Астана» мен «Тобыл» турнир кестесінде бір-бірін өкшелеп келсе де, бар мә­селе 26-турда шешілді. Ел чем­пионы атанған «Тобыл» соңғы тур ойынын Оралдың «Ақ­жайық» ұжымымен өткізді. Сырт алаңда қарсыластарынан 2:0 есе­бімен басым түскен Александр Мос­каленко шәкірттері осылайша ел чемпионы атанды.

Кездесудің 28-минутында «То­был» шабуылшысы Игорь Сергеев командасын алға шығарды. Ас­хат Тағыбергеннің алыстан жа­саған соққысын «Ақжайық» қақ­пашысы қайтарғанымен, кейін серпілген допқа бірінші жеткен өзбекстандық шабуылшы допты қақ­паға тоғытты. Ал 60-минутта Асхат Тағыбергеннің өзі жеңісті голды соғып, ойынның нүктесін қойды. Осылайша, 26 ойында 61 ұпай жинаған «Тобыл» чемпион атанды. Біріншілік барысында «Тобыл» 18 рет жеңіске жетіп, 7 рет тең ойнады. Тек бір ойында ғана («Каспий – 2:1) жеңілістің кермек дәмін татты.

Ал соңғы сәтке дейін «Тобыл­мен» бірге чемпиондыққа талас­қан «Астана» 25-турда сырт алаң­да «Қайраттан» жеңіліп, чем­пионаттағы жағдайын қиындатып алса, соңғы турда турнир кес­тесінде 12-орында келе жатқан Түркістанның «Тұранымен» тең ойнады. Екі ойында бір-ақ ұпай жинаған «Астана» осылайша чемпиондық атақты «Тобылға» беріп қойды.

«Астана Аренада» өткен ойында алаң иелері бірінші тайм­ның 11-минутында гол соғып, есепте алға шықты. Голдың авторы – Макс Эбонг. Алғашқы 45 минутты сәтті аяқтап, екінші таймда да елордалықтар тәуір ойын көрсетіп жатқан еді. Алайда 78-минутта «Астананың» молдовалық легионері Валерий Чуперка қы­зыл қағазбен алаңнан қуылып, ко­мандасын қиын жағдайда қал­дырып кетті. Арада 2 минут өткен соң «Астананың» бұрынғы ойын­шысы, қазіргі «Тұранның» капитаны Таңат Нөсербаев гол со­ғып, таразы басын теңестірді. Қо­рытынды есеп – 1:1.

Чемпионатты тең ойынмен бастап («Тұран» – 2:2), тең ойынмен аяқтаған «Астана» 26 ойыннан кейін турнир кестесінде екінші орынға табан тіреді. 17 матчта жеңіске жетіп, 6 ойында тең түсіп, үшеуінде жеңілген елордалық ұжым 57 ұпай жинады. Былтырғы бі­ріншілікте қола жүлдеге қол жеткізген «Астана» биыл күміс жүлде иеленді.

Сонымен қатар чемпионаттың тағы бір маңызды ойыны Пе­тро­павлда өтті. Жергілікті «Қызыл­жар» командасы өз алаңында Шым­кенттің «Ордабасы» ұжы­мын қабылдап, турнир кесте­сін­де төртінші орынға кім ла­йық екенін анықтады. Турнир кес­тесінде онсыз да 4-орында тұр­ған «Ордабасыға» бұл ойында тең нәтиже де жетіп жатыр еді. Матчтың 90-минуты басталғанға дейін шымкенттіктер алаң қо­жайын­дарымен терезесі тең ойын көрсетіп (2:2), өз міндеттерін ла­йықты орындап жатқан болатын. Бірақ төреші қосқан қосымша минутта «Қызылжар» ойыншысы Пабло Подио бұрыштама кезінде бас­пен гол салып, жергілікті жан­күйерлерді қуанышқа бөледі – 3:2.

Осы жерде ешқандай жүлдесі жоқ төртінші орынның қандай маңызы бар деген заңды сауал туындайтыны анық. Біріншілік ережесі бойынша, егер Қазақстан кубогында чемпионаттағы ал­ғашқы үш орынды иеленген коман­даның бірі топ жаратын болса, Еурокубок ойындарына берілетін жолдама автоматты түрде чем­пионатта төртінші орын алған ко­мандаға беріледі. Ал қазір кубок ойынының жартылай финалына «Тобыл», «Астана», «Қайрат» және «Шахтер» клубтары шыққан. Егер «Шахтер» Қазақстан кубогын ие­ленетін болса, онда турнир кес­тесінде төртінші орын алған ко­манда бәрінен құр қалады. Ен­ді «Қызылжар» жанкүйерлері Қазақ­стан кубогының аяқталғанын күтеді.

26-турдың өзге де ойында­рының нәтижесі мынадай: «Қай­рат» – «Жетісу» – 0:0, «Ақтөбе» – «Каспий» – 1:5, «Тараз» – «Қайсар» – 1:2, «Шахтер» – «Атырау» – 3:1.

Тұңғыш рет Премьер-лигада

Биылғы ел біріншілігінің қорытындысы бойынша ең нашар ойын көрсеткен екі ұжым – «Қай­сар» мен «Жетісу» жоғары топтан төменгі топқа түсіп қалды. Енді екі клуб қайтадан Премьер-лигаға шығу үшін келесі жылы Бірінші лигада үздіктер қатарынан көрінуі керек. Ал төменгі топта алғашқы екі орынды иеленген Павлодар облысының «Ақсуы» мен Түркістан облысының «Мақтааралы» енді Премьер-лигада «Қайсар» мен «Жетісудың» орнын басады. Бір айта кетерлігі, бірі 2012 жылы («Мақ­таарал»), екіншісі 2018 жылы («Ақсу») құрылған екі клуб та өз тарихында тұңғыш рет Премьер-лигаға жолдама алып отыр. «Мақтааралдың» 2017 жылы жоғары топта ойнайтын мүмкіндігі болған еді. Алайда електік ойында «Тараздан» жеңіліп, Премьер-лигадан тыс қалды.

Дегенмен «Мақтааралдың» келесі жылғы чемпионаттағы тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі Бірінші лигада өнер көрсететін «Оқжетпес» клубынан федерация шешімі бойынша 9 ұпай алынған. Егер клуб федерация алдындағы мін­деттерін толық орындайтын болса, онда «Оқжетпес» қайтадан Премьер-лигаға оралуы мүмкін.

Чемпионат қорытындысы бо­­йынша, жылдың үздік сұр­мер­гені болып «Астананың» хор­ватиялық легионері Марин То­масов танылды. Ол маусым бойы қарсыластар қақпасына 17 гол соқты. Екінші орын «Қайрат» ша­буылшысы Артур Шу­шеначевке бұйырса (12 гол), үздік үштікті «Тобылдың» ойын­шысы Игорь Сергеев (10 гол) түйіндеді.