Батыс Қазақстан облысы судан тапшылық көріп жатыр. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, алып құрлықты екіге бөліп ағатын Жайықтың халі мүшкілденген соң, шағын өзен-көлдер тіпті құрып барады. Тайпақ өңірінде талай жұртқа нәпақа болған Бағырлай өзенінің бүгінгі ахуалы туралы жанайқайға құлақ түріңіздер.
Бірнеше жыл бойғы қуаңшылық малмен күн көріп отырған ауылдағы ағайынды әбден сары уайымға салды. Байырғы өзен – Бағырлайды жағалап, өзегі талып көрмеген шаруалар соңғы үш жылда малына берер су таба алмай қиналуда. Шыдамның да шегі бар. Халі әбден мүшкілденген өзенге түсер тамшы су сұрап, шаруалар дабыл қақты. Тайпақ ауылының тұрғыны Баян Мұхамбетова хабарласып, Бағырлайдың жайын өз көзімен көріп, билікке ел-жұрттың жанайқайын жеткізуі үшін тілшілерді шақырды.
«Бағырлай құрып кетеді деген ой үш ұйықтасақ, түсімізге кірмейтін. Бірақ қазіргі жағдай осы. Қаңсып, айтақырға айналды. Соңғы жылдары ауа райы да мүсіркеп тұрған жоқ, қыста қар, жазда жаңбыр аз. Мал суаратын суат таба алмай, дала кезіп тентіреп жүрміз», дейді өзенге араша сұраған шаруалар.
Расында да, Батыс Қазақстан облысымен көршілес Атырау облысының Индер ауданы шекарасындағы Бағырлай-4 су қоймасы әбден кеуіп қалған, жүректі ауыртады. Бір кездері балығы тулап, қамысы шулаған өзеннің жағдайы қынжылтады.
Ұзындығы 80 шақырымға созылатын Бағырлай өзені бірнеше жерден бөлініп, аяқ жағындағы 27 шақырымдай арнасына су келмеген. Алайда Индермен шектескен тұстағы көпірге қақпа қойылыпты, өзен арнасының атыраулық бөлігінде су толып тұр. Оның себебін сұрағанымызда, атыраулықтар Жайықтан кіші өзенге насоспен су айдап жатқанын білдік. Ал арнаның өздеріне тиесілі бөлігі кеуіп қалғанын көрген тайпақтық шаруалар осындай оң әрекеттің ертерек қолға алынбағанына күйінеді.
«Азамат» шаруа қожалығының жетекшісі Нәсіпқали Бисеновтің де билік басындағыларға судан бөлек айтар базынасы бар. «Осы маңды мекен еткеніме 15 жылдан асты. Судың жоқтығы өз алдына, индерлік қожалық иелері өз жерінің шұрайын сақтап, малын біздің аймаққа айдап жібереді. Жайылыс жоқ. Көз шалатын жердің бәрі тері сүйреткендей. Көрші шаруаларға бірнеше рет ескерттім, шетінен өндірдей жас жігіттер. Кері шауып, қоқан-лоқы көрсетіп кетеді». Ақсақалды балағаттап, үркітіп қорқытқан басбұзарларға тоқта дейтін жан керек.
Тайпақ ауылдық округі әкімдігінің дерегінше, Бағырлай өзенін жағалай 22 шаруа қожалығы жайлайды. Бұларда 833 ірі қара, 4 729 уақ жандық, 965 жылқы, 20 түйе тіркелген. Осы округтегі Шабдаржап пен Томпақ ауылының өндірістік кооперативіне тиесілі 439 бас ірі қара да осы алқапта жайылады.
Қос кооперативтің бірінің тізгінін ұстап отырған Болат Ғабдуалиев бірнеше жылдан бері қордаланған мәселенің егжей-тегжейін тарқатып берді: «Осыған дейін арнаның түбінде қалған там-тұм суды малға талғажау етіп, өлместің күнін кешсек, биыл жағдай мүлдем күрделене түсті. Шабдаржап пен Томпақтың малына ішер су жоқ. Ауылға осыдан бірнеше жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су құбыры жеткізілген болатын. Амал нешік, таңертеңнен кешке дейін жайылып келетін қой-ешкісіне ауыл тұрғындары осы суды береді. Ал бағымдағы сиырды суару үшін «Орал-Атырау» күре жолын күніне төрт мәрте кесуге тура келеді. Таңмен жолдың арғы жағындағы жайылымға шығатын табынды түстен кейін Жайыққа айдаймыз. Одан шөлін қандырып болған соң, кері қайтару тағы керек. Сөйткенде жеріміздің байлығы – өзен бойындағы ен тоғайымызды да құртып бітіруге жақындадық. Малдың аузын бітеп қоймаймыз ғой, жүрген жолындағы терек-бұталарды жайпап барады жеткенше».
Оның айтуынша, осындай қолайсыздықтарға байланысты бағымдағы малға қарайтын жан табу да қиынға түсуде. Себебі жолдан әрлі-берлі өткен түлікке көлік соқтығысып, мал иелері мен бақташыны сотқа сүйреп әлек. Биыл осындай екі оқиға болған. Алғашында көлік иесі кооперативтен 4 млн 200 мың теңге өндіріп алуға ниеттенген көрінеді, абырой болғанда, сотта бұлардың кінәсіз екені дәлелденген. Бір-екі күнде Б.Ғабдуалиев тағы да соттың алдына бармақ. Енді көлік иесі келтірілген шығынның есебіне 1 млн теңге талап етіп отыр екен.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, өзеннің Атырауға тиесілі бөлігіне көршілер насоспен су айдап отыр. Солармен келісіп, қаражатын төлеп болса да, көпір қақпасын аштыртса, игі болар еді. Сусыз қалғанымызға бірнеше жыл болды. Малмен күн көріп отырған ауыл үшін ең қиыны осы-дағы. «Құдық қазып, су шығарыңдар» дейді. Бізде биыл 7 құдық қазылып, оның 5-еуі бітеліп қалды. Жыл сайын жаңа құдық қаза беретіндей шаруалардың жағдайы да мәз емес», деп ашынды Тайпақ ауылында өткен суландыру жүйесіне жауапты мекеме басшыларымен жүздесуде Б.Мұхамбетова.
Осы орайда шаруалармен басқосуға арнайы келген «Қазсушар» РМК облыстық филиалы өкілдерінің де уәжін тыңдадық. Олардың айтуынша, соңғы үш жылда болған қуаңшылық тек Ақжайық ауданына емес, бүкіл Батыс Қазақстан облысына қиындық тудырған. Айталық, 2019 жылы Жайықтың деңгейі 2,4 метр болса, былтыр 3,07, ал биыл 3,58 метрге көтерілген. Ал осы өзеннен бастау алатын кіші өзендердің арнасы толуы үшін судың деңгейі кем дегенде 6 метрге дейін көтерілуі керек. Жайықтан негізінен 600 млн текше метр су алуға рұқсат бар, бірақ биыл соның тек 250 млн текше метрі ғана Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне жіберіліпті. Себеп жалғыз – өзенде су жоқ. Алынған су көлемінің 30 пайызы, яғни 74 млн текше метрі бүгін мәселе басына көтерілген Бағырлайға жан бітіретін Тайпақ магистралды каналына бөлінді. Әйтсе де бұл судың Тайпаққа жететін түрі жоқ. Себебі жолшыбай 199 бекеттен су алынады. Қалғаны бау-бақшаға құйылса, көктемде азын-аулақ көлтабандарға су алғандар да бар.
– Бағырлай-4 қоймасына су берейік десек, Жайықтан түсіп жатқан су көлемі – секундына тек 1 ғана текше метр. Ал жан-жаққа таратып отырған су – 6 текше метр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, су орташа деңгейде болғанда, Жайықтан секундына 10-15 текше метр кіруші еді. Яғни көлемі 10-15 есе азайды. Жайық-Көшім суландыру жүйесінің бойында 4 су қоймасы бар, Бағырлай солардың бірі – Дөңгелектен нәр алады. Ал мұнда судың 30 пайызы ғана қалды. Осы қойманы сумен толтырар Бітіктің де табаны көрінуге жақын. Оның сыйымдылығы 106 млн текше метр болса, қазір 9 млн текше метр су бар. Бұл бұған дейін болып көрмеген көрсеткіш, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының инженері Шымболат Бекмағамбетов.
Жоғарыда айтылғандай, Жайықтан рұқсат етілген су көлемін түгел алмайынша, облыстың ең шеткі аймағы – Тайпаққа судың келуі неғайбыл. «Келер жерін кең қылсын» деп, қара судың өзін пұлсыз бермейтін көрші елдің мейіріміне де, рақымына да сеніп қажеті жоқ сияқты. Сонда тығырықтан шығар жол қайда?
«Жайықгидрогеология» ЖШС мамандарының пайымынша, Тайпақ өңірінде судың дені ащы. Бірақ ұсыныс түссе, тұщы судың қорын іздеуге дайын. Осы жүздесуде мекеме өкілдері шахталық құдық қазу, оның бағасы жөнінде біраз түсінік беріп өтті. Несі бар, су келгенше, амалдай тұруға болатын бұл да бір әрекет.
Шаруалармен жүздесіп, мәселенің мән-жайын түсіндіруге келген аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиевтің айтуынша, Жайыққа су мол келгенде, Атамекен ауылының тұсындағы ескі арнамен Бағырлайға еш кедергісіз құйылады. Ал қазір кіші өзенді тек Тайпақ каналы ғана суландырып отыр, оның өзі де мардымсыз.
– Біз Бағырлайдың жайына әбден қанықпыз. Бәрімізді де кеуіп қалған өзеннің халі қатты алаңдатады. 2019 жылы өздеріңіз білесіз, Жайықта су соңғы 100 жылда болмаған деңгейге төмендеді. Оған дейін кіші өзендерге су молынан құйылатын. Әрі қыста тоң тұрмай, жазда жаңбырдың да аз жаууының салдарынан Бағырлай құрғап қалды. Одан кейін келген судың да деңгейі көңіл көншітпейді. Алпыс күн тасыған судың алты күнде қайтарын мықтап ұғындық. Су тапшылығы ең алдымен малға, екіншіден жанға ауыр сезілуде. Осыған дейін Томпақ ауылының тұсынан Жайықтан Бағырлайға тікелей құбыр тартамыз деп жоба жасауға ниет еткенбіз. Бірақ мұның реті шықпады, екі ортада көсіліп жатқан жол бар әрі сол жолдың бойымен электр желілері, газ құбырлары тартылған. Соларды басқарып отырған мекемелерден суға арналған құбырды төсеу үшін рұқсат алуға тиіспіз әрі бұл өте қымбатқа шықпақ. Сонымен айналысып жүргенде, уақыт осылай текке өтіп кеткенін мойындауымыз керек. Ендігі жол – Атамекен ауылының тұсындағы ескі арнаға Жайықтан су айдау үшін қуаты мол, қалқымалы насос стансасын орнату. Әрине, бұл да қаражатты талап етеді. Бір ауданның бюджеті мұндай ірі жобаны көтере алмасы анық. Сондықтан облыс әкімдігінен қолдау сұрап отырмыз. Қазіргі таңда Атамекен ауылынан Жайық өзеніне дейін 5 шақырым электр желісін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Электр желісі 2022 жылы жеткізілуі керек. Құрылғының орнатылуы, қосымша жабдықтарды қоспағанда, қалқымалы насостың өзіне 100 млн теңгеден астам қаражат қажет, – дейді А.Батырханұлы.
Көріп отырғанымыздай, Бағырлайды мекендеген шаруалардың бар үміті – Жайықтың тасуы мен Тайпақ каналынан түскен суда емес, осы насоста. «Іргемізден аққан өзеннің пайдасын көре алмай отырмыз ғой» деп бір жұтым суға зар болып, шамданған малшы ағайынның жанайқайына облыстағы атқамінерлер құлақ түріп, мәселені тезірек шешсе игі. Ұзынсақалды кейбір жобалар сынды бірнеше жылдың төңірегіне созылса, әбден қаңсыған өзеннің ертеңгі жайы, сол суға мұқтаж ауылдың халі не болмақ? Бағырлайдың бағы тайса, Шабдаржап пен Томпақтағы ел-жұрт күнкөріс көзі – малынан айырылады. Ағайынның осы мал үшін ғана ауылда отырғаны аян, басқа жұмыс көзі жоқ. Бетін әрмен қылсын, 1-2 жылда малға беретін су келмесе, ауылдан адамдардың жаппай қоныс аударары да ақиқат. Қарап отырсаңыз, осы ауылдарға газ да, су да тартылған, Шабдаржапта еңселі білім ордасы бой көтергеніне 3-4 жылдың шамасы болды. Билік басындағылар адам ауылдан үдере қашса, осы игіліктердің түкке де қажеті болмай қалатынын ойласа игі еді. Ел ертеңі ауыл екенін ұмытпалық.
Әлия ШАРАПИЕВА
Батыс Қазақстан облысы