• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Қараша, 2021

Оралда жас күйшілер сайысы өтті

560 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан өңірі – Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек сынды күйшілер өмірге келген өнерлі өлке. Ұлттық музыка өнерінде есімі өшпестей сақталатын бұл есімдердің лайықты ізбасарлары бар ма? Жақында Орал қаласында өткен жас күйшілер сайысы осы сауалға жауап бергендей, деп жазады Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдап, «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жас күйшілер сайысына қатысушылар аз болмады. Осының өзі көңілге қуаныш ұялатты. Жақында ғана пайдалануға берілген ақшаңқан «Атамекен» өнер ордасында өткен күй сайысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылды. Шара еліміздегі күйшілік өнерді өскелең ұрпаққа, өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттар мен шебер орындаушыларды анықтау, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Сайыс барысында жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында арнайы ұлтық қолөнер түрлерінен көрме ұсынылды.

«Күй – тектілік тереңі!» атты облыстық жас күйшілер сайысы 2 кезеңнен тұрды. Іріктеу кезеңінен іркілмей өткен ең үздік жас күйшілер финалдық бәсекеде сайысқа түсті. Сайыс жеңімпаздары 14-18 және 19-29 жас аралығындағы екі топ бойынша анықталды.

Сонымен, сайыс нәтижесінде 14-18 жас аралығы бойынша жүлделі I орынды – Наурызбек Күзенбаев, II орынды – Эрнест Қайыржанов, III орынды – Айзада Қибашова иеленді. Ерекше өнерімен көзге түскен Жұлдыз Нариманова мен Мәдина Қадырғалиеваға «Көрермен көзайымы» жүлделері бұйырды. Ал 19-29 жас аралығы бойынша I орын сыйлығы Қайрат Байқұттыға бұйырды. Жүлделі ІІ-III орынды Қыдырнияз Егінғали мен Темірлан Сыралиев өзара бөлісті. «Көрермен көзайымы» аталымына Бекзат Рамазан мен Нұрай Үмбетова лайық деп танылды. Сайыс жеңімпаздарына арнайы диплом, естелік сыйлық және қаржылай сертификат табыс етілді.