Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданындағы жұмыс сапары барысында «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағына барып, қант зауытының құрылысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде аталған экономикалық аймақтағы ең іргелі жобалардың бірі саналатын қант зауытының негізгі құрылыс жұмыстары басталуда.
Жобалық құны 91 миллиард теңгені құрайтын заманауи зауыттың қуаттылығы тәулігіне 8 мың тоннаға дейін қызылша өңдеуге жетеді. Қазіргі кезде мұнда арнайы қалашық салынып, 130 адам вахталық әдіспен еңбек етуде. Олар тегістеу, іргетастың орнын дайындау секілді жұмыстарға қызу кіріскен.
«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының» басқарма төрағасы Серік Нұрғожаев жуық арада жұмысшылар саны тағы да артатындығын айтты. Ал қант зауытының құрылысымен айналысып жатқан мердігер бүгінгі күнге дейін 800 миллион теңге көлеміндегі қаржыны игерсе, жыл соңына дейін 1 миллиард 200 миллион теңгені игермек. Өз кезегінде облыс әкімі қант зауытының іске қосылуы аудандағы шаруашылықтардың жұмысына ерекше серпін беретінін атап өтті. Зауыт 2023 жылы толық қуатында іске қосылмақ.