Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі
Киевте және Украинаның басқа да қалаларында наразылық акциясына қатысушылар мен құқық қорғау органдарының өкілдері арасында қазаға әкелген қақтығыстардың ушығуын үлкен алаңдаушылықпен қабылдадық.
Мықты және беделді, экономикалық, өндірістік және адами әлеуеті зор мемлекетке саяси қарама-қайшылықтардың тигізіп отырған зардабын өкінішпен атап өтеміз.
Қазақстан мен Украинаны дәстүрлі достық және стратегиялық қарым-қатынас байланыстырады, олардың негізінде өзара сенім мен құрмет жатыр. Біз Украинаны маңызды әріптесіміз ретінде қарастырамыз.
Біз зорлықтың кез келген түрін қатаң сынаймыз және Украинаның барлық саяси күштерін ұстамдылыққа, қантөгісті тоқтатуға, мемлекеттің конституциясы мен заңдарына сәйкес тәртіп орнатуға шақырамыз. Сонымен қатар, халықаралық қоғамдастықты да осы елдегі жағдайды тұрақтандыруға барынша ықпал етуге шақырамыз.