Түркістанда халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатында отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда, Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан мен Түркияның білікті мультипликаторлары Орталық Азиядағы ең ірі анимациялық фестивальдың қызыл кілемімен жүріп өтті. Биыл байқауға барлығы 57 өтінім келіп түскен, оның 49-ы іріктеуден өтіп, әйгілі шетел аниматор-мультипликаторлары мен отандық білікті мамандардың бағасын алды.
Фестивальдың ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов анимация өнері арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу – ұлттық «Рухани жаңғыру» жобасының маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. «Өздеріңізге мәлім, алғашқы қазақ мульттуындысының жарық көргеніне биыл 54 жыл толды. Осы уақыт ішінде ұлттық анимацияның жеткен жетістігі де, көтерілген биігі де аз емес. Ең бастысы, талай таланттар өсіп, ұлттық мектеп қалыптасты. Десе де, заман көші ілгері кетуде. Оған ілесу үшін біздің елімізде барлық мүмкіндік бар. Білімі мен білігі мол шығармашыл жастар, мамандық нәсібін пайдалы кәсіпке айналдырған жекеменшік студиялар, жаңа идеялар мен тың бастамалар және ең бастысы, осы еңбекті тұтынуға дайын ұлан-ғайыр ел, жасампаз аудитория бар», деді вице-министр. Сондай-ақ Болат Тілепов өз сөзінде мемлекеттік тапсырысты тиянақты реттейтін, мақсатты жұмсайтын жүйе жоқ екенін алға тартты. Сол себепті анимациямен айналысатын шығармашылық топтарды қолдаудың жаңа жүйесі пайда болатынын хабарлады. «Келесі жылдан бастап, жаңадан қабылданған ұлттық жоба аясында «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі өз жұмысын бастайтын болады. Оның негізгі міндеті – ұлттық анимация нарығында жүрген шығармашыл топтарға бір орталықтан қолдау болып, отандық өнімнің өрісін кеңейту үшін жағдай жасау. Екіншіден, анимация өнерін тек балалар контенті ретінде емес, кино мен жарнаманың, компьютерлік ойындар мен веб-коммуникация тіліне айналдыру арқылы толыққанды ұлттық ақпараттық ресурс қалыптастыру. Үшіншіден, әрине әлемдік мультиндустрия өкілдері мен оның ішінде бүгінгі фестивальға қатысып отырған шетелдік әріптестермен де тығыз байланыс орнатып, қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтеру», деді Болат Тілепов.
Сондай-ақ фестиваль барысында Түркітілдес елдердің анимация өнерінің бүгінгі ахуалы мен келешек бағдары талқыланды. Фестивальдың екінші күні ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қазақ мультипликациясының өкілдері мен бауырлас түркі елдердің белгілі режиссер-аниматорлары қатысты. Олардың қатарында Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілда, халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінің президенті Мақпал Жұмабай, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз (Түркия), режиссер-сценарист, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков, Balapan телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы, комикс және қозғалыс суретшісі Мұстафа Ахмет Қара (Түркия), режиссер-мультипликатор Тұрдыбек Майдан, режиссер-аниматор Азизбек Мухамедов (Өзбекстан) және отандық киностудиялардың жетекшілері бар. Қатысушылар басқосуда келешекте түркі дүниесінің аниматорларын біріктіру керек деген мәселеге бірауыздан тоқтады. Түркітілдес елдердің арасындағы анимациялық фильмдер өндірісіне қатысты мамандар мен компанияларды біріктіретін орталық ұйымдастыру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтқан Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілда бұл ұсынысты орынды деп есептейді. «Түркі елдерінің анимация мамандарын біріктіріп, сол жұмысты жүйелесек, ауқымды аудиторияны қамтуға мүмкіндік туады. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қызығушылық бар, алайда әрекет жоқ. Түркітілдес мемлекеттердің арасында көпір болатын ұйым құруымыз керек», деді А.Әбілда.
Ал Мусаб Гүндүз түркі халықтары өз арасында ниеттес, пікірлес, жанашыр болуы маңызды екенін баса айтып, ортақ ұйым құруды қолдайтынын жеткізді. «Түркияда 85 миллионға жуық халық бар десек, оның 20 миллионы – біздің негізгі аудитория, яғни балалар. Біз кеше фестивальда қазақ көрерменіне ұсынған Istanbul Muhafizlary фильмін Түркияда 10 млн бала тамашалап, жоғары рейтингке қол жеткізді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, ол сондай-ақ бізді алға жетелеп, ынталандырып отырады. Ал түркітілдес елдердің аудиториясы бұдан да үлкен, шамамен 200 миллионнан астам адам. Анимация қымбат жанр, көп қаржыны қажет етеді. Ал осы түркі елдер аудиториясы біз үшін үлкен нарық болмақ. Түркі елдеріне ортақ бірлестік құруды біз де қолдаймыз», деді түрік анимация продюсері.
Халықаралық ÁMEN анимациялық фильм фестивалінің президенті Мақпал Жұмабай анимацияда түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайту аса маңызды екенін атап өтті. «Ұлттық анимацияны дамытуда оқшауланып, есік-тереземіздің барлығын жауып отыруға болар еді, бірақ біз басқа жолды таңдадық. Біз бірлік, достық, түркі жолын таңдадық. Біз тізе қосып біріксек, алынбайтын қамал жоқ екенін сездік. Қоғамдық өмірдің әртүрлі саласында түркі бірлігі бар. Ал анимацияда бұл бірлік әлсіздеу еді. Осы кинофестиваль сол дүниенің негізі болған ірі платформаға айналып жатыр», деді Мақпал Жұмабай.
Сондай-ақ сарапшылар анимацияға қатысты қаржы тарту, құқықтық реттеу, аудиторияның талғамы мен талабына сай болу, жас дарындарды оқыту, техникалық жабдықтау секілді кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді атап өтті. Дөңгелек үстел қатысушылары түркітілдес елдердің анимациядағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, ортақ міндеттерді жүзеге асыруға қадам жасауға уағдаласты.
Биылғы іс-шараның өзгешелігі – фестиваль аясында тренинг-мастер кластар өткізілді. Дисней компаниясында жұмыс істеген, әлемге танымал үздік туындылардың жасалуына қатысқан Александр Дорогов дәріс оқыды. Сонымен қатар «Маша және аю» мультфильмінің жасаушылары, режиссері отандық мамандарға сабақ өтті. Фестиваль аясында түркі-стандық балдырғандарға түркі елдерінің үздік мультфильмдері тегін көрсетілді. Сондай-ақ қазақ анимациясының өсу деңгейі жөнінде мамандардың пікірін де білуге мүмкіндік туды. Иә, қазақ мультфильмі дегенде есімізге әуелі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген туынды түсері анық. Халық ертегісінің желісі бойынша түсірілген бұл мультфильм 1967 жылы көпшілік назарына ұсынылды. Туынды авторы қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы – Әмен Қайдаров. Айта кетелік, оның қолынан шыққан «Қарлығаш» 1968 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальда ІІІ жүлдені иеленсе, 1975 жылы халықаралық Нью-Йорк мультфильмдер фестивалінде «Кола Праксиноскоп» жүлдесін жеңіп алды. Сол алғашқы туындыдан бергі жарты ғасырда қазақ анимациясы білікті мамандармен толықты. Дегенмен қазақ мультфильмі ерекше туындыларды ұсынып, балалар болашағына үлесін тигізу үшін қаржы мәслесесі толықтай шешілуі тиіс. Мамандар анимациялық фильмдер түсіріліп, көпшілікке жол тартуынан бөлек, ақшалай да пайда әкелуі керектігін айтады. Мультфильмді өмірге әкелу, оны балалардың санасы қабылдайтындай түсіру оңай шаруа емес. Бұл орайда режиссер-сценарист Батырхан Дәуренбеков заманауи сюжеттерге жүгіну арқылы мультфильмге сұранысты арттыруға болатынын айтады. Қазіргі балаларды қызықтырудың өзі қиын шаруа, онша-мұншаға елең ете бермейді. Кеңес дәуіріндегі балдырғандармен салыстырғанда олардың психологиясы өзгергені мәлім. Сол себепті аниматорлар заманауи элементтерді қосу арқылы, балалардың ұлттық мультфильмдерді көріп өсуіне жол ашылатынын айтады.
Фестивальға келіп түскен жұмыстарды әділқазылар алқасы сценарий, режиссура, анимация, кейіпкер, көркемдік шешім бойынша бағалады. Айта кетелік, анимациялық фестивальда әйгілі шетел аниматор мультипликаторлары мен отандық білікті мамандар қазылық етті. Сонымен халықаралық ÁMEN фестивалінде өзбек режиссер-аниматоры Азизбек Мухамедовтің «Дом на колесах» мультфильмі «Үздік анимациялық фильм» атанды. Өзбек режиссері байқауға екі бірдей жұмысын ұсынған. Олардың бірі «Волшебный танбур» қысқаметрлі анимациялық фильмі «Үздік қоюшы суретші» аталымында топ жарса, «Дом на колесах» туындысы фестивальдың «Үздік анимациялық фильмі» деп танылды. «Әмен Қайдаров атындағы фестивальға қатысып, қазақ анимациясындағы достарыммен қауышқаныма өте қуаныштымын. Туындыларымыздың жоғары бағаланып, еңбегімнің еленгені – үлкен мәртебе. Көрермендерімізбен фильмдерді жасауға атсалысқан шығармашылық топ бұл жүлделерді ерекше ықыласпен қабыл алатынына сенімдімін. «Дом на колесах» өмірде бәрі бар, бірақ арам ниетті адамдардың сөзіне құлақ асамын деп өзгенің сөзіне ілесіп, өз ойынан айырылып қалған жан туралы шығарма», дейді Азизбек Мухамедов. Жеңімпаздар одан бөлек тағы тоғыз аталым бойынша анықталды. Екі бірдей қатысушының жобасы үздік сериал атанды. Тынышқали Тілегеновтің «Бұзығым» және Бекдос Саятұлының «Суперкөлік самұрық» мультхикаясы өзге жұмыстар арасынан озық шықты. Шетелдік қатысушылар арасынан Тәжікстан мен Башқұртстан аниматорларының жұмысы жоғары бағаланды. Башқұрт аниматоры Рим Шарафутдинов «Золотой дворец» туындысымен «Үздік режиссерлік» жұмысты жеңіп алды. Осы аталым бойынша екінші жеңімпаз – La Gare қысқаметрлі анимациялық фильмінің режиссері Аян Марокканский. Ал тәжікстандық қатысушы Лолисанам Улугова «Хувайдо» мультфильмімен «Үздік сценарий авторы» атанды.
Одан бөлек әділқазылардың арнайы сыйлығымен режиссер Нұргүл Дауытова мен Сұлтан Қыдырбаев марапатталды. Ал режиссер Мейіржан Төлепбай «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды. Байқауға ұсынылған комикстер арасында Мәди Өтегеновтің «Батыл сақшылар» жұмысы үздік деп танылды. Ал фестивальдың ең жас қатысушылары Түркістан оқушылар сарайының анимация үйірмесінің тәрбиеленушілері креативті қөзқарасы үшін марапатталды.