Елордадағы «Хан Шатыр» СОО-дағы азаматтарды КВИ-ға қарсы вакциналауға арналған егу пункті жабылады. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, олар вакциналау бойынша өз қызметін осы жылдың 1 қарашасынан бастап аяқтайды.
«Жазда адамдардың көптеп келуі кезеңінде егу пункттерін қаланың 11 сауда кешеніне орналастырдық. Бұл оң нәтиже берді және біз вакцинамен халықты барынша қамтыдық. Қазіргі уақытта біз вакциналауға жататын контингенттен халықтың басым бөлігін қамтығандықтан, сауда кешендері базасында егу пункттерін ұйымдастырудың аса қажеттілігі жоқ. Бірақ мұндай қажеттілік пайда болған кезде біз әрқашан пункттерді қайтадан ашуға дайынбыз», деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Елордада барлық кезеңде СОО, сауда үйлері жанындағы вакциналау аймақтарында 100 мыңнан аса адам вакцина алды. Бүгінгі таңда қаладағы 5 сауда нүктесінде егу пункттері бар. Олар – «Хан Шатыр» СОО, «Керуен», «Абу Даби Плаза», «Азия Парк» және «Евразия» сауда үйі.
Жалпы қала бойынша бүгінде вакцинаның бірінші компонентін 444 мыңнан аса азамат алды, 410 мыңнан аса адам толық иммундаудан өтті.
Басқарма жалпыға ортақ істе өзінің азаматтық ұстанымын танытқан және өз аумақтарында вакциналау аймақтарын ашқан барлық сауда кешендеріне үлкен алғыс білдіреді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1 қарашадағы мәлімет бойынша Қазақстанда бірінші компонентпен 8 300 105 адам, екінші компонентпен 7 500 328 адам вакцина салдырды. Сонымен қатар 46 492 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 8 412 пациент стационарда, 38 080 науқас амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда. Ал 590 адамның жағдайы ауыр, 149 пациенттің жағдайы өте ауыр, 94 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.