Кеше еліміздің Бас прокуратурасы қайсыбір банктердің банкрот алдындағы жағдайы туралы жалған ақпараттың ешбір негізі болмағандығы және болуы мүмкін еместігі туралы мәлімдеме жасады.
Соңғы күндері әртүрлі коммуникация құралдары арқылы (әлеуметтік желілерді қоса алғанда интернет-хабарламалар, СМС) «Центр Кредит» банкі, «Каспи Банкі» және «Альянс банкінің» банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпарат тарала бастағаны мәлім болды.
Осы хабарламалар аталған банкілердің салымшыларын дүрліктіріп, оларды банктік шоттардағы қаражаттарын жаппай алуға итермелеуде. Нәтижесінде, бұл әрекеттер жүйе құраушы банктерге айтарлықтай зиянын тигізді, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеліп соқты, сондай-ақ елдегі қаржы институттарына деген тұрғындардың сеніміне нұқсан келтірді.
Аталған банктердің банкрот алдындағы жағдайы туралы жалған ақпараттың ешбір негізі болмағандығы және болуы мүмкін еместігі анықталды. Сәйкесінше, таратылып жатқан мәліметтер көрінеу жалған болған және банктік саладағы ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тиісті арыздардың негізінде банктердің қаржылық ахуалы жөніндегі жалған ақпаратқа қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау жөніндегі жедел-іздестіру шараларын кешенді түрде жүргізуде.
Бірқатар тұлғалар анықталды және оларға қатысты қажетті тексеру шаралары жүргізілуде. Талап арыздар берілді.
Қазір қылмыстық іс қозғау жөніндегі мәселе шешілуде.
Бас Прокуратура жалған хабарламаларды таратуға кінәлі тұлғалардың барлығы қылмыстық қудаланумен қоса, материалдық және заңмен белгіленген өзге де жауапкершіліктерге тартылатындығын жауапкершілікпен мәлімдейді. БАҚ өкілдерінен қаралып жатқан оқиғаларды жария ету кезінде тек тексерілген фактілерге сүйенуге және шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың жариялануына жол бермеуді сұраймыз, дейді Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы.