• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2014

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов:«Қазақстандық банктердің барлығында ұлттық және шетелдік валюта қоры жеткілікті»

335 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Ұлт­тық банкінің төрағасы Қайрат Ке­лімбетов аталмыш банктің Алматы қаласындағы бас ғима­ратында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Соңғы аз ғана уақыт ішінде журналистер қауымымен төртінші мәрте жүздесіп отырғандығын және бұл жағдай елдегі қаржы мәселесін күрделендіргісі келетін мүдделіліктің салдарынан екенін жеткізген бас банкир қазақ қоға­мында отандық банктерге қатысты болып жатқан оқиғаларға түсінік берді. «Кеше Астана қаласында Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің жанындағы Орталық ком­муникациялар қызметі ғима­ратында БАҚ өкілдеріне шұ­ғыл мәлімдеме жасауға мәжбүр болдық. Себебі, 18 ақпан күні бір­қа­тар ғаламтор парақшалары мен отандастарымыздың жеке қалта телефондарына «Қазақстандық бір­неше банктің банкроттық жа­рия­­лау туралы шешім қабыл­да­ға­­ны» жөнінде ақпараттар тара­тылған. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аталмыш мағлұматтың негізсіз екендігін және бұл еліміздегі банктік жүйені шайқалтуға бағытталған әрекет екендігін мәлімдейді» - деді Қайрат Нематұлы. Естеріңізге сала кетсек, 18 ақпан күні әуелі ғаламтор беттерінде, сосын жеке адамдардың ұялы телефондарында пайда болған «шұғыл ақпарат» көптеген салымшылар мен қолда бар ақшасын шетел валютасына ауыстырғысы келетін азаматтардың арасында әжептәуір дүрбелең туғызды. Еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында орналасқан банк ғимараттары келушіге лық толып, валюта айырбастау бекеттері бір күндік қаржы операциясын бірер сағаттың ішінде атқарып тастады. Нәтижесінде, ҚР Ұлттық Банк Төрағасы ел алдына шығып бұл дүрбелеңнің қолдан жасалған арандату ниеті екендігін, ұйымдастырушылармен құқық қорғау қызметі айналысатындығын айтқан. «Біздің қазақстандық банктердің барлығында ұлттық және шетелдік валюта қоры жеткілікті. Қандай жағдай болмасын, Ұлттық Банк елдегі өзге банктердің барлығына қол ұшын беруге мүдделі әрі дайын, - дей келіп Қайрат Келімбетов арандату әрекетін ұйымдастырған кісілерді табу және заң талабына сай шара қолдану үшін ҚР Бас прокуратурасына өтініш түсіргендіктерін, отандық салымшылардың жекелеген банктерде сақтаған қаражаты ұлттық және шетелдік валюта түрінде де заңға сәйкес қамсыздандырылатынына Мемлекет кепіл екендігін, сондай-ақ БАҚ қызметі елдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында алыпқашпа негізсіз ақпараттарды анықтап барып халыққа таратуын сұранды. Баспасөз мәслихатынан кейін Бас банкир журналистердің қойған бірқатар сұрақтарына жауап берді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.