Елордада ауа райының өзгеруі такси қызметінің жұмысына, дәлірек айтқанда, олардың тарифтеріне әсер етті. Таңертеңнен бастап қала тұрғындары таксидің бағасына наразылық білдіруде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елорданың көлік қызметкерлері қауымдастығы орын алған жағдайға түсініктеме берді.
«Бүгінде тұтынушылар такси қызметтерінің 80%-дан астамын такси тапсырысы бойынша мобильді сервистер арқылы қызметін тіркеусіз жүзеге асыратын, яғни заңды емес жеке автокөлік иелерінен алады. Жеке автокөлік иелері мобильді сервистердің өздері белгілеген ережелер мен талаптарды сақтайды. Баға мобильді қызметтер орнатқан алгоритмдер арқылы жұмыс істейді. Тиісінше, жеке автокөлік иелерінің көпшілігі ауа райына байланысты арттырушы коэффициентті іске қосты», деді Нұр-Сұлтан қаласы Көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.
Оның айтуынша, бұл көбінесе аязда және асығыс уақытта болады.
«Жеке автокөлік иелерін белгілі бір уақытта жұмыс істеуге мәжбүр ету және жоспарлау мүмкін емес. Алгоритм сұраныстың артуы мен шағын жеткізілімге жауап береді. Бұл жағдай шетелдіктердің такси тасымалын ұйымдастырудағы тәуелділігін және қала тұрғындары үшін қызмет ала алмауды немесе бағаның өсуін көрсетеді», деп түсіндірді спикер.
Медет Құрманов таксидің жоғары тарифі қосылған кезде қала тұрғындары қайда шағымдана алатынын айтты.
«Елордада такси тасымалын ұйымдастырумен Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасы айналысады. Аталған мемлекеттік органға барлық сұрақтарды I-Komek арқылы немесе тікелей қоюға болады. Сондай-ақ шағымдарды Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне жіберуге болады», деді ол.