Атыраулық әйел құрбысының сейфінен 54 миллион теңге ұрлап кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бір аптаға жуық үйінде болмай, басқа қалаға кетіп, ал келгенінде сейфтегі 54 миллион теңгесі ұрланғанын көрген азаматша дереу полицияға хабарласқан. Ұры сейфтен 54 млн теңгені алып, 2 млн теңгені қалдырып кеткен.
Полицейлер бейнекамераларды тексергенмен ұрлыққа қатысты дәйек таппаған. Алайда оқиғаға дейін пәтерге келіп, қонақ болып жүргендер арасында жәбірленушінің 42 жастағы құрбысы күдік ұялатқан.
Тергеп-тексеру амалдары барысында күдіктінің қомақты қаражатпен Алматы қаласына кеткендігі анықталды. Полиция қызметкерлері ұстау барысында әйелден 36 миллион теңге тәркіледі. Күдікті өз кінәсін толықтай мойындады.
Атыраулық полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, іс-құжаттарын сотқа жолдады.