Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалына он боксшымыз шыққан болатын. Әзірге 48 кило салмақтағы Теміртас Жүсіпов пен 54 кило салмақтағы Махмұд Сабырхан жартылай финал жолдамасын иеленсе, 60 кило салмақтағы Саматәлі Төлтаев жарысты ширек финалда аяқтауға мәжбүр болды, деп хабарлайды, Egemen.kz.
Франция боксшысы Софьян Умиаға қарсы шаршы алаңға көтерілген отандасымыз рингте барын салып баққанымен, қарсыласы екінші нөмірде жақсы жұмыс істеп, қазақ оғланынан айласын асырып кетті. Қарсы шабуылдарда ұтымды қимылдай білген франциялық боксшы рингте өз тәжірибесінің арқасында жеңісті жұлып алды. Енді өзге жеті боксшымыздың жолына үмітпен қараймыз.