• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 03 Қараша, 2021

Қоғам ықтимал лаңкестік шабуылдардан лайықты қорғалуға тиіс

239 рет
көрсетілді

Елордада Kazakhstan Security Systems қауіпсіздік жөніндегі халықаралық көрме-конференциясы өтті. Көрмеге келушілер нарықтағы жағдай, саладағы үрдістер, оны дамытудың перспективалық бағыттарына қатысты өзекті мәселелерді шешу мақсатында салалық көшбасшылардан, ғылыми-техникалық және сараптамалық қоғамдастықтан, мемлекеттік билік органдарынан толық ақпарат алды.

Kazakhstan Security Systems – қауіп­сіздік саласындағы заманауи әзір­лемелерді, технологияларды ұсынатын, қауіп­сіздік құралдарының мамандары мен тұтынушыларының, қоғамдастық пен мемлекеттік билік өкілдерінің кең аудиториясын біріктіретін іскерлік алаңы.

Іс-шара барысында Терроризмге қар­сы орталық штабтың бөлім басшысы Жанарбек Жаңабаев 2018-2020 жыл­дары ел көлемінде терроризмді қаржы­лан­дыруға қатысты 26 факті тіркеліп, жолы кесілгенін мәлімдеді. «Біз Қаржылық мониторинг агенттігімен террористік әре­кеттерді қаржыландыруға қарсы күресті бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Елімізде діни деструктивті ағымдарды қаржыландыру мәселесі басты назарда. ҰҚК, ІІМ, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Қаржы министрлігі Кірістер комитетінің бұл жөнсіздікке қар­сы бірлесіп күресу механизмі әзірленді. Ста­тис­тикаға сүйенсек, 2018-2020 жыл­дары ел көлемінде терроризмді қаржы­лан­дыруға қатысты 26 факті тіркеліп, жолы кесілді. Аталған фактілер бойын­ша қылмыстық іс қозғалды. Бұл орайда Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі де халық арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Биылдың өзін­де экстремистік қылмысқа барған 3 аза­маттың үстінен іс қозғалды», деді Ж.Жа­ңа­баев.

Одан бөлек «Жусан» операциясының нәтижесінде қазақстандық 77 әйел радикалды идеологиядан өз еркімен бас тарт­қаны айтылды. «Сирияда террористік ұйымдардың құрбаны болып, «Жусан» операциясы барысында құтқарылған бірқатар отандасымыз туралы білесіздер. Аталған операция алдында дайындық жұмыстары жүргізілді. «Жусан» операциясы арқылы барлығы 607 қазақстандық елге оралды. Оның ішінде 37 еркек, 157 әйел және 413 бала (соның ішінде 34 жетім бала) елге аман-сау жеткізілді. 59 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Қазақстанға келген соң отандастарымызды бейбіт өмірге бейімдеу шарасы өткізілді. Нәтижесінде, 88 әйел дәстүрлі дінімізді қайта қабылдап, 77 әйел радикалды идеологиядан бас тартты», деді ол.

Алқалы жиын аясында Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орта­лы­ғының қолдауымен террористік тұр­ғыдан осал (ТТО) объектілерді терроризм­нен қорғау, сондай-ақ лаңкестік қатерлерге қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру мәселелері бойынша рес­пуб­ликалық конференция өткізілді.

Конференция орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, бизнес ортаның өкілдерін, сондай-ақ ТТО объектілердің иелерін, басшыларын және өзге де бейінді қызметкерлерін жинады. Мемлекеттік органдардың мамандары мен ұлттық қауіпсіздік саласындағы сарапшылар объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының қазақстандық жүйе­сінің ағымдағы жай-күйі мен даму перс­пективаларын талқылады. Терро­ристік сипаттағы қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қолданыстағы, әсіресе адамдар көп жиналатын объектілер мен білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйелерінің мәселелері жеке қаралды.

Ішкі істер министрлігінің сарапшысы күзет қызметін лицензиялау бо­йынша қабылданған заңнамалық баста­ма­ларды дамытуда террористік тұрғы­дан осал объектілердің қауіпсіздігін қамта­масыз етуге тартылатын жеке күзет ұйым­дарына қойылатын талаптарды жария етті. Терроризмге қарсы орталық штабы тұрғысынан осы жылы Үкімет қау­лыларымен бекітілген террорис­тік тұрғыдан осал объектілерге жатқы­зудың жаңа қағидалары мен өлшем­шарттары, сондай-ақ оларды қорғауды ұйым­дас­тыруға қойылатын талаптар түсінді­рілді. Осы алаңда терроризмге қарсы іс-шараларды жариялау, оның ішінде тер­роризмге қарсы операция өткізу кезең­інде мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара іс-қимыл деңгейін арттыру үшін журналистерге арналған «Террорис­тік қауіп-қатерлерге ақпараттық ден қою­дағы БАҚ-тың рөлі, сондай-ақ діни экстре­мизм мен терроризмге қарсы насихат ұйымдастыру» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.