Нұр-Сұлтан қаласындағы Ф.Эберт атындағы қор өкілдігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қолдауымен «Қазақстан жастары: құндылықтарын, үміттерін, ұмтылыстарын бағалау» тақырыбындағы зерттеу нәтижесін ұсынды.
Зерттеу қорытындылары ұсынылған аталған іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, жастар ұйымдарының, академиялық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл «Жастар арасындағы зерттеу әлемдік пандемиядан бұрын қолға алынды. Карантин шараларына байланысты мерзімін ұзартуға тура келді. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бұған дейінгі зерттеулерге белсенді қатысты, осы зерттеу ұсынылған кезде біз қолдау білдірдік. Өйткені бізге қазіргі кездегі жастар саясатының қаншалықты дұрыс жолға қойылғаны маңызды болып отыр. Қазіргі жастар Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келді. Олардың құндылықтарын білудің маңызы зор. Олардың билікке сенімі, толеранттылығы секілді аспектілер зерттеуде қамтылды. Біз зерттеу нәтижелерін кейс ретінде Академияның оқу бағдарламаларында қолданатын боламыз. Біз әр нәтижені топтық сабақтарда талқылаймыз. Осы орайда, Ф.Эберт атындағы қормен әріптестік байланысымыз жемісті болып отырғанын айта кеткен жөн. Әрі қарай да жұмысымызды жалғастырамыз деген жоспарымыз бар», деді.
Жоғарыда аталған тақырып бойынша зерттеу қорытындыларын жариялау барысында «Жастар және еңбек нарығы», «Жастар және білім беру», «Жастар және әлеуметтік әділеттілік», «Жастар және дін» зерттеулері негізінде қазақстандық жас ғалымдар аналитикалық баяндамаларын ұсынды.
Зерттеу Германияда 1953 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Shell Youth Study неміс әдіснамасына негізделген, онда академиялық мекемелер мен институттар Германиядағы жастардың қарым-қатынасын, пікірлері мен күтетін нәтижелерін қарастыратын зерттеулер жүргізеді.
Неміс әдістемесі қазақстандық жағдайларға келесідей бейімделді. Зерттеу 2020 жылы BISAM Central Asia зерттеу орталығы жүргізген Қазақстандағы 14-29 жас аралығындағы жастар арасындағы репрезентативті әлеуметтік сауалнамаға негізделген. Зерттеудің басты бағыты – жастардың өмір салты, олардың өмірге көзқарастары, құндылық бағдарлары, өзін өзі тану және толеранттылық деңгейі, олардың көңіл күйі мен ұмтылыстары, сондай-ақ халықаралық саясат пен көрші елдермен ынтымақтастық туралы пайымдары.
Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстан мен Өзбекстан елдеріндегі өкілдігінің директоры Кристоф Мор мұндай зерттеулердің Германияда сонау 1953 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын айтып, зерттеудің маңызына тоқталды. Сонымен қатар қазақ және неміс жастарының арасындағы айырмашылықтары туралы пікірін білдірді.
«Біз қазақ жастары арасында мұндай зерттеуді екінші мәрте жүргізіп отырмыз. Егер екі елді салыстыратын болсақ, жастардың құндылықтары, көзқарастары арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Сонымен қатар бұл жерде қай өңір жастары қамтылғанына назар аудару қажет. Мәселен, Қазақстандағы зерттеуде қала жастарымен қатар ауылдық жерлерде тұратын жастар да қамтылды. Өздеріңіз білесіздер, ауыл мен қала тұрғындарының арасындағы көзқарас, құндылықтарында ерекшелік байқалады. Германия – 80 млн-нан астам халқы бар үлкен мемлекет. Бұл елдегі зерттеуге тек қана Берлин, Франкфрут секілді қалада тұратын жастар қатысты. Сондықтан құндылықтар туралы көзқарастары әралуан. Зерттеуге екі елдің де жастары белсенділік танытқанын атап айтқым келеді», деді қор өкілі.
TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Р.Ошақбаев «Соңғы 30 жылда технологияның алға жылжуы, құндылықтардың өзгеруі еліміздегі жас буынға әсерін тигізбей қоймады. Ал біз олардың қазіргі құндылықтары, олардың өзге буын өкілдерінен айырмашығы қандай деген сұрақтардың жауабын үнемі біліп отыруымыз керек. Біздің жастар талантты, оған Иманбек Зейкенов, Димаш Құдайберген секілді жастар дәлел. Бұл біздің әлемдік ортада бәсекеге қабілетті екенімізді көрсетеді. Қазақ халқы рухани бай халық, бұл бізді одан сайын алға ұмтылдырады. Осы орайда, бүгінгі шараның маңызы зор. Жастарға не қажет, олардың саяси, мәдени, білім-ғылым, өзге ұлттармен қарым-қатынас, елге сенімін, көзқарастарын өздерінен сұрау салу арқылы білдік. Әрине, зерттеуде қамтылмай қалған салалар бар, ол алдағы уақытта зерттеліп, зерделенеді деген үміттеміз», деді сарапшы.
Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің ассистент-профессоры, зерттеуші Дина Шәріпова бұл зерттеуге Фридрих Эберт қоры шақырғанын айта келе, өзі үлес қосқан салаларға тоқталып өтті. «Мен білім беру, жұмысқа орналасу, миграция және жастардың елдегі саяси оқиғаларға қарым-қатынасы секілді сауалдарға жауап іздедім. Қызық әрі түрлі нәтижеге қол жеткіздік. Мәселен, біздің жастарымыз сапалы білім алуға тырысады, өкінішке қарай олар сапалы білім алу үшін шетелге кетуді қалайды. Сонымен қатар жастар мемлекеттің қолдауына сенім артады, мемлекет білім алуға, жұмысқа орналасуға қолдау білдіруі қажет деп есептейді», деді зерттеуші.