Алматыда орналасқан Қазақтың Спорт және туризм академиясында мешіт жамағаттары арасында волейболдан дүбірлі жарыс өтті. Қалалық дін істері жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен ұйымдастырылған додаға бірнеше команда қатысты.
Турнирге қатысуға ниет білдірген командалардың көп болғаны соншалық, әуелі бір айға жуық уақыт бойы олар іріктеу сайыстарына қатысты. Сол сынақтан іркілмей өткен сегіз ұжым ғана финалдық бәсекелерде бақ сынау құрметіне ие болды. Солардың арасынан Бостандық ауданында орналасқан «Орбита» мешітінің ойыншылары оза шапты. Құрамында Оразхан Қалназаров, Дастан Есқожа, Санат Сағымбек, Ержан Мұрат, Әлихан Ахмедов, Бекзат Әбдірасылов сияқты волейболшылар бар команда бұған дейін де шашасына шаң жұқтырмай келген еді. Шешуші тұста да олар ширақ қимылдап, көздеген мақсаттарына қол жеткізе алды. Ақтық сайыста Наурызбай ауданындағы Ибраһим мешіті жамағатынан басым түскен «Орбита» командасы бас жүлдені қанжығасына байлады. Есеп – 25:21, 25:21. Үшінші орынды Алатау ауданындағы Нұрмүбәрак мешіті иеленді.
– «Асыл мұра» бағдарламасы аясында ұйымдастырған осы спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, саламатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар Исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету арқылы оларды бауырға тарту, – дейді Алматы қаласындағы дін істері жөніндегі басқарманың бөлім бастығы Бақдәулет Әбдіхамитов.
Бір айта кетер жайт, осыған дейін де Алматыда мешіт жамағаты арасында көптеген спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, биыл шағын футбол жарысында 400-ден аса команда күш сынасты. Қатысушылардың жалпы саны 3 мыңнан аса адамды құрды. Қалалық дін істері жөніндегі басқармасының алға қойған жоспарлары өте көп. «Дені саудың – жаны сау» деген қағиданы ұстанған олар діни және мемлекеттік мейрамдар қарсаңында қошқар көтеру, арқан тарту, гір тасын көтеру, асық ату және тағы басқа қазақтың ұлттық спорт түрлерін дамытып, насихаттау мақсатында бірқатар жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр.
АЛМАТЫ