Батыс Қазақстан облысында Самара мен Саратов бағытындағы жолдар жүк көліктері үшін ақылы болмақшы, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Әмір Кәрімбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, бастапқы кезеңде Орал-Самара және Орал-Саратов жолдарында тек жүк көліктерінен ақы алу жоспарлануда.
Оның сөзіне қарағанда, бұл – әлемде бар тәжірибе. Барлық жиналған қаражат ақылы жолды күтіп ұстау мен жол бойында көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға жұмсалады. Ақылы жолдарға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді.
«Аталған жолдар қазіргі заманғы талапқа сай жөнделген. Халықаралық жүк тасымалдаумен айналысатын үлкен көліктер осы жолдармен көп өтеді. Ақылы қызмет бағасы Нұр-Сұлтан-Щучинск бағытындағы жолдағымен бірдей болмақшы», деді Ә.Кәрімбаев.
Сонымен қатар жол бойындағы қызмет сапасын арттыру да маңызды. Екі жол бойында 98 қызмет көрсету нысаны орналасса, соның 63-і немесе 64 пайызы ұлттық стандартқа сай келеді.