Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар заң жобасы мақұлданды. Атап айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау мәселесі қаралды.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңының жобасы жөнінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, құжаттың мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. «Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасын мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері және сарапшылармен талқыладық. Ғылыми-құқықтық сараптама жасалды. Еліміздегі 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеуде қамауда отыр. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамалған. 45 пайызы оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар 32 мың адам – пробациялық бақылауда», деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, 2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасау жоспарланған. Нәтижесінде, 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. «Екіншіден, 1 294 сотталушыға, 7 294 пробацияда тұрған адамдарға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1 471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады. Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған», деді Е.Тұрғымбаев.
Заң жобасын талқылағаннан кейін Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірауыздан мақұлдап дауыс берді. Мәжіліс Төрағасы бұл жолғы рақымшылық шарасында әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. «Биыл егемен еліміз үшін елеулі кезең. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы әзірленіп, бүгін мақұлданып отыр. Әрине, рақымшылық – мемлекет тарапынан жасалып отырған ізгі және сенім шарасы. Сондықтан бұл жолы да алдымен мемлекеттің және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп келтірмейтін қылмыс жасағандар босатылады. Сонымен бірге осы заң жобасында алғаш рет әлеуметтік төмен топқа ерекше назар аударылып отыр», деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, рақымшылық аясында жазадан босаған адамдардың қалыпты өмірге кірігуіне жағдай жасалмақ. Яғни бостандыққа шыққан адамдарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және басқа да көмек көрсету мәселелері осы құжатта жан-жақты қаралғанын жеткізді.
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. «Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа қағидаттарын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте талаптарды белгілеу шарттарын сақтау, кәсіпкерлік субъектілері үшін негізсіз реттеушілік талаптарды енгізуге жол бермеу ескерілген. Сонымен қатар мемлекеттік реттеудің жүйелілігі мен дәйектілігі, бұрын қабылданған шешімдердің сабақтастығы, сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне деген сенімін арттыру қарастырылған. Өзара іс-қимылдың базалық қағидаттарын жетілдіру кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекетке сенімін және бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев. Ведомство басшысының айтуынша, «бір талапты қосып, екі талапты алып тастау» қағидатын енгізу қолданыстағылардың екеуінің орнына бір реттеушілік талапты енгізуді көздейді. «Нормативтік құқықтық актілер және өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурсты қалыптастыру мақсатында міндетті талаптардың Тізілімін құру көзделеді. Тізілімге жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана енгізілуге жатады. Бұдан басқа, нормативтік құқықтық актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалады. Демек олар сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралады немесе жойылады. Бұл қағидат қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін міндетті талаптардың санын оңтайландыруға, бизнеске қатысты нормативтік құқықтық актілер базасын жетілдіруге ықпал етеді», деді министр.
Бұдан кейін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы таныстырылды. Құжатқа депутаттар бастамашы болды. Баяндама жасаған депутат Нәзилә Раззақтың айтуынша, заңнамалық өзгерістер судьялардың кәсібилігін, сондай-ақ жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруды көздейді. Бұл мақсатқа жету үшін негізгі екі бағытқа назар аударылды. Ең алдымен, бұл сот жүйесін қаржыландыруға байланысты. Соттардың қаржылық дербестігі – сот билігі тәуелсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сәйкес сот жүйесі бюджетінің мөлшерін пайызбен белгілеу ұсынылады. Бұл сот жүйесі бюджетін қалыптастырудың жаңа моделі.
Сот жүйесіне жұмсалатын шығыстар 001 бюджеттік бағдарламасы бойынша барлық мемлекеттік орган шығыстарының кемінде 6,5 пайызын құрауға тиіс.
Келесі бағыт судьялық кадрларға байланысты болмақ. Сот жүйесіне кәсіби мамандарды тартуға байланысты бірнеше ұсыныс жасалып отыр. Бірінші, мамандандырылған судья лауазымына үміткерлерге арналған біліктілік емтиханы енгізілмек. «Екінші, біліктілік емтиханына қайта жіберу мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқартылады. Үшінші, басқа соттарға кандидаттарды іріктеу кезінде, құрамы аз және шалғайдағы соттарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген судьялар үшін басымдық белгіленеді. Төртінші, судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерін заңсыз әрекет жасалған күннен бастап бір жылдан екі жылға дейін, ал анықталған күннен бастап үш айдан бір жылға дейін ұлғайту қарастырылады. Бесінші, Жоғары сот кеңесінің тұрақты мүшелеріне Жоғарғы сот судьясының жалақысы мөлшерінде жалақы белгілеу ұсынылады», деді Н.Раззақ.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. «Заңнамалық өзгерістер әкімшілік заңнаманы жетілдіруге, сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін қалыптастыруға, судья кадрларын реттеуге бағытталған. Осыған байланысты бюджет, қылмыстық-процестік, әкімшілік-рәсімді процестік кодекстерге және Жоғары сот кеңесі туралы заңға өзгерістер енгізуді қажет етеді», деді депутат Н.Раззақ.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. «Заң жобасы медиация институтын дамыту және дауларды реттеу кезінде азаматтарға көмек көрсету мақсатында әзірленді. Заң жобасының негізгі ережелері татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтуге, дауларды татуластыру арқылы аяқтау мүмкіндігіне халықты неғұрлым белсенді тартуға бағытталған», деді Мәжілісі депутаты Снежанна Имашева.
Депутаттың айтуынша, жекелеген түзетулер медиацияны жүргізу тәртібі мен тәсілін жетілдіруге, медиация тараптарының құқықтары мен міндеттерін нақтылауға, медиация туралы шарттың нысаны мен мазмұнына, сондай-ақ медиаторлар ұйымдарының функцияларын айқындауға бағытталған. Бүгінде медиация институтын дамытумен жүйелі негізде айналысатын бірде-бір орган жоқ. Сондықтан заң жобасында тиісті өкілетті органды айқындау және оған осы үшін қажетті құзыреттер беру ұсынылады.
Жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Аталған құжат бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасы үш негізгі реттеуші кедергіні шешуге бағытталған. Бірінші, «негізгі қуатқа» шектеулі қол жетімділік. Яғни инфрақұрылым, ресурстарға қол жеткізбестен бизнес тұтынушыларға қызмет көрсете алмайды. «Екінші – бағаны бұрмалау. Бүгінгі таңда Кәсіпкерлік кодексте бағалық реттеуге жататын тауарлардың 14 түрі көзделген. Іс жүзінде әкімшілік бағаны бақылау шаралары қолданылатын тауар нарықтары одан да көп. Үшінші мәселе – селективті қамқоршылық немесе фаворитизм. Бұл жекелеген компанияларға нарықтық билік беретін құқықтық актілерді қабылдау, мемлекеттік қолдау шаралары, әдетте, бәсекелестіктің аллокативті тиімділігін бұрмалайтын атаулы сипатта болады», деді С.Жұманғарин.
«Негізгі қуатқа» қол жеткізу – маңызды міндет. Бұған магистралды темір жол, байланыс арналған кабельдер, кәріз, өңделетін бастапқы металдар, теңіз порттары, дәрі-дәрмек өндіруге арналған заттар, өндіріс технологиялары кіреді. «Келесі маңызды қадам – мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу. Бүгінде монополияны енгізу негіздерін Кәсіпкерлік кодекс мемлекеттік айқындайды», деді С.Жұманғарин.
Оның айтуына қарағанда, ең бастысы, операторлардың санын азайту қажет. Қазір 9 оператор бойынша түбегейлі шаралар қабылданады. Олар заң жобасы қабылданғаннан кейін мәртебесінен айырылады. Заң жобасының тағы бір бағыты мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын қысқартуға арналған. Қазіргі таңда Қазақстанда коммерциялық профильді 2 мыңнан астам кәсіпкер құрылған. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік меншікке секторалдық талдау жүргізу ұсынылып отыр.
Жиын соңында депутаттық сауалдар жолданды.