Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында тұратын Мәриям Ишанғалиева 3-сыныпта оқиды. Биылғы шілдеде «Әлемдік модель – 2021» халықаралық байқауына суреттерін жолдаған екен. Ал қыркүйекте байқау қорытындысымен бірінші орынға ие болып, ақтық сайысқа жолдама алған. Жақында шешуші сайыс Сочиде қорытындыланды.
Биыл «Әлемдік модель» байқауына әлемнің 40 елінен үміткерлер қатысуы тиіс еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты 25 үміткер бақ сынады. Қазылар алқасының жеті мүшесі Мәриямды 6-9 жастағы қатысушылардың арасынан жеңімпаз деп таныды. Осылайша, атыраулық оқушы байқаудың бас жүлдесін иеленіп, «Әлем жұлдызы» атанды. Оған «Жер шарының супермоделі – 2021» аталымы қоса берілді.
̶ Қызым жолға шығарда «Мен басыма тәж киіп келемін» дегенде, таңғалған едім. Сайыс кезінде аз-кем қобалжығаны байқалды. Өйткені халықаралық сайыста еліміздің атынан жалғыз өзі қатысты. Біз Құрманғазы ауданында тұрамыз. Сол себептен, сахнаға Құрманғазының «Адай» күйімен шықты. Тәжді басына кигізген сәтте қуаныштан жылап жіберді, – дейді анасы Арай Қарабалаева.
Сегіз жасында әлемдік супер модель атанған Мәриям Ишанғалиева бос уақытында би үйірмесіне қатысады. Оған қоса облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Арманы – Оңтүстік Кореяда жоғары білім алып, дәрігер болу.