• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2010

ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІКТЕН СЫР ШЕРТЕТІН КӨРМЕ

630 рет
көрсетілді

Айбыны асқақ Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына байланысты кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтар” атты құжаттар көрмесі ашылды. “Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы” қоғам­дық бірлестігімен бірлесіп ашылған көрмеге майдангерлердің құжаттары, “Қалай, аман-сау жақсы жүріп жатырсыз ба?” деп басталатын амандық хаттары, суреттері мен марапат қағаздары қойылған. Көрменің салтанатты ашылу рәсімінен бұрын жиналған жұртшылықтың назарына Ұлы Отан соғысына байланысты қысқа метражды деректі фильм ұсынылды. Сұм соғысты тек экраннан көріп отырғандарына шүкіршілік еткендер бейбіт күннің қаншалықты қымбат екенін жанарлары толы жастарымен айқын аңғартқандай еді. Фильм көрсетілгеннен кейін ортаға Байла­ныс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерден шығып, майдан ардагер­лерін келе жатқан Ұлы Жеңістің 65 жылды­ғымен құттықтады. Ол өз сөзінде: “Ұлы Жеңіс күні – ерекше күн. Бұл күн – ұлтымыздың ерлік рухына тағзым ететін күн. Бұл күн – көзі тірі соғыс ардагерлеріне құрмет көрсететін күн. Мұндай көрмелер тек Астанада ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында ашылып жатқаны белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең бір ауыр, қасіреті мол соғыс. Қан жұтқан кеңес жауынгерлерінің қатарында қазақстандықтар да қаһармандықпен соғысты. Олардың ерлігі әрқашан ұрпаққа ұран болып қалмақ. Майдан­герлердің перзенттері ретінде соғыстың қасіре­тін, Жеңістің ұлылығын баршамыз жақсы білеміз. Бүгінгі ортамызда жүрген ардагерлерге көрсететін ыстық ықылас­тарымыз бен ізгі ілтипат­тарымыз ешуақытта да азаймақ емес”, – деді. “Соғыс осылай басталып еді...”, “Қазақ­стандықтар Ұлы Отан соғысы майданында”, “Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!”, “Вели­кий подвиг ваш история хранит”, “Тарихта қалған ұлы ерліктер” атты тақырыптық-экспозициялық бөлімдерден тұратын көрмеге сондай-ақ майдан­да жауынгерлік тапсырма­ларды үлгілі орында­ғандары үшін және батыр­лық пен батылдық көрсеткендері үшін Кеңес Одағының Батыры атанған қазақстандықтар­дың жауынгерлік жолы туралы баяндалатын “Қазақстандық Кеңес Одағының батырлары” атты кітап қойылған. Көрмеде көзімізге кейбір хаттар ерекше түсті. Мәселен, атақты гвардиялық дивизияның командирі, генерал-майор Иван Панфилов жұбайына жазған хатында былай дейді: “Амансың ба, қымбаттым! Өзің мен балаларды сүйдім. Мәскеуді жауға бермейміз! Жауыздарды танктерімен қоса жермен жексен етеміз. Дивизия жақсы соққы беруде. Газетке шыққан мақаланы жолдап отырмын. Мурочка, жатпай-тұрмай жұмыс істеп, тылды нығайтыңдар. Сенің аманатыңды айбындылықпен орындаудамын. Панфилов. 1941 жылдың 1 желтоқсаны”. Қарындашпен жазылса да жазуы анық көрінетін хатты оқығанда жүрегіміз шымыр ете түсті. Көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлт­тық мұрағаты қорынан, Ақпарат және мұрағат­тар комитетінің Орталық мемлекеттік мұра­ғатынан, Астана, Алматы қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстардың мұрағаттық мекемелерінен, республиканың ардагерлер ұйымынан таңдап, іріктеліп алынған 200-ден астам құжаттар мен материалдар қойылған. Олар көрмеге келген қауымға Ұлы Жеңістің, бейбітшіліктің қадірін одан әрмен білдіре түсетініне сенімдіміз. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.