Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенатор Бақтыбай Шелпеков заң жобасы қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалауының екінші раундын өткізер алдында, ұлттық заңнамаға ФАТФ-тың стандарттарынан туындайтын халықаралық міндеттемелерді, мемлекеттің ішкі деңгейінде нақты іске асыру, яғни имплементациялау мақсатында әзірленгенін айтты.
«Жобада көрсетілген заңнамалық шаралар сарапшылардың өзара бағалау кезіндегі туындауы мүмкін ескертпелерді болдырмауға және елімізді халықаралық ұйымдар мен Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер тарапынан ықтимал экономикалық санкциялардан сақтандыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, еліміздегі лауазымды тұлғалардың ақшамен және өзге мүлікпен жасайтын операциялары бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу көзделген. Ал қаржы мониторингі агенттігі, өз кезегінде осы адамдардың және отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының жеке тізімін жүргізетін болады», деді сенатор.
Сондай-ақ жобада цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, осы активтерді ақшаға, не болмаса басқа мүлікке айырбастау жөніндегі қызметтерді жүргізетін тұлғаларды, қаржы мониторингі субъектілеріне жатқызу қарастырылған.
«Мекеменің заңды иесі туралы мәліметтердің ашықтығын белгілеу мақсатында уәкілетті органға ұлттық тізілімінің деректеріне қол жеткізу ұсынылған. Осы заң жобасымен 4 заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізімдері туралы», «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Ақпараттандыру туралы», деп түсіндірді Бақтыбай Шелпеков Сенатта.
Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдауды сұрады.
Өз кезегінде депутаттар талқылаудан кейін заң жобасын қабылдады.