• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2014

Біз көрген Тегістік

621 рет
көрсетілді

Тегістікке баратын жол бойы  айнала аққайыңдар. Мүлгіп, ұйқыға кеткендей көрініс. Осынау әсем табиғаттың қорғалатыны, осы жерде орман шаруашылығы жұмыс жасайтыны көрініп тұр. Тегістік ауылы аудан, облыс орталығынан 200 шақырымдай жерде жатқан Ресейге шекаралас ауыл. Ауыл  Жаңақұрылыс ауылдық аумағына қарайды екен. Ауыл әкімі Бақытгүл Қапбасова бұрын мектепте мұғалім болыпты. Алдымен мектепке келдік. Әр сыныпта  3-4-тен барлығы 27 оқушы қалыпты. Соның өзінде  бұрынғыдай интернаттар жоқ, 11-ші сыныпта  1 бала болса да, ауыл баласы өз үйінде тұрып, өз ауылында  мектеп бітіргені дұрыс деп шешіпті. Тегістік Кеңес өкіметінің кезін­де қазақ мектебі болған, өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздарын қазақ тілінде білім алдырған, салт-дәстүрін сақтаған ауыл болыпты. Мектеп директоры Самат Сүлейменов пен ардагер-ұстаз Мүгілсім Бейсен­бай­қызымен бірге сыныптарды аралап көрдік. Қыста қардан,  күз-көктемде мектеп төбесінен су ағатыны әб­ден сарғайған қабырғалардан-ақ байқалып тұр. Былтыр мектепте жылу қазан­дығы салынды. Сол қазандықтан жылуды мүмкіндік болса, клуб үйіне де тартып берсе жақсы болар еді. Аралары жап-жақын,  деп жатыр Мүгілсім апай.  Ауылдың кәрі-жасы мереке-жиындарда клубқа келеді,  жастар бір уақ бас қосса да жылы болғаны жақсы. Клубта қазір 3 адам қызмет жасайды. Ауған соғысында қаза болған ауыл баласы, осы мектеп түлегі Айтуған Смағұловтың  есімін мектепке беру үшін, аудан, облысқа өтініш жазғалы да бірнеше жыл өтіпті. Мектепте оқып жүргенде  4 пен 5-ке оқыған марқұм жігіттің  күнделігін сақтап қойыпты. Алыс­тағы ауылға қазір қайдан автобус келіп тұрсын. Аптасына бір-екі рет Тегістік пен аудан орталығы арасына автобус жүріп тұрса, оны-мұны шаруаларымызды реттеп,  дүкен аралап барып тұрсақ  болар еді деп өтініш айтады. Жолды қыс бойы қар басып, ауылдан апталап шыға алмайтын күндер де болыпты. Техника қолда жоқта, қары қалың жолды тазалау мүмкін емес көрінеді. Тұрғындар жолды бір рет жақсылап тұрып жөндеп берсе бізге сол жетеді деп отыр. Ал, жалпы, ауыл жағдайы жаман емес. Қолда малдары бар. Бақша да егеді екен. Дастарқандары мол. Тегістік Тегістік болғалы  осы ауылға ғұмырын арнаған  100 жастағы  Мәнзура Бахтиярқызы ауылдың үлкені, әжеміз  немере-шөберелерінің қызығын көруде. Осы ауылда кезінде жер аударыл­ған неміс ұлтының екі отбасы тұрыпты. Ата-бабасы қуғын-сүргін көрген  Шнайдерлер отбасының ұл-қыздары түгелімен қазақ болып кеткен көрінеді. Түгелімен қазақ болып кеткен 9 баланың ше­шесі Валентина Николаевна «Алтын алқа» иегері екен. Біз Шнай­дерлердің үйіне барып, балаларын қазақша тәрбиелеп өсірген абзал ананың қолынан дәм таттық. – Шалым, балалардың әкесі осы жерде жерленген. Тегістік – шалымыз аманаттап қалдырған атамекеніміз. Қайда барамыз? Жыл да соғымға жылқы сойып, күнде ет жейміз, етсіз тамақ тамақ па? Басқа жерге үйрену қайда?– дейді Валентина Николаевна. Үлкен ұлы Александр – орманшы, орман шаруашылығында еңбек етеді. Екінші ұлы Влади­мир Шнайдер ғалым, облыс орта­лығындағы  Еуразиялық инно­ва­циялық университеттің прорек­торы болып қызмет жасайды. Қыз­дары үйлі-баранды тұрмыста. Немересі Әмина қасында. Яғни Шнайдерлердің келесі ұрпақтары да қазақ болып өсіп келеді. Шнайдерлерден басқа  Шевченко деген украин отбасының да балалары кезінде қазақ мектебінде оқып білім алыпты. Тіпті, сол кездің өзінде қазақ ауылының шаңырағымен араласып-құраласып кеткен өзге ұлт өкілдері бізге орыс сыныбын ашып беріңдер деп міндет етпепті де. Володяның анасы айтқандай, әр үйде  қора толы мал, құс бар екен. Мысалы, ауылда 1 мыңдай  қара мал, 600 дей жылқы, 3 мың қой, 6 мыңдай құс өсіріледі. Былайша айтқанда, еті-сүті бар, құсы бар ауыл өзін-өзі асырап отыр. Негізінен, ауылдық  аумақтың  37485 га жер көлемі  бар, жайылым  да, жер де жетеді. Мал ұрлығы азайыпты. Ауылдық аумақта шаруа қожалықтары,  егін, күнбағыс егетін Виктор Бек­кер басқаратын  «Покровка» серіктестігі және 7 кәсіпкер жұмыс жасайды. Ауылдықтардың көбі осы Беккердің қарауында және орман шаруашылығында еңбек етуде. Егістік алдындағы жер өңдеу, химиялық жолмен арам шөптерді отау, уақытымен тұқым себу, күзгі жиын-терін бәрінде де қол күші қажет. Былтыр ауылдық аумаққа қарасты ауылдарда 120 түп қарағай,160 түп қайың мен терек ағаштары отырғызылыпты. Жуырда болған  ауыл әкімінің тұр­­ғындар алдындағы есебіне кел­­ген ауданның тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ризабек Мадин  жолдардың жөнделетінін, қар басқан жолдардың тазартылатынын айтып кетіпті. Ел аман болсын, қызым, ел­­мен бірге  ауылда қарайып жүрген біздер де аман болайық. Ауылдан ел кетпесін. Қорған бо­лып біз қалдық. Сіздер де біз­ді ұмытып кетпеңіздер, деді қош­тасарда Мүгілсім апай. Біздер  де шалғайдағы Тегістікке ауылың сенің іргелі, қайта айналып келгенше дедік. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Қашыр ауылы.