Петропавлда Ұлттық ұлан әскери институтының курсанттары қала көшелерін патрульдеу барысында өртенген жылу трассасының коллекторынан екі адамды құтқарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға Петропавлда 5 қараша күні сағат 20.00 шамасында болған. Чайковский көшесінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жауынгерлік қызмет атқарып жүрген патрульдік топтың бастығы Нұрым Байбек пен қатардағы жауынгерлер Даниел Скрипинец, Олжабек Сабырбаев 2-ші емхананың жанындағы жылу трассасының коллекторынан түтін шыққанын байқаған. Көрші әскери нарядпен бірге олар дереу өрт шыққан жерге жетеді.
«Жылу трассасының коллекторында адамдар болған. Әскери институт курсанттары бірден іске кірісіп, жанып жатқан бөлмеден әйел мен ер адамды алып шықты. Осыдан кейін жылу трассасының коллекторының ішіндегі газ баллоны жарылды», дейді ҚР Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылығының қоғаммен байланыс жөніндегі офицері Мұратбек Арыстанбаев.
Әскери наряд аумақты бірден қоршауға алып, оқиға орнына арнайы қызметтер – 101, 102, 103-ті шақырды. Жедел жәрдем қызметі күйік алған екі адамға медициналық көмек көрсетті.